Акция аясында 40 тонна қоқыс шығарылды

Аудан әкімдігінің «Аудан елді мекендерінің санитарлық жай- күйі мен көріктендірілуі және сумен жабдықтау объектілерінің жазғы-қысқы маусымға дайындығы байқауын өткізу туралы» қабылданған қаулысына сәйкес көктем-күз айлары санитарлық тазалық, көркейту және көгалдандыру айлығы болып жа­рияланды.

Күзгі санитарлық тазалық айлығы аясында қыркүйек айының 7,14,28 күндері және қазанның 5-іне дейін төрт сенбілік өткізу жоспарланды. Ауылдық округ әкімдігінің іс-шаралар жоспарына сәйкес мекемелерді аймақтарға бөліп, ондағы иесіз жатқан қатты тұрмыстық қалдықтар, бүлінген аймақтар қоқыстардан тазартылатын болады. Сонымен бірге, саябақтарға жасыл-желектер отырғызу жұмыстары атқарылып, әрбір сенбілікте атқарылған жұмыстар штаб отырыстарында талқыланады.

Ауылдық округ бойынша елді мекендер айналасындағы иесіз қоқыстарды, қатты тұрмыстық қалдықтар төгетін орын айналасын арнайы техникамен ай сайын таза­лау және ескі қоқыс төгетін орынның шұңқырларын тазалап, бетін топырақпен көму жұмыстарын «Нұр Адай» ЖК атқарып отыр. Аталған мекемеге ауданның коммуналдық техникалары сенімгерлік басқаруға берілген. Былтырғы жылы Махам­бет ауылдық округіне 136 дана евро контейнер сатып алынып, берілді. «Аудандық құрылыс, сәулет және қалақұрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің тапсырысымен округі аумағына қоқыс контейнерлеріне арналған 34 дана алаң құрылысы салынып, осы айда пайдалануға беріледі.

Сонымен қатар, аудан әкімінің республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының іс-шара жоспарын бекіту туралы» өкімі бекітілді. Ағымдағы жылдың 27 сәуірінде республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталып, әр апта сайын сенбілік жалғасып жатыр. Аудан бойынша акцияға мекеме қызметкерлері, қоғамдық қызметкерлер және «Жа­сыл ел» жастар еңбек жасағының сарбаздары барлығы 750 адам атса­лысып, 4 техника жұмылдырылды. Мекеме айналасындағы, саябақ, ойын алаңдары мен жол жиегіндегі, ауыл ішіндегі шөптерден тазарту, қыру, ауылдың ішін және сыртын, тас жол айналасы, жағалауларды тазалау жұмыстары жүргізіліп, 40 тонна қоқыс шығарылды.

Ауыл тұрғындарына және кәсіпкерлік нысандарға ескерту хат­тар таратылып, соның нәтижесінде әр мекеме айналасын тазалап, әр үй айналасын шөптерден тазалап жинап қою жұмыстарын жүргізіп отыр. Жиналған шөптерді және ағаштардың кесіндісі тракторлар­мен шығарылуда. Жайық жағасы кесілген ағаштардан тазартылды. Учаскелік полицейлермен рейдтер ұйымдастырылып, ҚР ӘҚБ-тың 505- бабы бойынша көшелеріне құрылыс материалдарын төккен (тас, щебень, құм, топырақ) тұрғындарға ескерту­лер беріліп, құрылыс материалдары алынды. Айта кететін тағы бір жайт, қоқыс контейнерлеріне қоқыстарын жеткізбей төгу, контейнердің сыр­тына тастап кету фактілері азай­май отыр. Онымен қоса ауыл ішінде сиыр малын бақылаусыз жіберуі қоқыс қалдықтарының шашылуына себеп болуда. Осы бойынша рейдте анықталған, 4 тұрғынға айыппұл са­лынды. Тұрғындардан ауыл ішіндегі малын бақылауда ұстауын сұраймыз.

Аудан бойынша қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға, тасымалдауға, сұрыптауға және көмуге аудандық мәслихаттың шешімімен қатты тұрмыстық қалдықтардың тарифі бекітілді. Онда 1 тұрғынға айына жайлы үйлер үшін– 265,40 теңге, жайлы емес үйлер үшін 285,06 теңге және бір бөлігіне (көлеміне) жылдық тариф 1965,93 теңге болып белгіленген. Болашақта тұрғындар шығарылған қоқыс қалдықтары үшін тазалықпен айналысатын мекемеге ақша төлейтін болады. Қоғамдық келісім-шарт «Жайық шұғыласы» газетіне жарияланады.

Атырау облысының елді мекендерін көгалдандыру мен жа­сыл аймақтар құрудың 2021-2025 жылдарға арналған Өңірлік жоспа­рына сәйкес, биылғы жылы 1000 дана ағаш отырғызу жоспарлануда. «Қожан» кен орны мекемесінің демеушілік көмегімен «Танайс» кафесінің артындағы қоршалған орынға тамшылату әдісі арқылы су желісін жүргізіп, ағаш отырғызу арқылы 3 жылдық күтім жасауға келісім-шарт жасақталды. Мердігері «Тунгус» ЖШС бұл жұмыстарды қыркүйек –қазан айларында іске асырмақ.

Н.САПАРОВ,

Махамбет ауылдық округі әкімі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT