Жыл басынан бері Атырауда «CarGoRuqsat» электрондық кезек жүйесі арқылы 4500-ге жуық жүк көлігі өтті

Былтыр «CarGoRuqsat» онлайн брондау сервисі арқылы ЕАЭО елдерімен шекарадан 83600-ден астам жүк көлігі өткен. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Мейрамбек Шманов баспасөз брифингінде мәлім етті, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Спикердің айтуынша, электрондық кезек жүйесі Атырау облысындағы «Құрманғазы» автомобиль өткізу пунктінде 2024 жылғы 9 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілген. Жүйенің басты мақсаты – тасымалдаушыларға электронды кезекті алдын ала брондау және шекарадан өту барысында құжаттарды автоматтандырылған түрде тексеру мүмкіндігін беру.

– «CarGoRuqsat» сервисі шекарадан өтудің жеделдігін арттырып, көлік кептелістерінің алдын алуға мүмкіндік береді. Жүйе арқылы жүргізушілер кезекке онлайн тіркеліп, қажетті деректерді алдын ала енгізе алады. Бұл тасымал ағынын тиімді реттеуге жағдай жасайды, – деді Мейрамбек Шманов.

Электрондық кезекті брондау үшін тасымалдаушылар https://cgr.qoldau.kz/ru/start сілтемесі арқылы тіркеліп, өткізу пунктін, шекарадан өту күні мен уақытын көрсетуі қажет. Өтінім мақұлданғаннан кейін көлік құралдарының өткізу пунктіне белгіленген уақытта келуі міндетті.

Айта кетейік, «CarGoRuqsat» электрондық кезек жүйесі бұған дейін Қазақстанның Қытай, Өзбекстан және Түркіменстанмен шекарасында енгізіліп, оң нәтиже көрсетті. Сервис отандық мамандардың қатысуымен әзірленген. Электронды кезекті брондау көлік түріне қарай 1 АЕК-тен 100 АЕК-ке дейін ақылы түрде жүзеге асырылады.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT