2025 жыл өрнегі: ҚАНДАЙ СӘТТЕРМЕН ЕСТЕ ҚАЛДЫ?

Санаулы күндерден соң 2025 жылды қорытындылап, жаңа жылға қадам басқалы тұрмыз. Құмдай сусып, сынаптай сырғып өтіп жатқан уақыт ай?! Қаңтар айының алғашқы санын шығарамыз деп қапылып жүргеніміз күні кеше сияқты еді, бейсенбіден бейсенбіге дейін үздіксіз жалғасып жатқан қарбалас тірлікпен жүргенде желтоқсан айының соңғы санына да жетіп қалыппыз. Әр апта сайын жарық көрген газетіміздің елу екі санында елдің, облыстың, ауданның қоғамдық-саяси өміріндегі ең басты жаңалықтарын, айтулы өзгерістерді, қол жеткен жетістіктерді, игі бастамаларды жариялап, күрмеуі қиын мәселелер мен көкейкесті тақырыптарды қамтып, бұқара үнін билікке жеткізуге тырыстық. Бұдан бөлек, жыл бойы жұмысшы мамандықтарды дәріптеп, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай жерлестеріміздің есімін елге танытып, әр сала мамандарының кәсіби мерекесінде олар жайлы жазуды да ұмыт қалдырмадық. Оқырмандардан келген мақалаларға да орын тауып, мекеме-бөлімдерден келетін маман кеңестерін де тұрақты беріп келеміз. Жылдағы дәстүр бойынша баспасөзге жазылу науқанында үгітпен емес, үмітпен ауылдық округтерді аралап, халықтың жергілікті газетке деген көзқарасын білдік. Газет десе ат-тонын ала қашатындарды да, «аудандық басылым – төл газетіміз» деп жанашырлық танытатындарды да көрдік. Жасыратыны жоқ, таралым санынан белгіленген межеге жетпесек те, дәл бүгінгі есебіміз бойынша мыңнан асып жығылдық. Әрине, газет – оқырманымен өміршең, ал олардың сенімінен шығу – біз үшін қашанда абыройлы міндет. Айтпақшы, баспасөзге жазылу науқанында ардагерлеріміз бен мүмкіндігі шектеулі азаматтарды газетке тегін жаздыруға демеушілік көрсеткен ауданымыздың кәсіпкерлері Мұрагер Жеңісбайұлына, Қоныс Ермановқа, Александр Альсмаховқа және Ақназар Маратұлына ерекше алғыс білдіреміз. 

Халқымыздың біртуар тұлғасы Абай Құнанбайұлы өзінің 15-ші қара сөзінде әр адам өз-өзінен есеп алып отыру керектігін өсиет еткен екен. Сол секілді жаңа жылдың қарсаңында өткенімізге есеп беріп, жылан жылының еншісінде кетіп бара жатқан айтулы өзгерістер мен есте қалған ерекше сәттерге ой жүгірту мақсатында сауалнама ұйымдастырған едік. Ендеше,сөз кезегін ауданның әр саласында еңбек етіп жатқан азаматтарымыз бен газетіміздің тұрақты оқырмандарына берейік.

Айзада ЖЕКСЕНҒАЛИҚЫЗЫ, аудандық мәслихат депутаты: 

2025 жыл ауданымыз үшін нақты нәтижеге толы жыл болды. Себебі халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған бірқатар маңызды істер атқарылды. Есбол ауылдық округі бойынша сайланған депутат ретінде осы елді мекендегі жұмыстарға тоқталып өтейін. Осы ауылдағы халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелердің оң шешімін табуына ықпал ету басты міндетім болып табылады. Әрине, оның барлығы бір күнде шешілетін дүние емес. Деседе, азды-көпті жасаған жұмыстарымыздың нәтижесінде аудан әкімінің, ауылдық округ әкімінің қолдауымен биыл Есбол ауылының Әйтеке би, Төле би, Исатай Тайманұлы көшелеріне жол түсіп, ауыл тұрғындарына қуаныш сыйлағанымызды ерекше атап өтемін. Еңбекшіл ауылындағы Мұстафа Шоқай көшесіне жол салу мәселесі әзірге өзекті күйінде қалып отыр. «Көш жүре түзеледі» дегендей, бұл мәселе биыл болмаса келер жылы міндетті түрде шешімін табады деп сенеміз. Есесіне Еңбекшіл ауылына ашық спорт алаңы пайдалануға берілді. Жылан жылының тағы бір жағымды жаңалығы - Есбол ауылдық округіне қарасты Ортақшылда жаңа спорт кешенінің іргетасы қаланып, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүруде.

