Жылыой ауданының тағы 13 тұрғыны өз бизнесін бастауға қолдау алады

2025 жылы Жылыой ауданында «Таңдау» жобасының алғашқы легі аяқталды. Нәтижесінде ауданның тағы 13 тұрғыны өздерінің бизнес-идеяларын іске асыру үшін қаржыландыру алады. Жобаны Орталық Азияның Еуразия қоры (ЕАЕҚ) «Теңізшевройл» компаниясының (ТШО) қолдауымен ауданды дамыту бағдарламасы аясында жүзеге асыруда. Жоба шағын және орта бизнесті дамытуға серпін беріп, тұрғындарға өз ісін сенімді бастауға мүмкіндік береді.

Биыл жобаға 73 адам өтініш беріп, соның 42-сі жартылай финалға шықты, ал 27 қатысушы бизнес-акселераторды сәтті аяқтады. Қатысушылар стратегиялық және қаржылық жоспарлау, маркетинг және көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын үйреніп, кейін өз жобаларын тәжірибелі кәсіпкерлер, ТШО және ЕАЕҚ өкілдерінен тұратын комиссия алдында қорғады.

Жеңімпаздар арасында жобаның әртүрлі мақсатты топтарының өкілдері бар:
• 6 көпбалалы отбасы,
• 35 жасқа дейінгі 7 жас қатысушы,
• 3 жұмыссыз,
• 2 мердігер ұйымдарының қысқартылған қызметкері.

Болашақ кәсіпкерлер бизнестің әртүрлі салаларын ұсынады: жиһаз өндірісі, жарнама қызметтері, ет өнімдері, полиграфия, автокөлік жуу, наубайхана, электр қызметтері, экологиялық таза өнімдер, түзету және дамыту орталығы, ауыл шаруашылығы, сублимирленген жемістер өндірісі, тігін ісі және ерлерге арналған сыйлық дүкені.

Жеңімпаздардың бірі — Анар Жүнісова өз тәжірибесімен бөлісті:

«Мен «Таңдау» жобасын Instagram арқылы бақылап жүрдім. Кейін қызығушылығым артып, қатысып көруді шештім. Соңында жеңімпаз атандым. Енді қажетті құрал-жабдықтарды алып, фудфлористика бағытында сублимирленген жемістер өндірісін дамытуды жоспарлап отырмын. Жоба маған үлкен тәжірибе, жаңа идеялар және шабыт берді. Ол тек кәсіпкерлік үшін ғана емес, жеке дамуым үшін де пайдалы болды. Ұйымдастырушыларға кәсіби жұмысы үшін алғыс айтамын».

Айгүл Тағатова, ЕАЕҚ әлеуметтік кәсіпкерлік бағдарламасының директоры, жобаның ерекшелігін былай түсіндірді:

««Таңдау» жобасы 2023 жылдан бері жүзеге асырылуда. Қатысушылар негізгі кәсіпкерлік дағдыларын меңгеріп, бес жылға пайызсыз несие арқылы құрал-жабдық алады. Жобаның ерекшелігі – қайтарылған қаражатты жаңа бизнес бастамаларына қайта инвестициялау. Бұл ауданға шағын және орта кәсіпкерлікті қолдаудың тұрақты жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді».

«Таңдау» жобасы қоғамды дамытуда маңызды құралға айналып, Жылыой ауданының тұрғындарына өз идеяларын нақты бизнеске айналдыруға көмектесуде.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT