Алғалық түлектердің туған жерге тартуы.
Алға орта мектебін бітіргендеріне 20 жыл болған түлектер туған ауылдарына кіші аяқ допқа арналған спорт алаңын тарту етті.
Жасанды төсеніш төселген ашық алаңды ауызбіршілігі жарасқан жастар өз қаражаттарына салып берген. "Туған жерге сыйымыз" атты шараның ашылу салтанатында сөз алған ауыл әкімі Расул Мусин:
- Облысымызда карантиндік шектеулердің әлі де сақталу қажеттігіне байланысты бұл шараны үлкен көлемде өткізе алмай отырмыз. Бірақ осындай қайырымдылық шараларын өткізе отыра, өзгелерге үлгі көрсетіліп жатқанын есте сақтау керек. Спорт алаңын тарту еткен 2000 жылғы түлектерге ауыл тұрғындары атынан рахметімді айтқым келеді. Сонымен қатар мектеп бітіргендеріне 10 жыл болған түлектер ауылымызда түрлі шаралар өткізуге арналған киіз үйді сыйлады. Оларға да алғысымызды айтамыз.Ауылымызда спорттың волейбол түрі жақсы деңгейде, өзім де осы спортты жаныма серік еткенмін. Енді алдағы уақытта жоғары шеберлігімен футболшылар да жоғары дәрежелерге жетеді деген сенімдемін. Бұл нысанның құжаттары толық дайын болғаннан кейін әкімшіліктің балансына өтетін болады.
Шара барысында аудандық спорт бөлімінің басшысы Е.Андашев, ауыл ақсақалы Т.Ұзақбаев, ардагерлер кеңесінің төрағасы Н.Жұмалиев, сынып жетекшілері Сақи Махамбетұлы, Айдын Құсиынұлы сөз алып, ізгі тілектерін арнады. Спорт алаңының лентасын қию ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрлан Жұмалиев пен 2000 жылғы түлектер атынан Самалбек Баламановқа бұйырды.
Айдос Смағұлов, Алға орта мектебінің 2000 жылғы түлегі:
- Сыныптастармен ақылдасып, алғашында ауылды аз қамтылған, үйге мұқтаж отбасы болса, үй салып береміз деген ойымыз болған. Бірақ кейін жоспарымызды өзгертіп, ауылға ашық спорт алаңын салып берейік деген шешімге келдік. Осы наурыз айында құрылысы басталып, бүгін міне, керемет жасыл төсеніш төселген спорт алаңын пайдалануға беріп отырмыз. Игі істе басымыз біріккен кезде, ұйымшылдық танытқан барлығына алғысымды айтқым келеді. Ауылымыздан ел намысын қорғайтын спортшыларымыз шығуына тілектеспін.
Сонымен қатар түлектер өз ауылына деген сағыныштарын білдіре отырып, "Ауылым", "Бірге бәріміз" әндерін шырқады.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