Атырау спортының үздіктерін анықтайтын салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев қатысып, әлемдік додада облыс абыройын асқақтатып жүрген спортшыларға алғыс білдірді.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Өскелең ұрпақтың спорттық және шығармашылық әлеуетіне аса назар аудару қажет»,– деп атап көрсеткен болатын. Дені сау ұлт қана бәсекеге қабілетті болады. Спорт адамзатты береке-бірлікке үндейді. Әсіресе, қоғамның әл-ауқатының басты көрсеткіші адамның денсаулығы десек, оны нығайту мен салауатты өмір салтын қалыптастыруда спорттың алар орны ерекше. Жыл ішінде спортшыларымыз түрлі байрақты бәсекелерден олжалы оралып, биік белестерді бағындырып, еліміздің абыройын үлкен додаларда асқақтатты. Баршаңызды жеткен жетістіктеріңізбен құттықтаймын. Байрақты жарыстарда абыройымыз асқақ болсын!-деді М.Мурзиев.
Салтанатты жиында ел абыройын асқақтатып, жеңіс тұғырынан көрінген спортшылар, салаға елеулі үлес қосқан мамандар 19 аталым бойынша марапатталды.
Жыл қорытындысы бойынша Абиба Абужақынова - Олимпиадалық спорт түрлерінен «Жыл спортшысы», Нұрсұлтан Жұмабаев - Олимпиадалық емес спорт түрлерінен «Жыл спортшысы», Жандос Алпысбаев - «Жыл серпілісі», Марал Көшенов - «Атырау спортының майталманы», Мәлік Мерей - «Үздік жас спортшы, Бекет Жүніс - «Ұлттық спорт түрлерінен Жыл спортшысы», Нұрдаулет Сейілбеков - «Үздік жасөспірім спортшы» атанды.
Сондай-ақ, «Атырау» волейбол командасы - «Жылдың үздік командасы», Мақат ауданы - «Үздік спорттық аудан», Атырау Дзюдо спорты - «Ең нәтижелі спорт түрі», Мүгедектер спорттық клубы - «Ең үздік мекеме», №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі - «Ең үздік спорт мектебі», Дәстүрлі садақ ату федерациясы - «Үздік федерация», Идирис Гаджибеков - «Жылдың үздік меценаты», Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті - «Үздік серіктес» атағын иеленді.
Сонымен қатар «Олимпиадалық спорт түрлерінен жылдың үздік жаттықтырушысы» атанғандар - №1 спорт мектебінің таеквондодан жаттықтырушысы Алмаз Жанбиров, №3 спорт мектебінің бокстан жаттықтырушысы Нариман Байманов, Сағыз спорт мектебінің дзюдодан жаттықтырушысы Сәлімгерей Нұрболғанов. Оған қоса, «Олимпиадалық емес спорт түрлерінен жылдың үздік жаттықтырушысы» атанғандар - ГТФ таеквондодан облыстың аға жаттықтырушысы Берік Әлжанов, Джиу-джитсудан облыстың жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Қазболат Сатыбалдиев, Карате-додан облыстың аға жаттықтырушысы Болат Ізбасқанов, «Жылдың үздік спорт директоры» - Олимпиадалық резервтегі облыстық мамандандырылған мектеп-интернет-колледжінің директоры Қайрат Мұратұлы.
Салтанатты іс-шараның соңы концерттік бағдарламаға ұласты.