Жомарт жүректі жандар

Қарашаның үшінші жексенбісінде жыл сайын ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлерінің төл мерекесі тойланады.

Менің ойымша, бұл – барша махамбеттіктер үшін дәстүрлі мереке. Өйткені ауданымыз – Атырау облысының азық-түлік белдеуі саналатын, бірден-бір аграрлық саласы дамыған өңірі.

Сондықтан бұл ауданның дамуына үлесін қосып жүрген әр адам үшін бұл ортақ мереке болуы керек. Ауылымызда мал шаруашылығын да, егін шаруашылығын да, басқа да салаларын шыр айналдырып отырған шаруагерлер ауданымызда аз емес. Әрине, қазіргі заманда кәсіп бастап, оны ары қарай дамытып, алып кету де оңай емес екені белгілі.

Соған қарамастан тынымсыз еңбектің арқасында кәсібін де дөңгелетіп, қарапайым халыққа қайырымдылығын да көрсетіп, елдің алғысына бөленіп жүрген азаматтар туралы төл мереке қарсаңында аудандық газет арқылы бір ауыз жылы лебізімді білдіргенді жөн көрдім. Көптеген жетімдер мен жесірлерге көмек қолын созып жүрген Жеңісбай Досқайыров ағамыз, Махамбет Избулов бауырымыз, баспана бас ауруына айналған жандарға үй алып беріп, қуанышқа кенелтіп жүрген Әділ Жұбанов пен жас та болса, бас болып жүрген жомарт жүректі кәсіпкер Еркебұлан Кенжеғалиевтерді ерекше атап өткім келеді. Қолымда бар деп мастанбай, бойларындағы адамгершілік қасиеттерін сақтап қалған, қашан көрсек те кішіпейіл қалыптарынан танбайтын арда азаматтарға ауылдастарымның атынан тек амандық тілеймін. Алланың өзі де қайырымды жандарды жақсы көреді. Өздерінің істерімен өзгелерге үлгі болып жүрген осындай жандарға қашанда Алланың нұры жауып, тастары өрге домалай береріне күмәнім жоқ.

Клара АБДРАХМАНОВА,

көпбалалы ана

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521