Жылыойда су шайған жолдар қалпына келтірілуде

Жылыой ауданында су тасқыны кезінде бүлінген жолдарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды. Жылыой ауданы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бекет Бозжігітовтің айтуынша, бүгінде ұзындығы 12,1 шақырым жолдың 4,2 шақырымы төселді.

- Қазіргі уақытта бүлінген жолдарды қайта қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Мердігер мекеме - «Казком сервис» ЖШС. Жалпы жөндеуді қажет ететін 18 көше бар, бүгінде оның 8-і қалпына келтірілді. Барлық жұмыстар күзге дейін толық аяқталады,- деді Б.Бозжігітов.

Ал облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әлібек Мұханбеталиев су тасқыны кезінде бүлінген республикалық маңызы бар «Атырау-Доссор-Құлсары-Бейнеу» тас жолы да қалпына келтіріліп жатқанын айтты.

- Бұл тас жолдың 3 км-63 км аралығында жөндеу жұмыстары жүруде. Мердігер мекеме-«Бірлік жол» ЖШС. Ал 66-119 км аралықтарында «Казсервис» ЖШС ағымдық жөндеу жұмыстарын жасап жатыр. Құлсарыға кірер маңдағы 171- 210 км аралығын қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізетін мердігерді анықтауға конкурс жарияланды. Жалпы жұмыстар жыл соңында аяқталады деп күтіліп отыр,- деді Ә.Мұханбеталиев.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT