Рахия Молдашева – үш дүркін Азия чемпионы

 Бойындағы Алла берген талант пен қуатты тиімді пайдаланып, талай додада алдына жан салмай жүрген жерлесіміз, қол күресінен ардагерлер арасындағы Әлем чемпионатының жеңімпазы Рахия Молдашева жақында ғана тағы бір қуанышты хабарымен бөлісті. Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Жаңашар ауылындағы Олимпиадалық даярлау орталығында армрестлинг­тен ардагерлер арасында өткен Азия чемпионатында тағы бір мәрте өзінің мықтылығын дәлелдеп, жеңіс тұғырынан көрінді.

Азияның үш дүркін чемпионы атанған Рахия Молдашева аталған чемпионатта жалпы төрт кездесу өткізеді. Оң қолға да, сол қолға да мықты жерлесіміз қарсылас шақ келтірмеді. Сергей Передистыйдың қарауында жаттығатын ардагер спортшы Махамбеттен шыққан тұңғыш әлем чемпионы ретінде та­нылып үлгерген еді.

- Бұл чемпионаттағы қарсыластарымның бәрі де мықты болды. Бірақ ирандық спортшы­мен күш сынасу оңайға түспеді. Қос сайыста да, яғни оң қолмен де, сол қолмен де күресте жеңіске жеттім. Азия чемпионы атанып, осы жылдың қазан айында Түркияда өтетін әлем чемпионатына жолдама алдым,-дейді Р.Молдашева.

Естеріңізде болса, Рахия Мол­дашева 2019 жылы Румынияның Констанца қаласында өткен қол күресінен әлем чемпионатында ал­тын медальды қанжығаға байлап, еліміздің абыройын асқақтатқан болатын. Осылайша қарапайым ғана ауыл әйелінің атағы әлемге танылған-ды. Қазақстанды әлемге танытқан Геннадий Головкинді өзінің кумирі санап, оның әрбір жеңісінен шабыт алатын Рахия Молдашеваға алдағы әлем чемпио­натынан жеңіспен оралуын тілейміз.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT