Махамбет ауданында Асылан Қажыкеновты еске алу турнирі өтті

Адал достың құрметіне арналды.

Күре жолдың бойындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде өзіндік үлесін қоса білген Асылан Қажыкеновтың ғұмыры бір жыл бұрын күрт үзілген-ді. Елі мен жеріне, қызметіне адалдық танытқан азаматты бүгінде жерлестері ұмытпады. Оның есімін ардақтау, санада мәңгі қалдыру мақсатында бірге жүрген достары кіші аяқ доптан ашық турнир ұйымдастырды. Небәрі 33 жасында шоқ жұлдыздай ағып түскен адал достың шоқтығын биіктете түсті.

Арда азаматты бір минут үнсіздікпен еске алғаннан кейін әкесі Бекмұхан мен достары атынан сөз алған Рүстем Жақсылықұлы игі іске мұрындық болған жандарға алғысын жеткізді. Асыланның анасы мен жарына гүл шоқтары, балаларына ойыншықтар табысталды.

– Қамшының сабындай қайран тірлік бір күні шарт сынары бәріне аян. Кеше ғана арамызда күліп-ойнап, жарқылдап жүрген досымыздан қапыда көз жазып қалдық. Өлім түгілі өкпеге қимайтын адал дос жайлы ендігі жерде естелік айтатынымыз өкінішті. Ауыл баласының аз ғана алтындай ғұмыры туған жеріне, отбасына, достарына арналды. Қарапайым, жайдары мінезі бар, достарына демеу, қызметіне адал, отбасының жанашыры, тірегі болған бауырымыздың біз де өз кезегінде сағынышпен еске аламыз,- деді досы Рүстем.

Полиция аға лейтенаты Асылан Қажыкеновты еске алуға арналған кіші аяқ доптан ашық турнирге 4 команда қатысып, өзара тартысқа толы өнер көрсетті. Нәтижесінде аудандық №11 өрт сөндіру бөлімінің командасы турнир жеңімпазы атанды. Екінші орын аудандық полиция бөліміне бұйырса, аудандық «Өнерпаз» мәдениет үйінің кіш аяқ доп шеберлері үшінші орынды қанжығаға байлады.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT