«Жаңа пәтер кілттері Спорт күніне арналған салтанатты шарада табысталды», – деп хабарлайды Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.
Спортшыларды кәсіби мерекемен облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов құттықтады.
«Спорт әр адамның өмірінде маңызды рөл атқарады, өйткені балаларымыздың және болашақ ұрпақтың сау болуы бізге байланысты. Ел Президенті республикадағы бұқаралық спорт пен балалар спортын дамытуға ерекше назар аударуды тапсырды. Осы ретте, облыс тұрғындарының 34 пайызы спортпен айналысатынын атап өткен жөн. Яғни, Атырау облысы тұрғындары бұқаралық спортпен шұғылдану бойынша республикада екінші орында», – деді облыс әкімі.
Мерекелік іс-шарада спорттық бәсекелердің жеңімпаздары мен жаттықтырушыларға «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісі мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, Атырау облысы әкімінің алғыс хаттары табыс етілді.
Ал, волейболды отырып ойнаудан Атырау облыстық командасының мүшелері Пердебай Намұратов пен Ақылбек Шікібаевқа жаңа пәтер кілттері табысталды.
« 10 жасымда электр тоғына түсіп, салдарынан аяғым ампутацияланды. Достарымның айтуымен 2012 жылы параволейболға келдім. Құлсарыдан қалаға қоныс аудардым. Спорт менің өмірімді түбегейлі өзгертті, ол үшін мен тағдырға ризамын. Ал бүгін менің қуанышымда шек жоқ, себебі қазір менің жеке пәтерім бар », – деп қуанышымен бөлісті Ақылбек Шікібаев.