Қазақстан құрамасының спортшылары екі медальға ие болды

 Канаданың Калгари қаласында фристайл-могулдан кезекті әлем кубогі аяқталды. Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының спортшылары екі медальға ие болды, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі ҰОК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2018 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Юлия Галышева күміс жүлдемен көзге түсті. Қазақстандық спортшы бірінші кезеңде үздік алтылыққа еніп, финалға шықты. Жарыстың шешуші кезеңінде 2019 жылғы әлем чемпионы 80,69 ұпай жинады. Бұл оның екінші сатыға көтерілуіне сеп болды.

Осы жарыста әйелдер арасында бірінші орынға франциялық Перрин Лаффон (81,22) ие болса, үздік үштікті канадалық Жюстин Дюфор-Лапаунт (79,94) қорытындылады.

Өз кезегінде Дмитрий Рейхард бірінші кезеңде бесінші орынға табан тіреді. Ал финалдық кезеңде нәтижесін жақсартып, үздік үштік қатарына енді. Жарыс нәтижесі бойынша Дмитрий 84,19 ұпай жинап, ел қоржынына қола жүлдені салды.

Канадалық Микаэль Кингсбери (89,09) алтыннан алқа тақса, швециялық Уолтер Уолберг (85,10) күміске иелік етті.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT