Сәуірдің 16-17-сі күндері футзалдан ел чемпионатының кезекті туры ойындарында «Атырау» - «Қайрат» командалары кездесті.
Алматылық «Қайрат» командасының негізгі ойыншыларының бірі, Еуропаның сұрмергені Біржан Оразов әлеуметтік желідегі парақшасында Атыраудан алған әсерімен бөлісті, деп хабарлайды ATPress.kz.
Онда футзалшы мұнайлы өңірдің қонақжайлығына тәнті болғанын айтады.
«Ойын алдында «Атырау» клубының жетекшілері қонақжайлық танытып, ерекше күтіп алды. Клуб ұжымы Еуропа бомбардирі атағына орай естелік сыйлық ретінде «Хан белбеуін» тарту етті. Көп рақмет, ағайын-бауырлар!» дейді ол инстаграм желісіндегі жазбасында.
«Одан бөлек ойынға жанкүйер інім өз пплакатын арқалап келіпті. Плакатта «Біржан, мен сенің жеке жанкүйеріңмін» деп жазып алған. Формамды сұраған еді, қуана-қуана сыйладым.
Менен де мықты ойыншы бол, бауырым!» делінген жазбада.
Айта кетейік, Атырау қаласында өткен екі кездесу де қонақтардың пайдасына шешілді. Есеп – 1:4, 1:3.