А.Құнанбаевтың туғанына 175 жыл.
«…Келгеніне үш-төрт күн болса да, Көрпебай Абайға тоғызқұмалақтан әлі жөндеп ұтқызған жоқ. Соңғы күндердің бір қатты бәсекесі боп алған ойыны бар. Кейде таңертеңгі шайдан түстікке шейін ойнағанда, бір ойынды тауыса алмай айырылысатын. Кеше, кеш бойы Абай кітап пен жазу үстінде болды да, ойын үзіліп қалған. Енді Көрпебай «тоғызқұмалақ» ағашын алып кіргенде, Абай: «Тағы алаң кірді, қоя тұрайын» деп, Пушкин томының беттерін жауып қойды. Көрпебайға: – Құр, кешегіңнің есесі енді қайтпаса, сен ағалап тұрсың! – деді...
...Абайдың кейбір қыстарда, үйде отырып қалғанда әдейі шақырып алып, жиырма күн, бір айдан табан аудармай ойнап қалатын кісілерінің бірі – Мақыштың Смағұлы, не Марқабай болса, тағы бірі осы Көрпебай. Ішінде Абай да бар, осы үш-төрт ойыншы осы атыраптағы басқа ойыншылардан озып, ағалап шыққан және өзара бәсекелесі күшті ойыншылар. Абай мен Көрпебай ойынға кірісті. Басында үш-төрт кезекте, машықты бастаулар бойынша екі жағы да тез-тез жүріп барып, екі-екі ұядан тас алысты. Әлі тұздық алысып, беріскендері жоқ...»
Бұл Мұхтар Әуезовтің әйгілі «Абай жолы» роман-эпопеясының «Биікте» тарауынан үзінді. Интеллектуалдық ойынның атмосферасы ерекше суреттелгеніне әрі Абайдың тоғызқұмалақ ойынының хас шебері болғандығына көз жеткіземіз. Болмысын әуен, саз құдіреті қаншалықты билеп алған болса, ақын тоғызқұмалаққа да бар ынтасымен беріле, еңсе салып ойнаған. Ұлы Абай тоғызқұмалақтың шебер ойыншысы ғана емес, жарыстардың ұйымдастырушысы әрі демеушісі ретінде танылыпты. Ал Абайдың немере інісі Әрхам Ысқақов тоғызқұмалақ мектебін дамытып, алдыңғы үрдісті жалғастырған.
Зерттеушілер тоғызқұмалақтың төрт мың жылдық тарихы бар, өте пайдалы зияткерлік ойын дейді. Бұл ойын адамға сабырлылықты, қайсарлықты, тәуекелшілдікті, әрқашан да дұрыс шешім қабылдауды үйретеді. Оны «ойшылдар ойыны» деп те атайды. Оның себебі, жүрек тазарып, ақыл жетіледі. Ойыншының есте сақтау қабілеті артып, ойлау қабілеті өседі, оның үстіне терапиялық сипаты да зор.
Халықаралық деңгейге көтерілді
Қазақтың дәстүрлі ойыны қазіргі заманның талабына сай болып, жастардың бүгінгі қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында мобильді қосымшасы жасақталған. Оны бағдарламашы Ернар Шамбаев «Android» және «Windows» операциялық жүйелеріне арнап әзірлепті. Бұл мобильді қосымшаны жасауға Ернар 10 жыл уақытын жұмсаған көрінеді. Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін смартфонсыз жүрмейтін қазіргі заманда ойынның мобильді нұсқасы тоғызқұмалаққа деген халықтың қызығушылығын тудыратыны сөзсіз.
Тоғызқұмалақ тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар Ресей, Германия, Чехия, Франция секілді алыс-жақын шетелдерде кеңінен танымал болып келеді. Үш рет дүниежүзілік зияткерлік ойындар олимпиадасының бағдарламасына енген. 2009 жылдың 15 қыркүйегінен бастап, ғаламторда тоғызқұмалақ интелектуалдық ойын ретінде тіркеліп, www.iggamecenter.com сайтында онлайн режимде ойнайтын бағдарлама жасалды. Авторы Канада азаматы Арти Сандлер. Бұл сайтқа тіркеліп, электрондық бағдарлама арқылы шетелдік, қазақстандық ойыншылармен ойнауға, үздік ойындарды сақтап алып, талдау жасауға болады.
Біздің ауданға қалай келді?!
Тоғызқұмалақ ойынын ауданға алғашқылардың бірі болып облысқа белгілі азамат Нұрлыбек Ожаев әкелген екен. Ол 1986 жылы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын тәмамдап, Қарағанды облысы Қарқаралы ауданына тәжірибе жинақтау мақсатында жұмысқа барады. Содан жас Нұрлыбек жергілікті халықтың өзіне таңсық ойынның қызығына батып жүргенін көреді. Қызығушылығы артқан алғыр жас ұтқырлық пен қажырлықты қажет ететін ойынды оңай үйреніп алады. Үйреніп қана қоймай, өз ауылына келгеннен кейін бірге туған бауырларына үйретеді. Сол уақыттарда Махамбет ауданында тоғызқұмалақтан облыстық спартакиада өткізіліп, ағайынды Ожаевтар бір команда болып бақ сынаған.
Шәкірт тәрбиелеу ісі де ізін ала бастау алады. Туған інісі Жұмабек Ожаев қазіргі уақытта Есенбай Ағелеуов орта мектебінде биология пәнінің мұғалімі әрі тоғызқұмалақтан дәріс беріп, шәкірттер дайындауда. Оның дайындаған шәкірттері талай облыстық, республикалық сайыстарға қатысып, жүлдегерлер қатарынан көрініп жүр.
Жарыстар шеңберін кеңейтсек
Ал, тоғызқұмалақтан бас жаттықтырушы Гүлжан Мәженованың айтуынша, қазіргі таңда ұлттық ойынға деген оқушылардың қызығушылығы артып келеді. Алайда, бұл спорт түрінен ауданда, тіпті облыстың өзінде сайыстардың жеткілікті деңгейде өткізілмеуі тоғызқұмалақтың қанатының кең құлаш жаюына кедергісін келтірмей қоймайды дейді. Сондықтан да Абай атамыздың мерейтойы қарсаңында ұлттық ойынымызды насихаттау жұмысын жандандырып, жарыстар шеңберін кеңейтсек деген ұсынысын да жеткізді.
Қазіргі таңда ауданда тоғызқұмалақтан үздіктер қатарынан көрініп жүрген Айдина Есенжан республикалық «Ұлы дала рухы» атты ұлттық спорт түрлерінен өткен сайыста Атырау облыстық құрама командасында өнер көрсетіп, елордадағы финалда бақ сынады. Ол бұл ойынның ең бір пайдалы жағы математикалық есептеулер кезінде көп көмегін тигізетінін айтады. Облыстағы белді ойыншылардың қатарындағы Айдинаның алар асуы әлі алда екеніне сенімдіміз.
Сал ауруын емдейді
Аудандық емхананың невропатологі Жанна Рахметова адам денсаулығына тоғызқұмалақтың пайдасы зор екенін айтады. -«Емдеу-сауықтыру жұмыстары кезінде осы тоғызқұмалақ ойынын үйренуге кеңес береміз. Ол тірек-қимыл аппараты бұзылған, церебральды сал ауруына шалдыққан балғындарға көп көмегін тигізеді. Қолдың қозғалысына, саусақ ұштарының жандануына, сондай-ақ ойлау қабілетінің дамуына өз пайдасын тигізіп отыр», - дейді ол.
Түйін
Өз заманында қазақтың ұлттық ойынының жаңғыруына мұрындық болған Абай атамыздың сүйікті ойыны - тоғызқұмалақтың дамуына тамшыдай болса үлесімізді қосу – азаматтық парызымыздай.
Қазбек АЙТҚАЛИЕВ