Жеке өмірімдегі өзгерістер жайлы айтар болсам, биыл педагогика ғылымдарының магистрі атағын алдым. Сонымен қатар аудандық «Аmanat» партиясында фракция жетекшісі, Есбол мәдениет үйі бастауыш партия ұйымының төрайымы әрі партияның белсенді мүшесі ретінде партияның жанындағы «Томирис» әйелдер көшбасшылығын дамыту жобасының арнайы конкурстық іріктеуінен өтіп, Астана қаласында 3 күндік оқыту бағдарламасынан өтіп сертификатқа ие болдым. Көшбасшы әйелдермен кездесіп, кәсіби жағынан дамуымызға зор септігін тигізді. Аталмыш жоба заманауи қабілеттер мен дағдыларды қалыптастырумен қатар қоғамның кез келген саласына белсенді араласуға мүмкіндік берді.

Жандос ДҮЙСЕМБАЕВ, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы: 

Өткен жыл мен үшін ой елегінен өткізіп, өмірлік және кәсіби құндылықтарды қайта таразылауға мүмкіндік берген ерекше кезең болды. Қызмет жолында жаңа жауапкершіліктер жүктеліп, әрбір атқарылған істің артында елдің сенімі тұрғанын тереңірек сезіндім. Махамбет ауданындағы мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт салалары бойынша жүзеге асқан әрбір шара халықпен тікелей байланыс орнатудың, ортақ қуаныш пен рухани бірлікті қалыптастырудың айқын көрінісі болды. Осы жұмыстардың нәтижесінде тұрғындардың мәдени және спорттық өмірге деген қызығушылығы артып, жастардың белсенділігі айқын сезілді.

Бұл жыл маған тек қызметтік тәжірибе ғана емес, адам ретінде де үлкен сабақ берді. Кейде тынымсыз жұмыс арасында қарапайым адами қарым-қатынастың, жылы сөз бен шынайы қолдаудың қаншалықты маңызды екенін түсінесің. Әріптестермен бірлесіп атқарылған жұмыстар, ортақ мақсатқа жұмылған сәттер жадымда ерекше сақталып қалды. Отбасым үшін де бұл жыл берекелі болды. Жақындарымның амандығы, балалардың күлкісі, үйдегі тыныштық пен түсіністік – мен үшін ең үлкен байлық. Отбасының қолдауы мен сенімі күнделікті қызметтегі жауапты шешімдер қабылдауда рухани тірек болды. Қорыта айтқанда өткен жыл жетістікке ғана емес, сабырға, жауапкершілікке және болашаққа сеніммен қарауға үйреткен кезең ретінде есте қалды. Алдағы жылда да осы бағыттан таймай, ел игілігі үшін аянбай еңбек ету – басты мақсатым.


Нұрым ЕРҒАЛИЕВ, ардагер журналист: 

Көзді ашып – жұмғанша асығыс өте шыққан бұл да бір дүрбелеңге толы жыл болды. Өмірімізге, тірлігімізге батыл араласа бастаған жасанды интелект деген жік шықты. Баяғы қиял – ғажайып ертегілердегі адам сенгісіз ғаламаттар шындыққа айналды. Ең бастысы еліміз тыныш, жұртымыз аман. Жалпы жаппай қымбатшылық, бағаны тұрақтандыру, әлеуметтің әлеуетін арттыру, жұмыссыздық сияқты ортақ проблемалар әлі өткір күйінде қалып отыр. Бірақ «бұдан жаман күнімізде де тойға бардық» дегендей, болып жатқан жағдайларға түсіністікпен қарап, шүкіршілік жасау керек деп есептеймін. Істелініп жатқан жұмыстар бар, оны жоққа шығару – елдігімізге, азаматтығымызға сын. Күні ертең бұл уақытша қиындықтар да артта қалар. 

Енді «жеке өз басым үшін ескі жыл несімен есте қалды?» дегенге тоқталсам, шығармашылыққа ден қойып, тапжылмай компьютерде отырып, ойда жүрген біраз шаруаны тындырғаныма көңілім марқаяды. Лирикалық өлеңдерден, баллада, дастандардан, естелік эсселерден тұратын бір «қомақты» жинақтың басы-аяғын түгендеп, баспаға дайын¬дап отырған жайым бар. Әзірге шартты түрде «Ғұмыр-дария» деген атауды еншілеп тұрған жаңа жинағым баспа жаққа жол тартуға дайын тұр. 

Бұрын әлеуметтік желіге онша мән бермейтін едім. Жазған өлеңдерімді желіге жүктеп, біраз рухтас достар, өнердің, өлеңнің шын жанашырларын таптым. Оқырмандарым көбейді. Тіпті Алматыда тұратын елге таныс бір ақын апам: «Нұрым, күңіреніп неге мұңды өлең жазасың, қой!» деп ұрысты. Іштей күліп алсам да, маған шын жанашырлығына ішім жылып қалды. Осының бәрі мені шабыттандырады, қанаттандырады. Шығармашылық адамның серігі – жалғыздық пен мұң. Мұң болмаса өлең тумайды. Біртүрлі жүрегім мазасыз. Жаңа жылдан да жағымды жаңалықтар, тосын сыйлар күтемін.

