Атырау қаласында «Авангард» шағынауданының соңғы аялдамасында “Жолда қабылдау” республикалық акциясы өтті. Жергілікті полиция қызметі, Әкімшілік полиция, Тәрбие және кадр бөлімі және Көші-қон полиция қызметкерлері акцияның бірінші күнінде 100-ден аса қала тұрғындарына құқықтық көмек көрсетті. Тұрғындар әртүрлі мәселелер бойынша құқықтық кеңес алып, ұсыныс-талаптарын жеткізді.
Мәселен, акция барысында сауалдардың басым көпшілігі жол белгілерінің қойылу заңдылығы, келіп түскен айыппұлдар, заңсыз көші-қон мәселесі және жұмысқа орналасу үшін қажетті ақпараттар туралы қойылып, барлық сауалдарға жауап берілді. Сондай-ақ, тұрғындар тарапынан кейбір көше қиылыстары мен өткелдеріне жол белгілері мен жасанды жол кедергілері қажеттігі жөнінде ұсыныстар түсіп, қабылданды.
Айта кету керек, бұл акция халық пен полиция қызметкерлері арасында тығыз қарым-қатынас орнатуға және сенімділікті арттыруға бағытталған. Тәртіп сақшылары тұрғындарға, жол қозғалысына қатысушыларға заң аясында кеңес беріп, көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілерге жол-көлік оқиғасының алдын алу және оны болдырмау мақсатында түсіндірме, профилакталық жұмыстарын жүргізіп, сұрақ қойған тұрғындармен кері байланыс орнатты.
Акция 17 тамызға дейін жалғасады.