Елорданың 20 жылдық мерекесі қарсаңында алғалықтар қуанышты сәттің куәгері болды.
Саналы ғұмырын білім саласына арнаған, өз заманында ауданның атағын аспандатқан, еліміз бойынша алғашқы болып «КСРО халық мұғалімі» атағын алған, ардақты ұстаз Құсиын Айтқалиұлына «Атырау облысының Құрметті азаматы» атағы табыс етілді.
-Құсиын ағамыз 1930 жылы Алға ауылында дүниеге келіп, 1948 жылы Жамбыл атындағы орта мектепті тәмамдаған. 1952-54 жылдары Гурьев қаласында екі жылдық мұғалімдер даярлайтын институтқа түсіп, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын алып шығады. Еңбек жолын 1954 жылы Құлтай орта мектебінде бастайды. Содан бері қарайғы өмір жолында көптеген лауазымды қызметтер атқарды. Одақ бо- йынша алғашқы 5 адамның бірі болып «КСРО халық мұғалімі» атағын иемденді. Білім беру саласы қызметкерлерінің, ауыл халқының әлеуметтік ахуалын жақсарту жолындағы сіңірген еңбегі үшін ағамызға 1999 жылы «Махамбет ауданының Құрметті азаматы» атағы табысталған болатын. Құсиын ағаның ел үшін еткен еңбегі омырауындағы жарқырап тұрған орден – медальдардан-ақ көрініп тұр емес пе?! Өзінен озған шәкірт тәрбиелеген шебер ұстаздың аты «Аңыз адам» болып, өңір тарихында алтын әріптермен жазылып тұрғаны біз үшін зор мақтаныш, – деген аудан әкімі Жәрдемғали Бахуұлы одан әрі сөз кезегін Атырау облыстық мәслихатының хатшысы Өмірзақ Зиноллаұлына ұсынды.
Бүгін сіздердің алдарыңызға облыс әкімі Нұрлан Асқар- ұлының тапсырмасы бойынша, еліміздің мақтанышы, ұстаздардың ұстазы Құсиын ағамызға жақында өткен облыстық мәслихаттың ше- шімімен бекітілген «Атырау облысының Құрметті азаматы» атағын табыстау үшін келіп отырмыз. Қазақта мынадай бір жақсы сөз бар. «Ұстазыңды атаңнан да әзиз тұт». Бұл ұстазыңды атаңнан да жоғары бағала, қадірле деген ұғымды білдіріп тұр. Бәрімізде ұстаздардың алдында шәкіртпіз, бәрімізде бас иеміз. Құсиын ағамыздың қазақ тілі мен әдебиетін дамытуға қосқан үлесі орасан. Оның қолынан шыққан оқу әдістемелік құралдардың бәрі де қазір қолданыста жүр. Еңбегін ел мойындады. Енді ағамызға «Атырау облысының Құрметті азаматы» атағын табыстауға рұқсат етіңіздер, – деді Өмірзақ Зиноллаұлы.
Атырау облысы мәсли- хатының хатшысы Өмірзақ Зинуллин, облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев, және аудан әкімі Жәрдемғали Ахметов ұстаздың төсіне төсбелгісін тағып, куәлігін табыс етті. Атырау облысы әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев алғалықтарды облыс әкімі Н.Ноғаевтың атынан Аста- наның 20 жылдығымен және бүгінгі қуанышты сәтпен құттықтап, елге келгенде маңдайымызды тіреп, ат басын бұрып, амандасып шығатын абыз ағаларымыз аман отыра берсін, – деген тілегін жеткізді. Облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Мұрат Сақтайұлы өзінің де Құсиын Айтқалиұлынан білім алғанын, алғалықтардың әрқашан ұлы ұстазды мақтан тұтатынын айта келе: -Бүгінгі алған атағыңыз сіздің туған жеріңіздің батыры екеніңізді білдіреді. Батыр атағыңыз құтты болсын! - деген жүрекжарды лебізін білдірді. Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов, Алға ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеген Ұзақбай, ағаның замандас досы, «Алға» халықтық театрының негізін қалаушы Махамбет Оңдағани ағаларымыз да Құсиын ағамен бірге өткізген жылдарынан сыр шертіп, құттықтау тілектерін жолдады. Құсиын ағаның ұлы Айдын Айтқали да бүгінгі тарихи сәт үшін қуанышты екенін білдіріп, ұрпақтары атынан алғысын жеткізді. Шараны қорытындылаған аудан әкімі Жәрдемғали Бахуұлы Құсиын аға қалдырған ұстаздық жолды жалғастыра білу және «Алға» халықтық театрының жұмысын жандандыру алғалықтар үшін үлкен сын әрі тапсырма екенін айтты.