8 айда 882 тұлға жемқорлықпен әшкереленген

Бүгін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының іске асырылуына сыртқы талдау және бағалау жөніндегі арнайы мониторингтік топ арнайы іссапармен ауданымызда болды.

«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының ғимаратында өткен мемлекеттік және квазисектор қызметшілер, партия, үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері қатысқан кездесуде қоғам белсендісі Ырза Тұрсынзада жаһандану дәуірінде ұлтты сақтап қалу үшін ұлттық болмыс, ұлттық салт-сана мен әдет-ғұрпымызды, дәстүрімізді қайта жаңғыртудың маңызына тоқталып, ата-бабадан қалған көне көз асыл мұрамызды сақтап қалып, кейінгі ұрпаққа жеткізуге тырысу керектігін айтты. Бұл орайда қазақ қыздарының атқаратын рөлі зор екеніне басымдық берді.Ата-бабаларымыз қандай қиын-қыстау заманды бастан өткерсе де, ар-намысты жоғары қойғанын мысалға ала отырып, қазіргідей тоқшылық заманда құлқынның құлы болып жүрген азаматтарды сынға алды.

m

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілі Арман Бердалин Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу агенттіктің басым бағыттарының бірі болып табылатынын, бүгінгі таңда барлық күш-жігер сыбайлас жемқорлықтың себептері мен жағдайларын жоюға жұмылдырылып отырғанын атап өтті. Жемқорлықпен күрес үздіксіз жүргізіліп жатқанына қарамастан, елімізде бұл дерттің тамырын терең жайып алғанын сегіз айдың қорытындысы бойынша 882 тұлғаның жемқор ретінде әшкереленіп отырғанынан және жемқорлыққа қарсы сурет салу конкурсында жеті жасар баланың парақорды бейнелеуінен көруге болатынын айтты. «Жемқорлықты түбірімен жою лауазымды орында отырған әр қазақ оңай олжаға қызығудың ақыры, темір торға тоғытылумен аяқталатынын ойлап, тегін дүниеден саналы түрде бас тартқанда, әр ата-ана өздері түзу жүріп, дастархан басында балаларына ала жіпті аттамай өмір сүруді үйреткенде ғана мүмкін болмақ»,- деген ойларымен бөлісті.

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Рафаэль Төлешов агенттіктің облыс деңгейінде атқарып жатқан жұмыстарына шолу жасап, аудандағы бөлім басшылары алдына арызданып келген адамның мұқтаждығына бей-жай қарамай, әуре-сарсаңға салмай, бағыт-бағдарын көрсетіп жіберсе одан кішірейіп қалмайтынын айтып, лауазымды тұлғаларды «ұлық болсаң кішік бол» деген қазақ нақылын ұстануға шақырды.

Мониторингтік топ мүшелері қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға да жауап берді.

Б.СҮЙЕУОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT