Үстел теннисінен Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан Республикасы ұлттық құрамасының мүшесі Дүйсенғали Оспановтың жүлдесіне арналған пара үстел теннисінен Қостанай облысының ІІІ ашық Кубогі өтті.
Тірек-қимыл аппараты зақымдалған спортшылар арасында өткен спорт додасында Махамбет ауданының теннисшілері де қатысып, биіктен көрінді.
Дүйсенғали Оспанов – арбаға таңылса да, үгілмей, бүгілмей қаскөй тағдырға қасқая қарап, қайсарлықпен мағыналы өмір сүріп келе жатқан елімізге танымал спортшы. Мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы үстел теннисінің шебері, республикалық және халықаралық жарыстардың жүлдегері. Азия чемпионатына да қатысқан ол IWAS Дүниежүзілік ойындарда қола жүлдеге қол жеткізген.
Қайсар жанның құрметіне орай өткен жарысқа Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қостанай, Атырау, Қызылорда облыстарынан, Астана, Шымкент қалалары, сондай-ақ, Ресей Федерациясының Орынбор және Челябі облыстарынан барлығы 80-ге жуық спортшы қатысты.
Атырау облысының құрамасында өнер көрсеткен жерлесіміз Аружан Ғиниятова жұптық және абсолют бәсекелерінде жеңімпаз атанса, жекелей және аралас жұптық сында екінші орынға ие болды.
Ал Аружанның алғашқы жаттықтырушысы, мүмкіндігі шектеулі жандарды спортқа баулуда қажырлы еңбек етіп жүрген Мұхадия Қуангереев аралас жұптық сында екінші орын алса, жекелей ойында қола жүлдені қанжығалады. Жалпыкомандалық есепте облыс құрамасы жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көрініп, атыраулық спортшылардың мықтылығын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Қ.БАҒЫТ