Өмірінің елеулі бөлігін Жайық бойында өткізсе де, Айсұлу апаның кіндік қаны тамған жері «Қақпақты қара қазан» атанған Қызылқоға топырағы.
Жантөриева Айсұлу Бисенқызы 1956 ақпан айында Гурьев облысы, Қызылқоға ауданы, Мұқыр ауылында қарапайым отбасында өмірге келген. 1962 жылы Мұқыр орта мектебіне оқуға барып, сол мектепті 1972 жылы ойдағыдай аяқтады.
Алғаш еңбек жолын «Гурьев» асыл тұқымды қаракөл қой зауытында қарапайым жұмысшы болып бастайды.
1973-1974 ж.ж. Гурьев кооперативтік училищесіне оқуға түсіп, «аралас тауарлар сатушысы» мамандығын алып шығады. Осы мамандықты игергеннен кейін 1975 жылы Мұқыр совхоз ракобына көмекші сатушы болып жұмыс жасап жүріп, сырттай оқуға тапсырып, әрі қарай жұмыс жасады.
1975-1977 ж.ж. Гурьев облыстық Ішкі Істер бөлімінде паспартиска жұмыс жасап жүріп, Жарылғасын есімді азаматпен танысып, отбасын құрады. 1979 жылы отбасы жағдайымен Гурьев облысы, Махамбет ауданы, Алмалы селосына көшіп келіп, «Гурьев овощ-сүт» совхозына егінші болып еңбек етті. Кеңес Үкіметі кезінде қайда жұмсаса да тартынбай кассир, контролер, зовхоз т.б. жұмыстарды абыройлы атқара білді. Осы аталған қызметтердің бәрінде де ол кісі зор абырой мен бедел биігінен көрінді.
1986 жылдан бастап қоғамымыздың даму процесінде ұлы өзгерістер болып, саяси-экономикалық реформалар жүргізілгенін, мемлекеттік, құрылым өзгеріп, Одақ жойылып, КПСС таратылғаны баршамызға мәлім. Нарықтық экономикаға көшуге байланысты көптеген қиындықтар, тауардың, азық-түліктің тапшылығы олардың бағасының шектен тыс өсіп кетуі елдің әл-ауқатын, дәрежесін төмендетіп жібергені шындық. Ауыл халқы осындай күрделі кезеңді бастан кешіре отырып, барынша төзімділік көрсетіп, іс-әрекет жасады. Осындай кезеңде де еңбектен қол үзбей түрлі шаруашылықтарда егінші болып еңбек ете жүріп, тәжірибе жинады, шыңдалды.
Жарылғасын екеуі екі ұл, екі қызды өмірге әкеліп, оларға тәрбие беріп, жоғары білім алып, өмірден өз орындарын табуына демеу жасады. Алайда балалары ержетіп, көрер қызығы көбейген сәтте отбасының тірегі отағасы, 2002 жылы өмірден озды. Сұм тағдырдың бұл сынағына сынбай әрмен қарай балалары үшін өмір сүрді. Балаларын жеткізу үшін тынымсыз еңбек етуге тура келді.
Жолдасы өмірден озған соң 2002 жылдан бастап, Алмалы селолық округіне әлеуметтік қызметкер болып жұмысқа орналасып, 2015 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін үздіксіз абыройлы еңбек етті. Әлеуметтік саланың қиындығы мен қызығы қабат жүретін кәсіп, мүмкіндігі шектеулі, жалғызілікті жандармен жұмыс жасап, олардың көңіл күйлерін қадағалап, жағдайын жасауда оңай шаруа емес. Демек әлеуметтік қызмет кез келген адамнан темірдей төзімділік пен ізгілікті талап етеді. Міне, осы сыннан сүрінбей өткендер ғана ұзақ еңбек ете алады. Біздің Айсұлу апа сондай кішіпейіл, қамқорлығы мол, жүрегі мейірім мен махамббатқа толы жан. Айсұлу апа осындай абыройлы еңбегінің арқасында, бүгінде ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, өрісі кеңейіп, жапырағы жайқалған мәуелі бәйтерек. Олардан 9 немере, 3 жиен сүйіп отырған ардақты әже. Ұл қыздарының төртеуі де жоғары білім алып, қоғамның әр саласында абыройлы еңбек етуде. Айсұлу апа, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп, осы өңірде тумаса да 1979-2015 жылдар аралығында Махамбет ауданы, Алмалы селосындағы әрбір салада, әрбір шаруашылықта қарапайым еңбегінің өзіндік ізі қалды. Ол өз сөзінде, осы өңірдің гүлденіп көркеюіне өз үлесін қосқаны үшін риза. Екі жүйенің де сынынан сүрінбей өтіп, тәуелсіздікке қол жеткіздік, куәсі болдық. О, тәубе бергеніңе шүкір!-дейді.
Еңбек еткен уақыттарында қоғамдық, мәдени көпшілік шараларға белсене араласып, облыс, аудан, ауыл әкімдерінің алғыс хаттары мен түрлі дәрежедегі номинациялар мен дипломдармен марапатталған. Біздің Айсұлу апа бақытын еңбектен тапқан жан десек, артық айтқандық емес.
Қанатова Бақтыгүл, Алмалы ауылдық
округінің әлеуметтік қызметкері