Облыстық дене тәрбиесі және спортты дамыту орталығының қолдауымен кіші аяқ доптан 7-8 сынып оқушылары арасында Ұлттық мектеп лигасы ұйымдастырылған-ды.
Аталған жарысқа Қызылқоға, Жылыой, Мақат, Құрманғазы, Исатай, Индер, Махамбет аудандары мен Атырау қаласының командалары қатысты. Махамбет ауданының намысын балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне қарасты Бейбарыс ауылындағы футбол бөлімшесінің тәрбиеленушілері қорғаған болатын.
Жарыстың топтық кезеңінен сүрінбей өткен махамбеттік балғындар жартылай финалда жылыойлықтардан басым түсті. Финалдық бәсекеде құрманғазылықтармен кездескен жерлестеріміз 2:1 есебімен жеңіске жетіп, облыстық ұлттық мектеп лигасының чемпионы атанды. Сонымен қатар 5-6 сыныптар арасында өткен футзалдан жасөспірімдер арасында Ұлттық мектеп лигасында да Махамбет ауданының командасы жоғары деңгейде ойын көрсетті. Бұл жолы да аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне қарасты Бейбарыс ауылындағы футбол бөлімшесі А.Байтұрсынұлы атындағы орта мектептің атынан қатынасып, финалға дейін жетті.
Жартылай финалда Қызылқоға ауданының командасын ұтып, тартысты өткен финалдық ойында Атырау командасынан бір доп айырмасымен жеңілген махамбеттіктер екінші орынға табан тіреді. Балғын футболшыларды Ұлттық мектеп лигасына дайындаған жаттықтырушылар Шыңғыс Мұханғалиев, Әділет Ідрісов пен Асқар Әлдешовтер жарысқа қатысуға қаржылай қолдау білдірген ата-аналарға және сабақтен босатып, көлікпен жәрдемдескен А.Байтұрсынұлы атындағы орта мектептің директоры Оралбай Өтебаев пен аудандық білім бөліміне алғыстарын жеткізді.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