АҚПАРАТТЫҚ ТОП АУЫЛДАРДЫ АРАЛАДЫ

Аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен аудандық ақпараттық түсіндіру тобының өкілдері Махамбет ауылына қарасты мекемелер мен білім беру ұйымдарын аралап, жиын өткізді.

Алғашқы кездесу жиыны «ҚазақГазАймақ» акционерлік қоғамының аудандық бөлімшесінің ұжымымен өтті. Аталмыш мекеменің басшы­сы Аслан Сапаров пен қызметкерлері жиын барысында өзі пікірлерін білдіріп, ақпараттық топтың жұмысын қолдайтындықтарын жеткізді. «Жәрдем-Атырау» корпоративтік қорының теолог маманы Нұрбек Махмудұлы да өз кезегінде «Әлеуметтік желі адастырмасын ...» атты тақырыпқа сай баяндамасын оқып, түсінік жұмыстарын жүргізді.

– Бүгінде, жасыратыны жоқ, әлеуметтік желінің пайдасы мен зиянын қатар көріп отыр­мыз. Көбіне жастарымыз осы желідегі жалған ақпараттың құрбанына айналып жатады. Әсіресе, ғаламтордың жетістігі мен қолжетімділігін дәстүрлі емес діни ағымдар өз пайдаларына қолдануда. Экстремистік және террористік ұйымдардың халыққа ақпарат арқылы әсер етуді кеңінен қолдануы олардың қызметінің ажыра­мас бөлігіне айналды. Әлеуметтік желінің іздеу жүйесінде «ислам» сөзін терсеңіз, экстремистік мазмұндағы жүздеген бейнероликтер, оның ішінде деструктивті қозғалыс жетекшілерінің бейне хабарламаларына тап боласыз. Дін туралы ақпаратты әлеуметтік желілерден іздеу көбінесе деструктивті діни ағым өкілдерінің тұзағына түсу арқылы ҚР кей заңнамаларын бұзуға алып бара­ды. Сондықтан жасөспірім ұл-қыздарыңыздың қандай сайттарға тіркелгенін жиі бақылап жүрген дұрыс. Діннің атын жамылып, түрлі экстремистік топтардың қатарын толтыруды көздегендердің арам пиғылына алданып қалмау үшін де ішкі тұрақтылық пен ауызбіршілік маңызды. Бала тәрбиесінде ең алдымен ата-ана діни көзқарасын дұрыстап, сауаттылығын арттыруы керек. Ұл- қызыңыз рухани әңгімені сырттан емес, өз ата- анасынан, жақындарынан тыңдағаны дұрыс. Тіпті болмаса, дұрыс бағыт көрсету үшін мешіттегі имамның, теолог мамандардың көмегіне жүгіну де әбестікке жатпайды,-деді жиын барысында те­олог маман Н.Махмудұлы.

Елімізде радикалды діни топтардың түрлі айла- тәсілдерді қолдану арқылы отандастарымызды өз қатарларына тарту фактілері тіркеліп отырғанын жоққа шығара алмаймыз. Олардың 55% 29 жасқа дейінгі адамдар, 35% – 30-39 жас аралығында, ал 10% – 40 жастан асқан ел азаматтары екені анықталып отыр. Сонымен қатар, желі арқылы желдей есіп жүретін хабарламаларды тарату, лайк, репост немесе комментарий білдіру- дің өзі заң бұзушылықтарға алып баратынын да ескер­ген жөн. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық тура­лы Кодексінің 453 және 490-баптары негізінде экстремистік ұйымдарға қатысты ақпараттарды тарату, жарнамалауға айыппұл да салынады.

Есбол орта мектебінде өткен 9-11 сынып аралығындағы оқушылармен кездесу ба­рысында ақпараттық түсіндіру тобының өкілдері осы тақырыпты кеңінен талқылады. Әсіресе, үлкен өмірге қадам басқалы отырған түлектерге құлаққағыс ретінде біраз ақпараттар берілді. Оның ішінде ораза ұстау, намаз оқу сынды мұсылмандық парызды өтей жүріп, мектептегі сабаққа, қоғамдық жұмыстарға ен­жар қарауға болмайтыны да ескертілді. Теолог Н.Махмудұлы жастарға қазірден бастап өзің үшін жауапкершілік ала білу, сенімді ортаны, досты таңдай білу, маңызды шешім қабылдауда ата-ана мен ұстаздың ақылын ескеру адамды адасудан сақтайтынын айтты.

Осы ретте Есбол орта мектебінің директо­ры Әлібек Қалыбайұлы да өз кезегінде жиын­ды ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, оқушылардың білімді, әрі жан-жақты болуы үшін мектеп қабырғасындағы тәрбиенің де маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

- Шағын мектеп болғанымен, Есбол ауылының, қала берді облыстың атын шығарған біраз мықты тұлғалар осы білім ордасынан тәрбиеленіп шыққан. Бүгінде мектебімізде білім деңгейі жақсы. Алдағы ұлттық бірыңғай тестілеуге де үлкен дайындық жасалып жатыр. Оқушыларға рухани жаңғыру бағдарламасы аясында жолындағы ұлттық кодты сақтау ұлттық құндылықтарымызды жоғалтпаудан бастала­тынын жиі айтып отырамыз. Биылғы Прези­дент ұсынған «Адал азамат. Біртұтас тәрбие» бағдарламасы да осы тарихи діңгегімізді жоғалтпай, жаңғыртуға бағытталып отыр. Әрине, дінтану пәні бойынша оқушыларымыз жал­пы әлемдік діндердің шығу тарихымен таны­суда. Әйтсе де, сіздер секілді мамандар арнайы келіп, түсінік жұмыстарын жүргізуін әрдайым қолдаймыз,-деді мектеп басшысы өз сөзінде.

