1-5 қазан күндері аралығында Махамбет ауданында спорт және еңбек ардагері, бокстан алғашқы бапкер Альфарит Жұмалиевті еске алуға арналған 2010-2011 жылы туған жасөспірімдер арасындағы бокстан облыстық ашық турнир өтті.
Турнирдің ашылу салтанатында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Самат Жайлашев, аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Асылжан Қайырғалиев және марқұмның қызы Лаура Альфаритқызы сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі. Аталған жарысқа облысқа қарасты барлық ауданнан 150-ге жуық спортшы қатысты.
Жарыс қорытындысымен Махамбет ауданының намысын қорғаған Есенжан Арман, Рахым Дүсіп, Амир Лян, Данияр Пен, Бейбарыс Қайратұлы, Нұрберген Жұбанышәлі, Глеб Сумкин және Саян Ерсайын турнир чемпионы атанды. Күміс жүлде Алмаз Жұмабек, Қасиет Ізім, Әзімхан Қуангерейге бұйырса, Жігер Қуаныш, Нұрахмет Базарбай, Мұхаммедали Мереке және Қадірбек Сұлтанбекұлы қола жүлдені қанжығалады. Жаттықтырушылары: Қалмұрат Торбаев, Мейірлан Қайрош, Жәнібек Қапуанов, Ерасылан Естаев және Исатай Дауылбаев.
Әділ-қазылар алқасының шешімімен Жылыой ауданынан келген Мадияр Қалмұқан «Үздік боксшы» атанса, махамбеттік Арман Есенжанов «Үздік техникасы үшін», мақаттық Нарұл Руслан «Жеңіске деген жігері үшін» аталымдарымен марапатталды.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің медаль, дипломдары, сондай-ақ Альфарит Жұмалиевтің жанұясы атынан ақшалай сыйақы табысталды.
Қ.БАҒЫТ