Қазақстандық үш теннисші Астанада өтіп жатқан Президент кубогы үшін челленджер турнирінің екінші айналымына шықты. Олардың қатарында 19 жастағы Ислам Орынбасар бар, деп жазады Қазақстанның теннис федерациясы.
Дмитрий Попко Президент кубогындағы алғашқы кездесуін өткізді.
Ол түркиялық Корай Кирчиді 6:4, 4:6, 6:1 есебімен тізе бүктірді.
Енді Попко ширек финалға шығу үшін өзбекстандық Хумаюн Сұлтановпен таласады.
Президент кубогының өткен жылғы финалисі Денис Евсеев жаңазеландиялық Аджит Раиды ұтты (6:4, 6:1). Оның келесі қарсыласы - Израиль өкілі Орель Кимхи.
Тағы бір қазақстандық, 19 жастағы Ислам Орынбасар әлемнің 616-ракеткасы, үндістандық Прджвал Девті ұтты. Есеп: 6:4, 1:6, 6:3. Теннисшілер кортта екі сағаттан астам уақыт бойы ойнады.
Ислам жарыстың 2-ракеткасы, жаңазеландиялық Бенджамин Локпен шеберлік байқасады.