Шара барысында сала қызметкерлері мен ардагерлері, биік белестерді бағындырған саңлақтар мен бапкерлер марапат биігінен табылды.
Тұрғындар арасында салауатты өмір салтын сақтауды насихаттауда жеміс еңбек еткен сала мамандары, аудандық балалар және жасөсіпірімдер спорт мектебінің кіші аяқ доп бөлімінің жаттықтырушысы Ә.Идрисовқа, аталған мекеменің қызметкері А.Сұлтановаға, футболшы М.Сайынға Атырау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының алғыс хаты табыс етілді. Сонымен қатар жас ұрпақты спортқа баулуда үлестерін қосқан жаттықтырушылар аудандық мәслихаттың, аудан әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды. Солардың қатарында волейбол спортын дамытуға бар ғұмырын арнаған білікті ұстаз Сансызбай Сыдықов та бар.
– Спорт – денсаулық кепілі. Ауданымызда спорт саласына жақсы мән берілген. Спортты серік еткен оқушылар көп. Өзімнің дайындаған мектептің қыздары волейболдан Талдықорған қаласында өткен жарыста облыс намысын қорғап келді. Болашақта аудан және облыс намысын қорғайтын шәкірттерді өзімнің ізбарасым Ержанмен бірге тәрбиелеп шығарамыз деген үміттеміз,- дейді С.Сақтапұлы.
Аудан әкімінің алғыс хаты сан түрлі номинация бойынша берілді. «Үздік аға жаттықтырушы» болып ұлдар мен қыздардан волейбол командасын жасақтап қана қоймай, жеңіске жетелеп жүрген Ержан Сансызбайұлы танылса, «Үздік жаттықтырушы» аталымы аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің бокс бөлімшесінің жаттықтырушысы Жәнібек Жұмабекұлына берілсе, оның шәкірті, облыс құрамасынада өнер көрсететін Жарас Ибатолла «Үздік боксшы» атанды. Ал ауыл тұрғындары арасында спортты күнделікті дағдыға айналдырып, бос уақыттарын белсенді әрі тиімді өткізіп жүрген Алмагүл Телеуова мен Гүлнар Иманғалиеваларға «Үздік тұрақты спортшы» аталымы берілсе, аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің әдіскері, жаттықтырушы Сәдуақас Сайлаубайұлына «Үздік спорт әдіскері» номинациясы бойынша аудан әкімінің алғыс хаты табысталды. Ауданда каратэ-до киокушинкай спортының негізін қалаушы Айгерім Қадірбекқызы мен «Ер жүректілер» спорт клубының басшысы Мұхадия Қуангереев аудандық мәслихаттың алғыс хатымен марапатталды.
Махамбет ауданында соңғы жылдары каратэ спортымен шұғылданушылардың да қатары артқан. Каратэ-до киокушинкайдан Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, үздік бапкер Айгерім Айшуақованың дайындаған шәкірттері Республикалық, Халықаралық жарыстарда жеңіс тұғырынан көрініп келеді. Мерекелік шарада жас каратэшілердің де еңбегі еленіп, балалар мен жасөспірімдердің дене шынықтыру даярлық клубының алғыс хаты табысталды.
– Барша аудан тұрғындарын спорт күнімен құттықтаймын. Сіздерді салауатты өмір салтын сақтап, спортпен шұғылдануға шақырамын. Мен каратэ-до киокушинкай спорт мектебінің түлегімен және спорт шеберлігіне үміткермін. Алға қарай осы спорт түрімен шұғылдануды жалғастыра беремін,- дейді каратэ-до кикушинкайдан жасөспірімдер арасында өткен ҚР чемпионатының жеңімпазы Сабина Сабыржан.
Салтанатты шарада қол күресі, гір тасын көтеру, арқан тартыс секілді ұлттық ойындардан сайыс та ұйымдастырылды. Гір тасын көтеруде Жәнібек Қапуанов, қол күресінде Асыланбек Ақылбековке тең келетіндер табылмаған болса, арқан тартыста Бейбарыс ауылының білекті жігіттер жеңіске жетті. Жеңімпаздарға диплом мен ақшалай сыйлықтар да берілді. Шара соңы аудан өнерпаздарының конерттік бағдарламасына ұласты.
Қазбек АЙТҚАЛИЕВ