Венера ҚАБЫШЕВА, аудандық білім бөлімінің басшысы: 

Өтіп бара жатқан жылан жылы мен үшін жарқын оқиғаларға, жетістіктерге толы жыл болды. Ауданның білім беру саласына тоқталып өтсем. Биыл ауданға қарасты білім ордаларының инфрақұрылымын жақсарту бағытында маңызды жұмыстар атқарылды. Екі мектеп пен екі балабақшаға күрделі жөндеу жүргізіліп, балалар үшін қауіпсіз, заманауи әрі жайлы орта қалыптастырылды.

Оқу мен тәрбие сапасының артқанының дәлелі, әрине, ол — шәкірттеріміздің жетістіктері. Соның ішінде республикалық ауыл мектептері оқушыларының арасындағы олимпиаданың жаратылыстану-математикалық бағыты бойынша Есбол орта мектебінің оқушысы 2 орын, О.Шонаев атындағы орта мектебінен 2 оқушымыз жүлделі 3 орын алып, ауданымыздың мерейін көтерді. Сонымен қатар республикалық «Бастау» турнирінен Қызылүй орта мектебінің оқушысы 3 орын алса, облыстық «Зерде» ғылыми жобалар байқауынан да оқушыларымыз үздік нәтиже көрсетіп, республикалық байқауға жолдама алып, зор қуаныш сыйлады. Әрине, бұдан басқа да облыстық, аудандық деңгейдегі сайыстар бойынша оқушыларымыздың жіпке тізіп айтарлықтай жетістіктері жетерлік. Алдағы жылы да осы қарқынмен ел игілігі жолында еңбек ете береміз!

Тарас НАУРЫЗӘЛІ, газеттің байырғы қызметкері: 

Жаратушы Иеміздің берген әр жылы оның шексіз нығметі ғой. Мен үшін осы жыл жүрегіме жылы із қалдырған жыл болып келеді. Алла ұзағынан сүйіндіргей. Жылдың басында алпыс жасқа толып, сарайшықтық жерлестерімнің ұсынысымен шығармашылық кешімді өткіздім. Кеш қонақтарының қатарында ауылдас, әріптес, достар, курстастар, кластастармен бірге қара шаңырағым – «Жайық шұғыласы» газеті ұжымының болғанына қатты қуандым. Бұл бір есте қалар тамаша сәт болды. 
Одан соң наурыз айында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік универсиетінде жазушы Рахымжан Отарбаевтың шығармашылығына арналған ғылыми конференция өтіп, мен сонда спикер болып, қаламгердің «Бас» романы жөнінде «Бассыз қоғамның қасіреттері» атты баяндама жасадым. 
Одан бөлек осы жылы «Асқар таулар аласармайды» атты кітабым жарық көрді. Бұл сарайшықтық соғыс ардагері Әбілқайыр Байдәулетов деген атамыз туралы кітап еді. Шығармашылығымдағы бұл жаңалық мерейімді өсірді.

Қазан айында Сарайшық музей қорығында өлкеміздің тарихына зор еңбек сіңірген жазушы, публицист, өлкетанушы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, «Алаш-Рух» сыйлығының иегері Өтепберген Әлімгерей мен Сарайшық музей қорығын ұзақ жылдар басқарған, Мәдениет саласының үздігі, «Алтын адам» медалінің иегері, Махам¬бет ауданының Құрметті азаматы, Туризм саласының үздігі, менің ұстазым Молдаш Бердімұратовты еске алуға арналған «Сарайшық – тарихи мұраның алтын қазығы» атты «дөңгелек үстел» өткен еді. Мен осы жиында спикер болып, ұстазымның білім беру саласына және музейге сіңірген еңбегі жөнінде баяндама жасадым. Конференция қонақтары үлкен әсер алып, риза болды. Бұл маған қанат бітірді. 

Тағы бір өзім үшім маңызды жайт - менің Қызылқоға ауданында Қалыбек Құлмағамбет деген ақын досым бар еді. Екеуміз он бес жыл бойы телефонмен сөйлесіп жүріп, тек осы биыл ғана бір-бірімізді жүзбе-жүз көрдік. Кім қалай түсінеді, ал бұл досым екеуміз үшін аяулы сәт болды. 

Отбасы адам үшін ең қымбат құндылық қой. Отбасының жылуына бөленген әр күнің есте қалар күн. Осы жылы немерем Мұса Тарас өзі баратын инклюзивті дамыту орталығында өткен шарадан «Ең сабырлы жігіт» номинациясы бойынша Алғыс хат алды. Бұған қатты қуанып қалдық. Бір бала қуанса, мың періште қуанады деген бар ғой. Балаларды қуантып жатқан орталық ұстаздарына алғысым зор. 

Міне, өткен жыл мен үшін отбасымыз үшін осындай қуанышты жайттармен есте қалып отыр. Алла нәсіп етсе, жаңа жыл да тақап қалды. Алла тағала ол жылда да баршамызға шексіз нығметтерін нәсіп еткей. Қара шаңырағымыз – «Жайық шұғыласының» мерейі өсе берсін. Келер жылы газетімізге 85 жыл ғой, Алла нәсіп етсе. Жаңа жылда да оқырмандары көп болсын деп тілеймін. 

 

Бетті дайындаған Б.САПАРОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT