«Ақ жол» партиясының 20 жылдығы мен Отан қорғаушылар күніне арналған футзалдан «АҚ ЖОЛ СUP – 20» аймақтық турнирі өтті.
Мұнда еліміздің батыс өңірлерінен жиналған медицина қызметкерлері сынға түсті. Турнирде барлығы 7 команда өнер көрсетіп, бақтарын сынады.
Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған «Ақ жол» демпартиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы Ермекқали Юсупов шара шымылдығын ашты. Осыдан кейін Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Ерубаев ізгі тілегін арнап, спортшыларды сәттілік тіледі. Спорт додасына қатысушыларды қолдау үшін арнайы келген мәслихат депутаттары, партия белсенділері мен жанкүйерлердің қарасы қалың болды.
Тартысты өткен турнир бәсекесінде командалар шебер ойын өрнегін көрсетті. Аянбай адал тер төгіп, табандары талғанша биік тұғырдан көрінуге талыпынды. Әрқайсысы жеңіске лайық өнер көрсетіп, жанкүйерлердің ыстық ықыласы мен құрмет-қошеметіне бөленді.
Нәтижесінде, барлық командаларға алғыс хаттар табысталды. Әр номинация бойынша жекелей жеңімпаздар да анықталды. Сонымен, жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Ақтөбе облысының командасы жеңіп алды. Ал, екінші және үшінші орындарды атыраулық «СМ Клиник» пен «Батыс Қазақстан» командалары өзара бөлісті.
Жеңімпаздар Атырау қалалық мәслихат депутаты Жасұлан Исмағұлов, партияның Атырау облыстық филиал төрағасы Ермекқали Юсупов, саяси кеңесшісі Әбілхан Төлеуішов пен аппарат басшысы Айсұлу Қондыбаеваның қолынан медаль тағып, мерейлері өсті.
Айта кетейік, «Ақ жол» демпартиясының 20 жылдық мерейтойына арналған мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.