Ағымға ерген наданнан аулақ жүргейсің

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бар ой-санамыз бірінші кезекте әлеуметтік-экономикалық, нарықтық мәселелерге бағытталып, рухани құндылықтарды жаңғыртуға деген ынта-талпынысымыз аз да болсын кешеуілдеді.

Соның салдарынан қоғамда рухани бос кеңістік орын алғаны рас.

Осы тұста жат елдерден келген әр түрлі діни экстремистік идеялы топтар өздерінің саясаттарын ұтымды пайдаланып, сол рухани бос кеңістікті өздерінше толтыруға тырысып бақты. Сондай-ақ еліміздің «Діни-сенім бостандығы туралы» Заңының мүмкіндіктеріне иек артқан шетелдік миссионерлер ел ішіне өз идеологияларының тамырын тереңнен жайып, мейлінше үгіт-насихат жасап үлгерді. Діни экстремизм – ел ішінде алауыздық тудыруды, жеккөрушілік пен дінді саясаттандыруды көздеп, сол арқылы қоғамға кері әсерін тигізетін құбылыс.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев өз сөзінде: «Экстремизм Қазақстанда кең ауқымда пайда бола қоймағанымен, конфессионалдық тұрақсыздықтың бізде де бой көтеруінің белгілі бір қаупі бар. Әрине, егер осы қауіпті өз уақытында сезініп, алдын алмасақ...», - деген болатын. Десек те, бұл бағытта атқарылған жұмыстар да жоқ емес. Оған дәлел, бүгінде дінтану, саясаттану және теология саласында білікті мамандар еңбек етіп, діни ұйымдардың іс-әрекеттерін қатаң бақылауға алып, олардың таралу шеңберін шектеуге біршама күш жұмсауда.

Экстремизм, көбіне адамның надандыққа, көрсеқызарлыққа бейімделген пікірінен туындайды. «Тек менің ғана пікірім дұрыс болуы керек» деген секілді. Әйтсек те, бұл экстремизмнің бастапқы кезеңдерінің ғана көрінісі болып саналады.

XXI ғасырдың соңғы жылдарында діни жағдайлармен байланысқан экстремизм қанатын кеңге жайды. Алайда, экстремизмнің пайда болу сахнасы – саяси орта болғандықтан шын мәнінде ол діни экстремизм болып саналмайды. Ал экстремизмнің белгілері қандай? Әуелі соны ажырата білгеніміз абзал.

Экстремизмнің бірінші белгісі – адамның надандыққа, көрсоқырлыққа негізделген өз көзқарасы, пікірінің орындалуын табанды түрде талап етуі. Мұндай адамдар басқа көпшіліктің қажеттіліктері мен ақиқат жағдайын түсінбейді немесе түсінгісі келмейді. Олар жөн білетін, дұрыс бағыт көрсете алатын адамдардың ешқайсысын мойындамайды. Өз-өзіне сын көзбен қарау деген түсінік – олар үшін жат пайым. Олардың түсінігінше, тек өздерінің ғана сенімдері тура, өзгелердің барлығы – адасушы. Сондықтан да, олар өздерінен өзгелердің бәрін әділетсіз, әрі қатігез деп айыптауды міндет санайды, ал өздерін кіршіксіз, күнәсіз Пайғамбардай көреді. Мұның соңы шариғатқа, заңға қайшы келетін әрекеттерге, әртүрлі қақтығыстарға алып баратын жалған пікірлердің қоғамда етек жаюына, мәжбүрлеу арқылы өздерінің пікірлерін тықпалауға жетелейді.

Экстремистердің екінші белгісі – ешбір қажеттілігі болмаса да, кез келген істе шектен шығып кетуге бейім тұруы. Басқаларды да соған итермелеуі. Нәтижесінде мұндай жағдайлар адамдар арасындағы қалыпты қарым-қатынас бұзылып, қоғамдағы үйлесімді тіршілік арнасынан ауытқып, әлеуметтік толқулардың тууына себеп болады

М.ИСКУЖИНА,

аудандық Әділет басқармасының жетекші маманы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT