Айқын мақсат жолында

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог-Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын кеңінен насихаттау мақсатында Сарайшық ауылына арнайы ат басын бұрған Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму вице министрі Данияр Нұрашұлы Есин Жолдаудың тақырыбы меңзеп тұрғанындай, негізгі міндет- «азаматтардың сындарлы өтініш-тілектерін жедел, әрі тиімді қарастыратын халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру-бәрімізге ортақ міндет екендігіне ерекше тоқталып, бұқара мен билік арасын жақындата түсуге мүдделілік танытатынын айтты.

Жолдаудың тараулары бойынша кеңінен түсіндіріп, алда тұрған міндеттерді саралады.

-Қоғамды толғандырып отырған негізгі мәселелер көшеде емес, Парламентте және азаматтық диалог аясында талқыланып, шешімін табуы тиіс,-деген Президент сөзі демократиялық үрдістердің жаңаша сипат алуына септігін тигізіп отыр,-деді астаналық мейман сөзін одан әрі сабақтап. Қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтаждарына жедел назар аудару-мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары саналады. Осыған орай, Президент Әкімшілігінде азаматтардан келіп түскен өтініштерді мемлекеттік органдардың сапалы қарауын қадағалап, жедел шаралар қабылдайтын бөлім құрылды.

Қоғамдық келісімді нығайту-бұрынғыша негізгі басымдықтарымыздың бірі болып қала береді. Өйткені әлеуметтік және этникалық топтар арасындағы келісім-бүкіл қоғамның бірлескен еңбегінің нәтижесі. Осыған орай, саяси үрдістерді саралап, бірлігімізді нығайта түсу үшін нақты шаралар қабылдау қажет. Қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеп, этносаралық татулық пен дінаралық түсіністікті қалыптастыра беруіміз қажет.

sarai238b2

Бұдан әрі астаналық мәртебелі мейман белсенді азаматтық қоғам құру үшін үкіметтік емес ұйымдардың беделін көтеру «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын одан әрі жалғастыру жөніндегі ойларымен бөлісті. Ол үшін жақын арада Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеп, қабылдау жөніндегі Президент тапсырмасын жүзеге асырудың маңызы зор. Келер жылы аталып өтетін мерейтойлар мен атаулы күндерге дайындықты ерте бастап, оның шын мәнінде рухани көкжиегімізді кеңейтіп, жас ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелейтін тағылымды шара ретінде ел есінде қалатындай етіп өткізуге атсалысуымыз қажет. Теңдессіз ғұлама Әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларының өнегеге толы ғибрат алар жақтары мол болатынына күмән жоқ. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты іс-шараларды іске асырып, сол арқылы тату тірлігіміз бен береке-бірлігімізді бекемдей түскеніміз жөн.

-Еліміздің бюджеті негізгі екі мақсатқа бағытталуы тиіс-экономиканы дамыту және әлеуметтік мәселелерді шешу,-дей келіп лауазымды тұлға Президент Жолдауында айтылған әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңіне тоқталды. Білім беру сапасын жақсарту, оқушыларға кәсіптік бағдар беру, «Дипломмен-ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтіп, ұстаздар жауапкершілігін арттыру,аз қамтылған және көп балалы отбасыларды қолдау үшін Дарынды балалар картасын әзірлеу төңірегіндегі Президент тапсырмасының орындалуын жеделдету бағытындағы жұмыстарға тоқталды.

sarai1

Мемлекет басшысының Жолдауын талқылауға байланысты ұйымдастырылған жиында жарыссөзге шыққан аудандық мәслихаттың депутаты А.Құрманбаев Президент тапсырмасына сәйкес, елді мекендерді абаттандырып, инфрақұрылымдарын жақсартуға ерекше көңіл бөлініп жатқандығына тоқтала келіп, оның жарқын мысалы ретінде Сарайшық ауылы таза ауыз суға қосылғандығы жөнінде жағымды жаңалығын жеткізді. Шағын және орта бизнесті дамыту, оған қолдау көрсету-үнемі Президенттің қадағалауында,-деді сөзін одан әрі жалғаған Асқар Рақымұлы, -осы Жолдауда да кәсіпкерлерді үш жылға дейін салықтан босатуға пәрмен берілген. Бұл шоттап, ақшаға шаққанда қыруар шығын, бюджетке түсетін едәуір салмақ. Соған қарамастан кәсіпкерлер кәсібін дөңгелентіп, аяқтарынан тұрып кетсін деп осындай үлкен тәуекелге барып отыр. Бұл кәсіпкерлер үшін зор мүмкіндік, шынайы қамқорлық деп білемін. Сондай-ақ, мәдениет саласы қызметкерлерінің де жалақылары өсіп, жеңілдікпен берілетін тұрғын үй бағдарламасларына қатысуға қол жеткізулері-рухани тынысымызды аша түскендей болып отыр.

sarai2

-Сөзімнің соңын өзіңіз тікелей жауап беретін ақпарат және қоғамдық келісім министрлігіне бағыттағым келіп отыр. Қазір нарықтық қатынастар заманы болғандықтан жарнамадан көз ашпайтын болдық. Үш минут кино көріп, үш минут кока-коланың жарнамасын көргеннен қандай рухани ләззат аламыз? Ал, әлеуметтік желі бетімен кетті десе де болады. Оның ішінде өтіріктің неше түрі, адамның ар-ожданына тиетін анайы да, тұрпайы сөздер өріп жүреді. Осыған бір тосқауыл қоюға болмай ма?

Жолдауды талқылауға арналған жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары С.Аманшиева астаналық мейманға ауылдастар атынан ризашылық сезімін білдірді.

sarai3

Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму вице министрі Д.Н.Есин «Хан Ордалы Сарайшық» мұражайында болып, ондағы сан ғасырлық тарихы бар көне жәдігерлермен танысып, ежелгі Жібек жолымен жедел «жүріп өтті.»

Н.Ерғалиев

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT