Жақсының аты өлмейді...

«Өмірім-өнеріммен» егіз дейтін, жасындай жарқылдап жүріп, әп-сәтте арамыздан ажыраған талантты әнші, ауданға, облысымызға танымал, белсенді, өнерпаз азамат Ерлан Жұмабаевтың жарқын бейнесін халқы мен достары ұмытқан жоқ.

Жастайынан әннің құдіретін сезініп, аспаптың тілін түсінген, Алла берген дарынның арқасында ел алдына ерте шыққан Ерланға көз тиді ме, бәлкім сөз тиді ме, 2011 жылы аяқ асты жол апатына түсіп, бел омыртқасы қатты зақымданып, мүгедектер арбасына таңылған еді. Әйтсе, де қайсар жігіт есін тез жинап, тағдырдың сынағын оң көзімен қабылдап, соны жеңуге, арман-мақсаттарын жүзеге асыруға бар күш-жігерін жұмсады. Қос аяқтың қимылсыз қалғаны болмаса, оның көңілі де, өмірі де, өнерге деген өшпес махаббаты да сол қалпы еді. Өйткені, жанында шын жанашыр қолдаушылары көп болды.

Осыдан небары 3 жыл бұрын Ерланның «Мейірім» бағдарламасына берген сұхбатында, апаттан кейінгі 1 айда аурухананың есігін тоздырып, араға күн салмай келген өмірдегі, өнердегі достарына алғыс айтқаны әлі есімде. Тіпті, дәрігерлердің өзі «бұл бір байдың баласы ма?» деп таңданғанын да жасырмаған еді.

«Досы көпті жау алмайды» демекші, оның байлығы-достары еді. Соңғы үміті сөнгенше өз аяғыма тұрамын, жүремін, тіпті кәсіби музыкалық білім аламын деп армандап кеткен талантты жігітті еске алу мақсатында күні кеше ауданымызда волейболдан аймақтық турнир өткен болатын. Оны ұйымдастырған да сол Ерланның жанында жүрген жолдастары, бір кездері өзі мүшелік еткен «Жайық жастары» ұжымы.

erlan1

Көршілес аудандар мен Атырау қаласынан келген 8 команданың құрамында тек өнерде жүрген жандар. Аталмыш шараны тамашалап, алғысын айта келген азаматтар мен марқұмның ата-анасы да ойынға бастан-аяқ қатысып, үлкен ризашылығын білдірді.

erlan

Иә, Ерланның өзі кетсе де, артында ата-анасына қарайласар дос-бауырлар қалдырғанына осы кеште көзіміз жетті. Әсіресе, «Жайық жастары» ұжымының басын қосқан Алтынбек Құбылбай, Ғалымғали Қойшығалиев сынды азаматтардың шынайы қамқорлығы мен қолдауы сезіліп тұрды.

Ажал айтып келмейді, әйтсе де, Ерландай өнерлі, өмірге құштар азаматтың қазасы көпшіліктің қабырғасын қайыстырғаны сөзсіз. Тіршілігінде онымен араласқан, үзеңгілес, қатар жүрген жандар да жарыстың басы-қасынан табылып, әдемі ойын көрсетіп, әдемі естеліктермен бөлісті.

Турнирдің ұйымдастырушысы әрі демеушілері «Жайық жастары» ұжымы да барша қатысушыларға алғыстарын білдіріп, аталмыш жарыста І орынды иеленген Индер құрамасына арнайы диплом мен 50 мың теңге, жүлделі ІІ орын алған атыраулық азаматтарға 30 мың, ІІІ орынды қанжығалаған Жылыой ауданының ойыншыларына 20 мың теңге қаржылай сыйлықты табыс етті.

Айнұр САТАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT