Алма бағын жайқалтқан бағбан

«Асқақ Алатаудың баурайы алма мен қызғалдақтың «тарихи отаны» екені ғылыми тұрғыда дәлелденген» деп Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында айтылса да, жазы ыстық, қысы ызғарлы Атырау өңірінде де алма бағын жайқалтып отырғандар бар.

Солардың бірі – махамбеттік Қайрат Сәрсенов. Ол 2017 жылы мемлекеттік бағдарлама арқылы қайтарымсыз қаржы алып, 200 түп алма ағашын отырғызып, қазіргі күні жемісін жеп отыр.

Қайрат Сәрсенов осыдан 10 жыл бұрын Мақат ауданынан көшіп келіп, ауылды көгалдандыруды, жеміс ағаштарын отырғызуды қолға алды. Алдымен ауласына 80 түп жеміс ағашын отырғызған оған сенбестікпен миығынан күле қарағандар болды. Себебі орналасқан жердің топырағы сазды, өте қатты еді. Бірақ табандылығы мен еңбекқорлығының арқасында 8 түрлі жеміс ағашын шығарып, бүгінгі күні бейнетінің зейнетін көріп отырған жайы бар. Ал 2017 жылы жергілікті биліктің қолдауымен аудан орталығынан жер алып, алма бағын ашты. Оған «Али-Мұхамед» алма бағы деп ұлдарының бірінің есімін берді. Қазіргі таңда ұлдары әкелеріне қолғабыс етуге жарап қалған. Біз барған уақытта да кішкентай балақайлар шөп жұлып, жер қопарып жатқан-ды.

qairat12721

- «Шұғыла» мөлтек ауданындағы Жасыл белдеуден осы жерді алып беруге сол кездегі аудан әкімі Али-Мұхаммед Құттымұратұлының көп көмегі тиді. Содан кейін осы жерге 200 түп алма ағашын отырғызған болатынмын. Қазіргі таңда өзімнің ұлдарымды еңбекке баулып,ағаштарды күтіп-баптаумен айналысудамыз. Алма ағаштары жемістерін де беріп жатыр,- дейді бағбан.

Сондай-ақ, ауласына алма, алмұрт, өрік,шабдалы, шие, алша, тіпті тұт ағашын да өсіріп шығарған Қайрат Сәрсенов алма бағын жайқалту үшін үкіметтен қолдау күтеді. Себебі жан-жағы темір тормен қоршалған бақты кез келген адам бұзып кіріп жайпап кетуі мүмкін. Бағбанның өзі де соңғы кездері енді жетіліп келе жатқан жеміс ағаштарының сынып, жемістерінің қолды болатынын айтады. Бір қыз, алты ұлдың әкесі өз қолымен отырғызған ағаштардың жайқалып өсіп, ауданның экономикасына титтей де болсын үлесін қосқысы бар.

- Жас ұрпақты, өзімнің ұлдарымды еңбекке баулып, өсірген жеміс ағаштарының жемісін жегелі жатқан жайымыз бар. Сондықтан да бүкіл отандастарымызға, ауданымыздың тұрғындарына «Тал егіңіздер, еліміздің көркеюіне атсалысып, келешек ұрпақты еңбекке баулыңыздар» дегім келеді. «Жүрген жерімде көршілерге, ағайын-туыстарға «әуелі ағаш отырғызыңдар, оны күтіндер, баптаңдар» деп насихат қыламын,- дейді Қ.Сәрсенов.

baq12721

Жеміс өсіру шаруашылығында алма сортының ерекше маңызы бар. Сондықтан бау ағаштарын еккенде ең әуелі сорттарды дұрыстап таңдап алуға ерекше назар аудару қажет екен. Мәселен, Қайрат Сәрсенов бүгінде алманың 4 түрін өсіріп жатқанын айтады. Махамбеттік бағбан бақ өнімін отбасы игілігіне айналдырып, табиғат берген сыйдың қадірін ұғынуды балаларына айтып, ұрпағына ұлықтауды мақсат етіп отыр.

Қ.БАҒЫТ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT