Қоғамдық қордың қоғамға қосқан үлесі зор 

Фото: zh-shugylasy.kz

Мүмкіндігі шектеулі жандарды спортқа баулу бағытында белсенді түрде жұмыс атқарып келе жатқан «Ер жүректілер» спорт клубының құрылғанына биыл 5 жыл толып отыр. 

Үстел теннисі мен тоғызқұмалақтан спорт шеберіне үміткер, 2  топ мүгедегі  Мухадия Куангереевтің бастамасымен құрылған «Ер жүректілер» мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға спорттың 5 түрімен айналысуға жағдай жасалған. Соның ішінде үстел теннисі, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, жеңіл атлетика.  Қазіргі таңда қоғамдық қор  50-ден астам  мүмкіндігі шектеулі жанды аталған спорт түрлеріне тегін бейімдеп отыр. Клубта  I, II және III топ мүгедектері мен 16 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балалар бар. Осы  жылдар ішінде қоғамдық қордың жетістіктері аз емес.  4 спорт шеберіне үміткер (КМС), теннистен ҚР бойынша халықаралық дәрежеде 1 спорт шебері (МС) және 4 спорт шебері (МС) атақтарын еншілеп үлгерді. 

«Ер жүректілер» спорт клубы мүмкіндігі шектеулі азаматтарды спортқа баулу арқылы өз ішіндегі тұлғалық күйзелістен шығарып өмірді жаңа қырынан тануға, мамандық иесі атанып, жұмысқа орналасуына мүмкіндік берді. Оның бір дәлелі Махамбет ауданы, Жалғансай ауылының тұрғыны -  Ғиниатова Аружан. «Ер жүректілер» спорт клубының белсенді шәкірті. Қазіргі таңда тоғызқұмалақтан спорт шеберіне үміткер болса үстел теннисінен спорт шебері, аударма ісі мамандығының иесі. Алдағы уақытта ауданымыздан  бөлек Атырау облысының басқа да аудандарынан филиалдар ашуды жоспарымызда, - дейді қор басшысы М.Қуангереев.

Құрылғанына  небәрі бес жыл болған спорт клубының жыл сайын жұмыс аясы кеңейіп, әр түрлі жобаларды іске қосып отыр. Мәселен,   2020 жылдың қараша айында  спорт клубын кеңейту  мақсатында «Батыр» жобасы іске қосылды. Жоба мақсаты аудан орталығынан алыс орналасқан  ауылдық округтердегі мүмкіндігі шектеулі жандардарға уақытын тиімді өткізуге, спортпен айналысуға мүмкіндік жасау. Қазіргі таңда Махамбет ауданына қарасты Жалғансай, Есбол, Сарытоғай ауылдарында жоба өз жұмысын жалғастыруда. «Ер жүректілер» спорт клубының түлектері  «Батыр» жобасында жаттықтырушы қызметін атқаруда. Қазіргі таңда орталықта 30 жаттығушы мен 4 жаттықтырушы бар. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі жандарды цифрлық сауаттандыру мақсатында «Шексіз әлем» жобасын да атап өтуге болады. Жоба аясында арнайы тренерлердің өткізген семинары нәтижесінде , барлығы 60 адамға сертификаттар табысталды. 2020 жылдан бастап іске асып жатқан жоба нәтижесінде 10 түлек жұмыспен қамтылды. 

Қоғамдық қор түрлі компаниялардың қаржылай қолдауына ие болып, түрлі әлеуметтік жобалардың жеңімпазы болып танылғанын да айта кеткеніміз жөн. Солардың қатарында  «Zharkyra» әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту орталығы, «Samuryk Кazyna» акционерлік қоғамы, «Азаматтық бастамаларды қолдау» орталығы, «British Consіl» кәсіптік даму орталықтары ұйымдастырған жобаларды атап өтуге болады. 

Атырау облысы ішкі саясат басқармасының "Азаматтық орталығы" КММ-сі ұйымдастырумен "Demey" облыстық конкурсының жеңімпазы атанған спорт клубы жуырда   мүмкіндігі шектеулі балалар мен ересектерге арналған "Үйден бір қадам" атты тарихи мәдени орындарға алып бару  жобасын іске қосты.

- Біз "Ер жүректілер" қоғамдық қор спорттан бөлек еріктілердің қатарынан табылып, осындай қайырымдылық шараларын  жүзеге асырып келеміз. Бұл жобаның мақсаты - үйде отырған мүмкіндігі шектеулі жандарды ортаға бейімдей  отырып, үйден бір қадам жасап әрі қарай қоғамға  қосылуына жәрдемдесу. Шараға 30 мүмкіндігі шектеулі жан мен еріктілерді қосқанда барлығы 40 адам қамтылды. Көңілді, қызыққа толы сапарымыз «Ер жүректілер» спорт клубының жұмысымен танысудан басталып, әрі қарай киелі Сарайшықта жалғасып,  Атырау облысы тарихи өлкетану мұражайында аяқталды, - дейді жоба кординаторы  Гүлден Утебалиева. 

Мүмкіндігі шектеулі жандардың қоршаған ортаны таныуымен қатар, олардың өздерін толыққанды сезінуіне жол ашып отырған қайырымдылық жобасы алдағы уақытта өз жалғасын табатын болады.

Б.САПАРОВА

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521