Журналистік зерттеу: «Кезектен тыс алтыншы сайлаудың артықшылығы қандай?»

Елімізде кезектен тыс Президент сайлауының науқаны басталып та кетті.

Ресми БАҚ –тан күнделікті жаңалық халыққа қолжетімді болып отыр. Президенттікке өз кан- дидатурасын ұсынған үміткерлер талаптарға сай жан-жақты тексеруден өткізілді. Үміткерлердің әрқайсысы әртүрлі салада, әртүрлі қызметте жүрген адамдар. Бірақ бәрінің де мақсат мүддесі бір екеніне халық сенеді және таңдауды да халық жасайтыны анық. Тәуелсіздік алғалы бергі 31 жылда Қазақстан азаматтары алты рет президент сайлаған. Сайлаудың бесеуі кезектен тыс өткен. Осылайша, тәуелсіз Қазақстан тарихындағы тағы бір кезектен тыс Президент сайлауына кандидаттарды ұсыну 23 қыркүйектен басталып, 11 қазан күні сағат 18:00-де аяқталады. Нәтижесінде еліміздегі түрлі қоғамдық бірлестіктер атынан 12 кандидит ұсынылды.

sailau2

ӘР ҮМІТКЕРГЕ 118 000 ҚОЛ КЕРЕК

Президенттік сайлауға халықтық коалициядан қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, «Аманат» Қазақстан кәсіподақтары достастығы» республикалық кәсіподақтар одағынан Мейрам Қажыкен қатысуды жоспарлап отыр. Қазақстан Республикасы Президенттігіне Кәсіби әлеуметтік қызметкерлер ұлттық альянсынан Қарақат Әбден, «Ауыл» партиясынан Жигули Дайрабаев, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан Нұрлан Әуесбаев үміткер. Қазақстан құрылысшылар одағынан Талғат Ерғалиев, «Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігінен Жұматай Әлиев, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінен Салтанат Тұрсынбекова, «Мұғалмас» ҚБ атынан Нұржан Әлтаев, Хайролла Ғабәлі «Асар» оралмандар қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінен.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидаттарды тіркеудің соңғы күні «Қазақстандық футбол жанкүйерлер лигасы» қоғамдық бірлестігінен Бақыт Жаңабаев пен «Практикалық психология» республикалық қоғамдық бірлестігінен Фатима Бизақова Орталық сайлау комиссиясына құжаттарын тапсырды. Еске салайық, сайлау 20 қарашаға белгіленген. Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидаттар үшін сайлау жарнасының мөлшері бүгінде 3 миллион теңгені құрайды. Кандидат Қазақстан Республикасында туылған Қазақстан азаматы, жоғары білімі бар, Қазақстан Республикасының аумағында соңғы 15 жыл тұрған болуы шарт. Жасы кем дегенде 40 жаста болуы керек. Өтініш берушінің белсенді сайлау құқығы болуы, мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы лауазымдарда кемінде 5 жыл жұмыс өтілі болуы және мемлекеттік тілді еркін меңгеруі қажет. Қазақстан Республикасы Президенттігіне үміткерлердің әрқайсысы 118 000 қол жинауы керек.

sailau4

ӘЙЕЛДЕРДІҢ БЕЛСЕНДІЛІГІ ЖОҒАРЫ

Бұл жолғы Президент сайлауының бір ерекшелігі әйел азамтшалардың белсенділігі болып отыр. Олар ерлермен тең құқылы дәрежеде өз кандидатурасын ұсынып, бақтарын сынап көрмек. Алғашқылардың бірі болып «Ұлттық альянс» қоғамдық ұйымынан Қарақат Әбден кандидат ретінде ұсынылды. Әбден Қарақат Жақсылыққызы – 4 баланың анасы, белгілі қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылықдемографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, Астана қаласы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі, елордалық қоғамдық кеңестің мүшесі. 1974 жылы Ақмола облысында туған. Мемлекеттік қызметте, оның ішінде Салық комитетінің орталық аппаратында, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында 10 жылдан астам жұмыс тәжірибесі бар. VI шақырылымдағы Астана қаласы мәслихатының депутаты болған. Ал Астанада өткен «Қазақ аналарыдәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің жиынында Президент сайлауына үміткер ретінде аталған бірлестік атынан Салтанат Пархатқызы Тұрсынбекова ұсынылды. Кандидатураны бірлестіктің елордадағы 20 өкілі мен жиынға бейнебайланыс арқылы қатысқан 18 өңірдегі мүшелері қолдады. Салтанат Тұрсынбекова – белгілі қоғам қайраткері, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат Ұлттық комиссиясы төрағасының орынбасары. Соңғы жылдары тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы және оның алдын алуға арналған бірнеше әлеуметтік жобаларға жетекшілік еткен. Ол 1966 жылы Жамбыл облысында туған, отбасылы, 2 бала тәрбиелеп отыр. Мемлекеттік қызметтегі жұмыс өтілі 30 жылдан асады. ПРЕЗИДЕНТ НЕГЕ ЕМТИХАН ТАПСЫРМАЙДЫ? Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман ҚР президенттігіне үміткер ҚасымЖомарт Тоқаев лингвистика комиссиясында мемлекеттік тілден емтиханды неліктен тапсырмайтынын түсіндіріп өткен еді. «Сайлау туралы ҚР Конституциялық Заңының 54-бабы 2-тармағына сәйкес, мемлекеттік тілді еркін меңгергенін анықтау рәсімі кандидатурасы өкілеттерін келесі мерзімге қайта ұсынылған, жұмыс істеп жүрген республика Президентіне қолданылмайды». ҚР ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 59-бабының 5-тармағына сәйкес барлық құжаттар заңда белгіленген мерзімде қабылданғанын айтты.

sailau

ТОҚАЕВТЫ ҚОЛДАҒАН КОАЛИЦИЯ ҚҰРАМЫНДА КІМДЕР БАР?

Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат ретінде тіркеді. «Аумақтық сайлау комиссияларының хаттамасына сәйкес, ҚР Президенттігіне кандидатты қолдау үшін уәкілетті өкілдер Қазақстанның бүкіл өңірлері бойынша 399 809 азаматтың қолын жинады. Бүгінде оның 141 045-і тексерілді, тексерілгендердің 140 167-сі түпнұсқа деп танылды», - деді ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман. Ал өткен аптада Президенттікке Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынылғаннан бастап Халықтық коалиция құрылды.

Өйткені Мемлекет басшысы бұған дейінгі мәлімдемесінде: «Мен белгілі бір ұйымнан емес, елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың әлеуметтік негізін қалыптастыратын қоғамдық-саяси күштердің үлкен коалициясының атынан сайлауға қатысқаным дұрыс болады деп ойлаймын. Сондай-ақ бұл Мемлекет басшысының түрлі партиялардан, бірлестіктерден тең арақашықтық сақтау қағидатын нығайтуға мүмкіндік береді. Сайлау науқанын заңдарды қатаң сақтай отыра өткізуді қамтамасыз ету маңызды. Мен Мемлекет басшысы ретінде президент сайлауының әділ әрі ашық өтетініне кепілдік беремін», -деген еді. Бүгінде коалиция құрамында үш парламенттік партия мен 20-дан астам қоғамдық бірлестік бар. Олардың бәрі көп жылдан бері еліміздің қоғамдықсаяси өміріне белсене араласып келе жатқан жұртшылыққа белгілі ұйымдар. Бірнеше күн ішінде 400 мыңға жуық қол жиналған және Орталық сайлау комиссиясынан коалиция атынан үміткерді ресми түрде тіркеу жөніндегі куәлік те алынған. Бұл туралы Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов журналистерге берген сұхбатында мәлімдеген еді. Халықтық коалицияның құрамында «AMANAT» партиясы, Қазақстан Халық партиясы, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы, сондай-ақ 20-дан астам республикалық қоғамдық бірлестік кірді. Олардың арасында: «Ардагерлер ұйымы», «QAZAQSTAN TEAM», «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі», «Генералдар кеңесі», «Қазақстандық спортшылар одағы» және т.б. бар.

sailau3

ҚАНША АДАМНЫҢ ҚҰЖАТЫ КЕРІ ҚАЙТАРЫЛДЫ?

ОСК-ның кезекті брифингіінде Мұхтар Ерманның айтуынша, тек бір адамның құжаты ғана кері қайтарылғанын мәлімдеді. «Біз үміткерлердің құжаттарын 11 қазан 18:00-ге дейін қабылдадық. Тек бір Польша мемлекетінің азаматшасының құжаттары кандидат ретінде қабылдады»,- деді ОСК хатшысы. Өйткені үміткердің құжаттары заңда көрсетілген талаптарға сай келмейтіні белгілі. Сонымен қатар 13 қазан күні ОСК-ның хабарлауы бойынша тағы 3 үміткерді тіркеу тоқтатылған. Қабылданған құжаттарды арнайы органдар арқылы тексеру барысында Талғат Файзуллиұлы Ерғалиевтің мемлекеттік қызметтегі жұмыс өтілі жеткіліксіз екені анықталған. Оның мемлекеттік органдарда жұмыс тәжірибесі 3 жыл 4 ай. Сонымен қатар оның кандидатурасын заңды ұйым ұсынған. Талапқа сәйкес, ҚР Президенттігіне үміткер азамат сайлауға заңды ұйым атынан түспеуі тиіс. Осыған сай, Талғат Ерғалиев ҚР «Сайлау туралы» Конституциялық заңның 55-бабы 1-тармағының ережелеріне сәйкес келмейді деп танылды. Тиісінше, ОСК үміткерді тіркеуден бас тарту туралы шешім қабылдады. Ал, Фатима Бизақованың мемлекеттік қызметтегі жұмыс өтілі жоқ екені анықталған. Осыған байланысты Орталық сайлау комиссиясы оның кандидатурасын ҚР «Сайлау туралы» Конституциялық заңның 54-бабында көзделген ережелерге сәйкес емес деп таныды. Сәйкесінше құзырлы орган Фатима Бизақованы ҚР Президенттігіне кандидат ретінде тіркеуден бас тарту туралы шешім қабылдады. «Оралмандардың «Асар» бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігі ұсынған Хайрулла Ғабжалилов мемлекеттік қызмет өтілінің болмауына байланысты «ҚР сайлау туралы» Конституциялық Заңының 54-бабы, сондай-ақ 59-бабы 7-тармағының 3-тармақшасына сәйкес қойылатын талаптарға сәйкес келмеген. Оның үстіне Хайрулла Ғабжалилов ҚР азаматы емес және Қазақстанда соңғы 24 жыл тұрмаған. Үміткерді тіркеуден бас тарту туралы шешімге Орталық сайлау комиссиясының мүшелері бірауыздан келісті.

Айнұр САТАЕВА

«Жайық шұғыласы» газетінің тілшісі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT