Ағалар салған сара жол спортты биікке көтерді

Бүгінде спорттың бұқаралық сипат алуына көңіл бөліп отырған мемлекетіміз Қазақстан халқының кемінде отыз пайызы спортпен айналысуын міндет етіп отырған жағдайда, ауданымыздың әрбір азаматы,оның ішінде жастарымыз спортқа ден қойып, көк байрағымызды желбіретуге өзіндік үлестерін қосуда.

Әрине, әрбір жеңісті сәттердің бастауында бапкерлердің еңбегі тұрғаны анық. Спорт күні қарсаңында аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің сектор меңгерушісі Ержан Андашев аудан спортының қалыптасу тарихынан сыр шертіп, бапкерлер мен спортшылардың ерен еңбектері туралы баяндайды.

- Ауданда спорт мектебі қашан, қалай ашылды?

- 1969 жылы 12 тамызда Махамбет аудандық білім бөлімінің №165 бұйрығымен Махамбет балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің іргетасы қаланды. Мектеп оқушылары мен ауыл жастарының жүйелі түрде спортқа ден қойып айналысуына Жылқайдар Сұлтанов ағамыз айтарлықтай еңбек сіңірді. Қазіргі Д.Төленов атындағы мектеп- гимназиясының орнындағы мектеп интернатының жер асты спорт залында, көк ала шаңның ішінде балаларды күрестен жаттықтыруды бастады. Спорт мектебін 17 жыл басқарып, осы жылдардың ішінде аудан спортын белгілі бір деңгейге жеткізді. Жылқайдар ағамыздан кейін спорт мектебінің басшылығына Дүкенғали Төленов, Қазбек Иманғалиев ағаларымыз келіп, аудан спортының дамуына айтарлықтай үлестерін қосты. Бүгінде спортшы ағаларымыздың сара жолын Абат Қабенов жалғастырып келеді.

jyl140820

- Спорт мектебінің ең алғашқы жетістіктері туралы айтып өтсеңіз?

- Жылқайдар ағамыз ауданда күрес спортының, Альфарит ағамыз бокс спортының, Дүкенғали ағамыз волейболдың, ал Анарбек ағамыз баскетболдың негізін қалады. Біз ол кезде жалындап тұрған жас жігіттер едік. Өздігімізден талпынып, көше клубын құрып, футболдан жарыстар ұйымдастыратынбыз. Көше-көше болып сайысқа түсетінбіз. 1981 жылы Үмбеталиев Тыныштық ағай негізін қалаған «Қайрат» ерікті спорт қоғамына төраға болып сайландым. Осыдан кейін футболды дұрыстап қолға алдық. Бапкерлердің төккен тері мен спортшылардың еселі еңбегінің арқасында көп ұзамай көптеген жетістіктерге қол жеткіздік.

s

1989 жылы Тасмағамбетов Құрманғали, Есенаманов Нариман, Есенғалиев Нұролла, Төленов Еркебұландар баскетболдан аймақтық облыс чемпионатына ІІІ орынға ие болды. Дүкенғали Төленовтің шәкірттері Султангубиев Жұмағали, Аймұханов Бекежан, Пазылов Хасан, Есенғалиев Азмұхан т.б жасөспірімдер арасындағы аймақтық Қазақстан Республикасы біріншілігі жүлдегері атанды. 1986-90 жылдары бокстан Шүйіншқалиев Асылбек бүкілодақтық оқушылар спартакиадасының чемпионы, Сұлтангубиев Нұролла бүкілодақтық турнирдің жеңімпазы атанды. Бапкері КСРО спорт шебері Қамбар Андашев болды. Осы жылдары Қабенов Абат қазақ күресінен спорт шебері, республикалық турнирдің жеңімпазы, Ибрашев Мұрат еркін күрестен спорт шебері, бүкілодақтық турнирдің жүлдегері аталымын жеңіп алды. 1987-90 жылдары Карткужаков Марат, Идрисов Қайрат, Ағелеуов Қоныс т.б көптеген футболшылар өз өнерлерін көрсетті. 1989 жылы Махамбет жастар командасы КСРО ардагерлер командасы арасында ойында 1-5, 1990 жылы Махамбет-Қайрат 3-1, 1988 жылы Махамбет – Шинник (Ярославль) 3-3 болып ойнады. Сол кездегі махамбеттік спортшылар спорттың қай саласынан да облыс көлемінде бәйгенің алдын берген жоқпыз.

s

- Аудан спортының бүгінгі ахуалы көңіл көншітерлік пе?

- Махамбет балалар жасөспірімдер спорт мектебінде спорттың сегіз түрі: дзюдо, бокс, футбол, волейбол, баскетбол, жеңіл атлетика және қазақ күресі мен тоғызқұмалақ бөлімдері жұмыстарын жүргізіп келеді.2019-2020 оқу жылында 836 оқушы қабылданып, 26 жаттықтырушы маман жаттығу жұмыстарын жүргізді. Тәрбиеленушілерміз жылма-жыл Халықаралық және ҚР-нің чемпионаттарына қатынасып, шеберліктерін шыңдап, жүлдегерлер мен жеңімпаздар атанып келеді. Мектепте спорттың бұқаралығын дамыту мақсатында Сарытоғай, Ақтоғай, Таңдай, Талдыкөл, Бейбарыс, Алға және Ақжайық ауылдарында, ауыл балаларын спортқа баулу үшін спорт бөлімшелері жұмыс жасауда. Жасөспірімдер арасында күрестен 8, бокстан 9, тоғызқұмалақтан 3 спорт шеберіне үміткеріміз бар. Баскетболшыларымыз облыстық «Junior» лигасына қатысып жүр. Волейболдан Ақтоғай орта мектебінің қыздары дүркін облыс чемпионы атанып жүр.

-Мектептің материалдық базасы туралы не айтасыз?

- Аудан әкімі Жәрдемғали Бахуұлы спорт саласының материалдық-техникалық базасының нығаюына үлкен қолдау көрсетуде. Мектепке былтырғы оқу жылында қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, ғимарат жанынан қосымша күрес, бокс залдары, футбол алаңы және алаңды айналып жүгіріп өтетін жеңіл атлетиканың тартан жолдары төселді. 2019 жылы Ақжайық ауылындағы 160 орындық спорт кешенінің құрылысы аяқталып, бой көтерген су жаңа ғимарат спорт мектебінің теңгеріміне берілді. Аталған спорт кешенінен қосымша футбол, волейбол бөлімшелері ашылып, оған 100-ге тарта оқушы жұмылдырылды. Аудан орталығынан баскетбол алаңының салынуы да жас спортшыларымызға үлкен мүмкіндік беруде.Тағы бір айта кетерлік жағымды жаңалық балғын спортшыларды тасымалдау үшін 17 орындық автокөлік берілді.

-Әңгімеңізге, рахмет!

Б.СҮЙЕУОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT