Әбілсейіт Қапизұлының жаңа кітабының тұсауы кесілді

Үлкен ізденістен туған туынды

Сексен жылдағы архив құжаттары тұңғыш рет өлкенің өткен тарихымен байланыстырыла, кешенді зерттеліп, сыни тұрғыдан зерделеніп, Атырау облысын басқарған тұлғалардың өнегелі өмір жолдарынан, тартымды қасиеттері мен көпшілікке беймәлім ерекше қырларынан ақпарат беретін туынды жарық көрді. Қалың оқырман қауымға арналған «Біріншілер» атты кітаптың авторы – профессор, тарих ғылымдарының докторы Әбілсейіт Қапизұлы Мұқтар. «Сарайшық мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында» өткен кітаптың тұсаукесер рәсімінде облыстың белді тарихшылары, өлкетанушалыры, зерттеуші-ғалымдары бас қосты.

b

Зерттеу еңбекте ХХ ғасырдың отызыншы жылдарының соңы мен осы уақытқа дейінгі облыстың басшылығында болған азаматтардың елге сіңірген еңбегі, өмір жолдары жазылған. Осы еңбек арқылы оқырман елге тұтқа болған, олардың облысты басқарған тұстағы атқарған жұмыстарымен толыққанды танысады, кейінгі қызмет баспалдақтарында бағындырған белестері мен жұртының жадында жатталып, елінің есінде сақталған жақсылықтарынан хабардар болады. Атырау облысы мемлекеттік архиві құжаттары негізінде 1938-2020 жылдар аралығындағы Атырау облысын басқарған облыстық партия комитетінің бірінші хатшылары мен әкімдерінің ел алдындағы еңбегі, қоғамдық-саяси қызметі, сол кезеңдегі аймақтың әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани даму сатылары, жетістіктері, басшылық тізгініндегі тындырған істері мен артына қалдырған іздері жан-жақты бағаланып, сараланған.

birinshiler10122020-2

Құнды да тағылымды кітапқа редакторлық жасаған Халықаралық Жазушылар Одағының мүшесі Төлеген Жаңабайұлының айтуынша, ел басқарған тұлғалардың барлығының да еңбегі ескерусіз қалмай, монографиялық туындыға кіріктірілген.

- Облыстың бірінші басшыларының өмір жолын ғана емес, бәрін жан-жақты, жіті зерттеуден өткізіп барып жазылған керемет туынды өмірге келді. Бұл кітапта халыққа жақын болған, ел білетін азамат Нұртас Оңдасыновтың облысты басқарған уақыттағы атқарған қызметі, тұрғындарға жасаған жақсылықтары керемет баяндалған. Оның бер жағында бірер жыл басшы болған Иманғали Тасмағамбетовтың өңір келбетін өзгертіп, үлкен жетістіктерге жеткенін ел білгенмен де, бұл кітапты толық ашып жазылған. Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің Президумының Төрағасы болған Саламат Мұқашевтың да атқарған жұмыстары ескерусіз қалмаған. Ең бір ғажабы, жақында ғана сайланған Махамбет Досмұхамбетовтың да жұмысы қамтылып кеткен. Кітаптың құндылығы – өңір басшыларының жұмысын дәлелдейтіндей тарихи деректердің қоса берілуі. Бұл – кейінгі ұрпаққа қалдырылған үлкен мұра. Егер біз дәл қазір тарихты терең зерттеп, болашақ ұрпаққа қалдырмасақ олардың өткенді еске түсіруі, білуі қиын болары анық. Бүгнігі жарық көрген кітапты Әбілсейіт Қапизұлының үлкен ізденісі деп есептеуге болады,-дейді өлкетанушы Т.Жаңабайұлы.

«Арыс» баспасынан жарық көрген 328 беттен тұратын көлемді кітапқа Мемлекет және қоғам қайраткері Е.Тасқынбаев, Атырау облысының Құрметті азаматы М.Өтешов пен тарих ғылымдарының докторы Ұ.Ахметова пікір жазған. Моноргафиялық туынды төрт тарауға бөлінген. Оның алғашқысы 1938-1991 жылдар аралығындағы Гурьев облысының құрылуы мен дамуыу кезеңдеріндегі облыстық партия комитеті бірінші хатшыларының қызметіне арналса, кейінгісі 1992-2020 жылдардағы тәуелсіз елімізде әкімдік басқару жүйесінің енгізілуі және атыраулық әкімдер турасында өрбісе, үшінші тарауда тұтастай облыс басшылары тарихындағы абыройлы азамат Есен Тасқынбае жайында айтылады, ал соңғы тарау мұрағат құжаттарында сақталған облыс әкімдерінің қызметі турасында өрбиді.

b

Кітаптың тұсауын өлкетанушы Өтепберген Әлімгереев пен ауыл ардагері Ғайнеден Шұғайпов қиды. Тұсаукесер ғылыми кеңес отырысымен жалғасып, музей-қорықты туризм аймағына айналдыру, ағымдағы жылдағы ортағасырлық Сарайшықтағы археологиялық барлау және реставрация және атқарылған ғылыми жұмыстар мен оның нәтижелері жөнінде баяндалды. Сонымен қатар «Сарайшық жәдігерлері», «Ортағасырылқ Сарайшық аумағындағы тарихи ескерткіштері» кітаптарын даярлау бағытындағы жұмыстар бойынша мәлімдеме жасалды.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521