Кездесу Ақжайық ауылындағы Қызылүй орта мектебінде жалғасты. «Теріс ағымдардан қоғамды арылту-жалпыға міндет» тақырыбындағы жиын­да мамандар оқушыларға ислам тарихы туралы да құнды мәліметтерді жеткізді.

– Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы ислам дінін ұлттық болмысымен үйлестіріп, асыл қазына ретінде ұрпақтан-ұрпаққа аманаттап жеткізді. Олар шариғи үкімдерде – Ханафи мәзһабын, сенім мәселелерінде – Матуриди ақидасын берік ұстанды. Бұл қос негіз халқымыздың рухани өзегіне айналып, ұрпақты сабырға, байыптылыққа, асыл дінімізді құрметтеуге және оны терең түсінуге тәрбиеледі. Ислам діні адамзат бала­сын бейбітшілікке, әділеттілікке және өзгелерді құрметтеуге шақыратын ұлы дін. «Ислам» сөзі араб тілінде «бейбітшілік», «мойынсұну» деген мағыналарды білдіреді. Бұл діннің басты мақсаты – қоғамда бірлік пен тыныштықты сақтау. Алай­да исламның осы ізгі құндылықтарын бұрмалап, өз мүдделері үшін пайдаланатын жат ағымдардың болуы діннің шынайы бейнесіне көлеңке түсіреді. Ислам тарихында әр ғасырда көрініс тапқандай жаңа дәуірде де бірнеше ағымдар пайда болды. Соның ішінде уаһһабилік, сәләфилік, хизбут тахрир, такфириттер ағымы ислам әлеміне орны толмас залалын тигізді,-деп Нұрбек Махмудұлы елімізде ғана емес, бүкіл әлемде бүлік туды­рып отырған жат сенім өкілдерінің қарапайым халықты қылмыстық топтың құрамына қосып алып жатқаны да ақиқат екенін айтты. Осы рет­те Қызылүй орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі Серік Құмарұлы теолог маманға: «үлкен өмірге қадам басқалы отырған жас түлектер мен оқушылар жат ағым өкілдерін ажырата білу үшін қандай қағидаларды ескерген жөн?» деген сауал қойды.

– Рухани бірлікті бұзу, жат ағымдардың ең ал­дымен көздейтін мақсаты - қоғамдағы ғасырлар бойы қалыптасқан рухани тұтастықты бұзу бо­лады. Одан кейін, ата дініміз ислам отбасыны – қоғамның тірегі, адамзаттың тәрбиесі бастала­тын киелі ұя деп сипаттайды. Ал жат ағымдардың идеологиясы осы ұяны ыдыратуға, ата-ананы сыйламауға, бауырдан безуге итермелейді. Жат ағымға ерген жастар ата-анасын айыптап, олар­мен тілдесуді де доғарып жатады. Бұл – дінімізде тыйым салынған ең ауыр күнәлардан болып саналады. Үшіншіден, ұлттық құндылықтарды жоққа шығару. Ұлтты – ұлт ететін тіл мен дін болса, оны ұстап тұрған – дәстүр мен руханият екенін ескергеніміз жөн. Төртіншіден, өздеріне қосылмағандарды қолдамау, адасушылықпен ай­ыптау. Яғни, жат ағым өкілдерінің айқын сипа­ты – өздерінен басқа барлық мұсылмандарды адасқан деп санауы. Олар өз тобына кірмегендерді «хақ жолында емес», «бидғатшы» деп айыптап, рухани және әлеуметтік түрде шеттетуге тыры­сады. Сонымен қатар, мемлекеттік жүйені қабыл етпейді. Олар қазіргі мемлекеттік құрылымды, оның заңдарын, рәміздерін түгелдей жоққа шығару арқылы да өз пиғылдарын білдіріп жата­ды. Тағы бір ескеретін дүние кей жерлерде мешіт имамдарына қарсы насихат жүргізеді. Өздеріне жақтас жинау үшін, өз сенімін насихаттау үшін көбіне мешіт имамдарына қарсы теріс пікір та­ратып, алауыздық тудырады. Міне, осындай айқын белгілерін байқағанда сіз ол адамдардың, топтың дәстүрлі дінімізден алшақ түсінікте екеніне біртіндеп көз жеткізе аласыз,-деп жауап берді «Жәрдем-Атырау» корпоративтік қорының теологі Н.Махмудұлы. Жиын соңында мектеп әкімшілігі оқушылар үшін мұндай кездесулердің маңызыдылығын айтып, ақпараттық топ өкілдеріне алғысын білдірді.

А.САТАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT