Жылыойдың Жұлдызы

Халқымыз әрқашан да қарапайым еңбек адамдарын құрметтеп, олардың әрбір ісіне өздерінің алғыстарын білдіріп отырған.

Мемлекет басшысы әділетті Қазақстанда еңбек адамына ерекше құрмет көрсетілетінін айтуы, соған орай, мемлекетімізде «Еңбек адамына құрмет – елге құрмет» саясатының қалыптасуы осының жарқын көрінісі. Мұндағы басты мақсат жалпы қоғамның адал еңбекке деген құрметін арттыру болып табылады.

Еңбек пен табандылық – кез келген жетістікке жетудің кілті. Армандарын еңбегімен ұштастырып, өзінің ғана емес, өзгелердің де өміріне сәуле түсіріп жүрген жандар арамызда баршылық. Солардың бірі – тігінші, дизайнер, кәсіпкер Жұлдыз Жандос. Ол еңбекқорлығымен, ізденісімен және табандылығымен көпке үлгі болып отыр.

Жұлдыз Жандосқызы 1996 жылы наурыз айының 10-ы күні Құлсары қаласында дүниеге келген. Оның тігінге деген қызығушылығы бала кезінен басталды. Бұған ең бірінші себепкер – оның әкесі Жандос Сабыров. Ол кезінде тұрмыстық комбинатта сырт киімдер тігумен айналысқан. Қызына алғаш рет ине ұстатып, тігін өнерінің қыр-сырына баулыған да – әкесі. Жұлдыз үшін ол алғашқы ұстаз әрі шабыт беруші тұлға болды.

Кейіпкеріміз мектепті тәмамдаған соң Ақтөбе қаласындағы гуманитарлық-техникалық колледжін «Бастауыш білім беру» мамандығы бойынша аяқтайды. Алайда, оның жүрегі тігін ісіне тартып тұрды. Өз арманынан бас тартпай, 10 ай бойы ательеде тегін жұмыс істеп, тәжірибе жинады. Кейін сән үйінде қызмет атқарып, кәсіби деңгейін шыңдады.

- Алғашқы еңбек жолымды 2017 жылы Ақтау қаласындағы «Жамал-Ай» фабрикасында бастадым. Онда былғары етіктен бастап, жеңіл туфлиге дейін түрлі үлгідегі аяқ киімдер тіккенмін. Жұмысым ұнады, бірақ былғарымен жұмыс істеудің физикалық ауыртпалығына байланысты ол жерден кетуге тура келді. Жылыойға оралған соң, үйде киім тігумен қатар, тігін курстарын өткіздім. Осы уақытқа дейін 100-ден астам қыз-келіншекті үйреттім, олардың көпшілігі бүгінде өз ісін дөңгелентіп отыр,-дейді тігінші.

Тапсырыс көбейген сайын Жұлдыз ісін кеңейтуге ниеттенді. Ол ауданда тігін цехы мен мата дүкенін ашуға бел буды.

Жас кәсіпкер қазіргі таңда «Жұлдыз-ай» цехын ашып, жеке брендын қалыптастыруда. Арманына қол жеткізген кейіпкеріміз бүгінде 20 адамды жұмыспен қамтып отыр. Олар сұранысқа сай ұзату тойына, сырға салу рәсіміне арналған ұлттық киімдерді тапсырыспен тігеді. Жас кәсіпкердің жеткен жетістіктері де аз емес. Ол 2021 жылы іскер әйелдер форумында «Үздік дизайнер» номинацияын иеленді. Ал, 2022 жылы «Қолөнер дауысы» фестивалінде «Тігін бұйымдары» номинация-сы бойынша гран-приге қол жеткізді. Сондай-ақ, «Шабыт шеберлері» фестивалінде «Үздік шебер» атанды.

Бүгінде кәсіппен айналысқысы келетін қыз-келіншектер де жетерлік. Осы тұста қолөнер шебері кез келген адам алдымен өзінің сүйетін істі таңдауы қажет. Өйткені кәсіп ашу оңай емес. Әсіресе тігін саласы бойынша курс оқып алып, кәсіпті бастап кетудің қажеті жоқ. Алдымен білім алып, тәжірибе жинақтау керек. Бұл – табыстың кілті. Ең бастысы еңбектен қорықпау, бастаған істі соңына дейін жеткізу маңызды екенін тілге тиек етті.

Жұлдыз Жандос – өз арманын еңбегімен жүзеге асырған, талай жанға үлгі болар еңбек адамы. Оның табандылығы, кәсіпкерлігі, өзгелерге қолдау көрсетуі – шынайы еңбектің жемісі. Еліне қызмет етіп, қыз-келіншектерге жаңа мүмкіндік сыйлаған жанның еңбегі қашанда құрметке лайық.

 

А.Мейрамбайқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT