Қазақстан үшін бұл – ардагер-дзюдошылардың алғашқы жеңісі. Жалпы командалық есепте қазақстандықтар жүлделі I орынға ие болды.
Ардагерлер арасындағы дзюдодан әлем чемпионаты Абу-Дабиде 30 қазан мен 3 қараша аралығында өтті. БАӘ-не әлемнің 64 елінен дзюдошылар келді. Жарыстың алғашқы күнінде-ақ спортшыларымыздың асығы алшысынан түсті.
Дзюдодан ардагерлер арасында бірінші орынды атыраулық Марал Бисекешұлы Көшенов иеленді. Жеңімпазды бүгін Атырау әуежайында жанкүйерлері гүл шоқтарымен, әдемі әуенмен, шашумен қарсылады.
«Жарысқа әлемнің түкпір-түкпірінен ардагер спортшылар, 1000-нан астам дзюдошылар қатысты. Командалық есепте біз I орын алдық. Ардагерлер арасындағы дзюдодан әлем біріншілігінен олжалы оралу – үлкен жетістік болып отыр. Менің салмағым мен жас санатымда барлығы 17 спортшы болды. Бірінші жекпе-жекте мен французды, содан кейін австриялықты жеңдім, жартылай финалда Бразилиядан келген спортшыны да жеңіп, мерейім түсті. Таза жеңіспен қосымша жекпе-жекте испаниялық дзюдошыданда басым түстім. Қыркүйек айында әлем чемпионатында самбодан да жеңіске жеткен едім. Мен үшін биыл сәтті жыл болды. Жеңісімді Атырау тұрғындарына арнаймын», – деді Марал Бисекешұлы.
Биыл Марал аға 60 жасқа толды. Бір қызығы, ол жасына қарамастан спортпен шұғылдануды тоқтатпаған. Сүйікті жұмысынан бір сәтке де қалған емес. Ал, әлем чемпионаты қазақстандық команда үшін олжалы болып, команда қоржыны жалпы көрсеткіште 5 алтын, 3 күміс және 5 қола жүлдемен толықты.
Нұргүл Насыр