Атырауда "Жошы Ұлысы және Сарайшық" тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция басталды, - деп хабарлайды Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Конференцияға Түркия, Германия, Ресей, Қытайдан ғалымдар келді. Қазақстандық белгілі ғалымдар да қатысуда. Конференцияның басты мақсаты - Еуразия аумағында болған ортағасырлық алпауыт мемлекет - Жошы Ұлысы тарихының беймәлім парақтарымен танысу.
ҚР ҰҒА академигі, "Рухани жаңғыру" гуманитарлық зерттеулер институтының басшысы Хангелді Абжанов шараның маңыздылығына тоқталды. Бұл - Жошы Ұлысы (Алтын Орда) мемлекетінің қазіргі Қазақстан тарихындағы рөліне маңыз беруге жол ашады.
Атырауда өтіп жатқан халықаралық конференция Алтын Орданың мерейлі жылына арналған шаралардың бірі. Қазақстан халқына Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын Орданың 750 жылдығы аталып өтілетінін айтқан болатын. Одан бұрын "Ұлытау-2019" халықаралық туристік форумында сөйлеген сөзінде: "Ұлытау - ұлтымыздың алтын бесігі, тағылымды тарихымыздың куәсі" деп атап өтті.
Мемлекет басшысы Алтын Орданың негізін қалаған Жошы ханның тарихи рөлін де ерекше атаған еді.
Ғалымдар, тарих зерттеушілері Алтын орда кезеңінің Қазақстан тарихындағы орны туралы, зерттелуі, тарихи маңызы туралы айтты. Қазақстан аумағында Алтын Ордамен байланысты жазба дереккөздер мен мәдени ескерткіштер аз емес. Алтын Орда астаналарының бірі болған, Тоқта, Әз-Жәнібек, Жәнібек, Қасым хандар жерленген Сарайшық қаласын да ерекше атап өтуге болады.
Халықаралық конференцияға қатысушыларды қарсылаған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев мұндай кездесулер тарихты тануға жаңа серпін беретініне тоқталды.
-Біз бүгінге дейін әртүрлі себептермен көпшілікке белгісіз болып келген деректерді білуіміз керек. Бұл осы және басқа да тарихи оқиғаларға жан-жақты қарауымызға, геосаяси кеңістіктегі процестерді түсінуге жол ашады. Соларды түсіну арқылы еліміздің дамуына негіз болатын маңызды шешімдерді қабылдауымызға мүмкіндік береді, - деді Нұрлан Ноғаев.
Қазақстандық және шетелдік зерттеушілер ұзақ жылдар бойы әртүрлі мемлекеттердегі музейлер мен архивтерде сақталған тарихи құжаттармен бөлісті. Конференцияға қатысушы студенттер мен оқытушылар жаңа заман көзқарасымен қарай отырып, тарихи деректерді зерделейтін құнды ақпараттар алды.
Өңірлік коммуникациялар қызметі
Сурет:ӨҚК