Биыл өңірде көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстары ерте басталды. Былтыр Жылыой ауданын әбден шығындатқан тасқын су инфрақұрылым мен 3 мыңға жуық тұрғын үйге зардабын тигізді.
Осыны ескерген жауаптылар Жылыойға судың көп бөлігі келгенше, Жем өзені бойында бөгет соғу, жағалауды нығайту, өзенді тереңдету сынды жұмыстарды қарқынды жүргізіп жатыр. Бүгінде ұзындығы 50 км болатын Жем өзені толықтай тереңдетілді. Бұл туралы Жылыой ауданында өткен арнайы баспасөз турында айтылды.
Жалпы тасқын судың алдын алу шаралары былтыр басталды дейді жауапты мамандар.
«Құлсары қаласын судан аман алып қалу мақсатында жұмыстар күшейтілді. Жем өзені бойындағы қауіпті 6 участокте тәулік бойына ахуалды бақылауға ұстайтын 2 кезекшілік топ құрылды. Қажетті техника, құм толтыратын қаптар мен жанар жағар май толықтай дайын. Осы айдың аяғына дейін негізгі су көлемі азаяды деп күтілуде. Құрсай өзенінің 80%-ы, ал Жем өзенінің арнасы толығымен тазартылды», дейді облыс әкімінің орынбасары Қайрат НҰРТАЕВ.
Дайындық шараға төтенше жағдай департаменті мен Қарулы күштерден 150-ге жуық адам жұмылдырылды. Маңғыстаудан 55, Ақтөбе облысынан 45 ТЖ мамандары көмекке келді. Суды тереңдету жұмыстары бойынша 2 техника Тұрғызба ауылында жұмыс жасауда. Ақкиізтоғай ауылы мен Тұрғызба ауылы арқылы теңізге дейінгі өзен арнасы кеңейтілді. Ал 46 км болатын Құрсай каналының 30 км-ден астам бөлігіне тереңдету жұмыстары жүргізілді.
Тасқын судың алдын алу жұмыстарына Атырау облыстық құрылыс басқармасы «Сапинвест» ЖШС мердігер компаниясымен келісімшартқа отырған.
«Жылыой ауданында соғылған бөгеттің жалпы ұзындығы 100 км болады. Ені 26 км болатын бөгеттерге бекітпе құрылғылар қойылған. Бұдан бөлек 3 гидробект орнату жоспарда бар. Қазіргі таңда бөгеттердің 78%-ы аяқталды» дейді құрылыс басқармасының басшысы Нұрберген Құсайынов.
Бүгінде Жем өзенінің су деңгейі күніне 9-10 см-ге өсуде. Қауіп деңгейі 340 см дейді мамандар, ал 26-наурыздағы мәлімет бойынша 261смге жеткен.
Жылыой ауданы әкімінің сөзіне сүйенсек, қазіргі уақытта тасқын қаупі әзірге жоқ. Дей тұрғанмен, табиғаттың құбылмалы екенін ескеріп су ағысын бақылауда ұстауда.
Айта кетейік, Атырау облысы су басу қаупі бойынша орта деңгейдегі аймаққа жатса, облыс бойынша Жылыой және Қызылқоға ауданы тасқын судың қаупі бар аймаққа жатады.
Хұсни ХАМЗА