Жәрмеңкеде 62 адам тұрақты жұмысқа орналасты

Индер аудандық мансап орталығының арнайы ұйымдастыруымен жұмысшы мамандықтар жылына орай дәстүрлі бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.

Аудандық жастар ресурстық орталығының ғимаратында өткен жәрмеңкеге жұмыссыз азаматтар көптеп қатысты. Шара барысында Мансап орталығының директоры Динара Мусина жәрмеңкенің маңызы мен ерекшелігіне тоқталып өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында әлеуметтік ахуалды жақсарту мен жұмыссыздықпен күрес негізгі басымдықтардың бірі ретінде айтылды. Осыған байланысты ауданда орналасқан мекемелер мен ұйымдармен тығыз байланыс орнату арқылы халықты жұмыспен қамту бағытында кешенді шаралар атқарылып келеді, – деді ол.

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ұйымдастырылған бұл жолғы жәрмеңкеге аудандағы 25 мекеме мен бөлім қатысты. Нәтижесінде, жылыту қазандығының операторы, логопед, балабақша тәрбиешісінің көмекшісі сынды түрлі мамандықтар бойынша 62 адам тұрақты жұмысқа орналасса, 14 адамға бағыт-бағдар беріліп, тиісті кеңес ұсынылды.

Мұндай жәрмеңкелер алдағы уақытта да тұрақты түрде ұйымдастырылатын болады.

С.КӨШЕКОВ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Республика күні

AQPARATPRINT