Осындай атаумен аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде «Ақжол Махамбет» мүгедектер қоғамының ұйымдастыруымен мүмкіндігі шектеулі жандар арасында облыстық турнир өтті.
Оған Махамбет, Индер, Мақат, Қызылқоға Жылой аудандарынан 60-қа жуық спортшы қатысып, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, дойбыдан сынға түсті.
Шараның ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Мардан Сейтқалиев пен параолимпиадалық үстел теннисінен ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Гүлнар Иманалиева жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Сайыс қорытындысымен аудан спортшылары жоғары жетістіктерге қолжеткізді.
Атап айтсақ, үстел теннисінен Ақжол Кенжеғали І орын, Айдар Өмір ІІІ орын, Мәди мен Аяулым ынталандыруға ие болды. Тоғызқұмалақтан І орын еншілеген Айна Жайсаңбаева үстел теннисінен ІІІ орын иегері атанды. Сондай ақ, Александр Чечин ІІІ орын, Әсемгүл Габдуллина ІІ орынға тұрақтады. Дойбыдан өнер көрсеткен Жәния Шауменова ІІ орын, Жанерке Меңдіғали ІІІ орынмен марапатталды.
Жеңімпаздарға аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің бас маманы Гүлбағила Үмбетова «Алғыс хат» пен сыйлықтарын табыстады.
Айта кетейік, аталған турнир жылдағы дәстүрге сай биыл үшінші рет ұйымдастырылып отыр.
Балнұр САПАРОВА.
Cурет:автордікі