ЖОЛ ЖӨНДЕУ ШЕБЕРІ

Сағыз теміржол стансасындағы №9 Атырау жол жөндеу мекемесінің жол жөндеу шебері Амантай Бектұрғанов теміржол саласында 2007 жылдан бері үздіксіз еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі маман.

Ол қарапайым жұмысшы болғанымен мыңдаған адамның күнделікті қауіпсіз қатынауына үлес қосып жүрген өте маңызды мамандық иесі. Темір жол – ел экономикасының күретамыры. Сонымен қатар қауіпсіздікті талап ететін ерекше аймақ. Мұнда әрбір секунд, әрбір ереже маңызды. Бұл ретте Амантай Селбайұлы секілді теміржол жөндеу шеберлері күн сайын осы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін аянбай еңбек етіп келеді. Олардың күнделікті міндеті – теміржол жолдарының жарамдылығын, бүтіндігін тексеру, жөндеу және қауіпсіздігін сақтау. Бұл мамандық – физикалық күш пен төзімділікті ғана емес, жауапкершілік пен табандылықты да талап ететін ауыр, бірақ абыройлы жұмыс. Әр пойыздың қауіпсіз өтуін қамтамасыз ететін жол жөндеушілер шілденің шіліңгір ыстығында, қыстың қақаған аязы мен күздің жаңбырлы күнінде де темір жол бойында тынымсыз еңбек етеді. Осыдан 40 жыл бұрын Сағыз ауылында дүниеге келген Амантай №9 орта мектебінде білім алып, 9-сыныпты бітірген соң қазіргі Қызылқоға аграрлы-техникалық колледжіне оқуға түсіп, «мұнай операторы» мамандығын алып шығады. Екі жыл Қапшағай қаласында Отан алдындағы борышын өтеп келген соң Сағыз теміржол стансасындағы №9 Атырау жол жөндеу мекемесіне механик-реттеуші (механик-наладчик) мамандығы бойынша жұмысқа орналасады. Яғни ол теміржолдағы түрлі жабдықтарды, соның ішінде өндірістік, технологиялық жабдықтарды баптаумен, техникалық қызмет көрсетумен және жөндеумен айналысады.

Жұмысқа жаңадан кірген жас маманды теміржолшылар жатырқамай өздеріне тартып, білгендерін үйретеді. Әсіресе, әріптес ағалары Аманқос Бектұрғанов пен Темірхан Андиров жауапкершілігі мол бұл саланың қыр-сырын бар мейірімімен үйретіп, оның өз мамандығын тереңнен меңгеруге көп еңбек сіңіреді. Кейіпкеріміздің айтуынша, әрбір жол шебері өзі ісіне жауапкершілікпен қарауы тиіс. Болмашы ғана қателік үлкен шығынға әкеліп, тіпті адам өміріне қауіп төндіреді. Әрбір бригада өз аумақтарындағы теміржол бойын жіті тексеріп, қажет болған жағдайда жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Теміржолда жүріп-тұрудың өзіндік тәуекелдері бар. Сондықтан қырағылық пен тәртіптілік бірінші орында тұруы тиіс. Кейде теміржол рельсін немесе ескі темірбетон шпалдарын жаңасымен ауыстыруға тура келеді. Сол уақытта пойыздар қозғалысы белгілі бір уақытқа, тиісті мекемелермен алдын ала келісу арқылы тоқтатылады. Бұл технологиялық шараны теміржолшылар «терезе» деп атайды. «Терезені» мамандар жұмыстың күрделілігіне қарай 4-8 сағатқа дейін жоспарлайды. Яғни, осы уақыт аралығында, көпірдегі негізгі жұмыстарды аяқтап, пойыздар қозғалысы қалпына келтірілуі тиіс.

– Менің бұл жұмысқа кіруімнің де өзіндік себебі бар. Өйткені ес білгелі көріп өскеніміз осы теміржол. Кішкентай кезімізде ауылда күні-түні салдырлап пойыз өтетін. Теміржол бойында тізіліп тұрған пойыздарды тексеріп адамдар жүретін. Осының бәрі әсер етсе керек, өсе келе өмірімді осы теміржолмен байланыстырдым. Менің күнделікті жұмысым әртүрлі. Рельсті кесіп, тесемін, бұзылған кіші механизмдермен жұмыс жасаймын, теміржол бойындағы пойыздың бағытын бұратын бұрандамаларды қайраймын. Әрине жұмыстың ауыр да, жеңіл де сәттері болады. Бригададағы 10 адаммен қысы-жазы, боран-шашын демей, теміржол қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз. Бұл мамандықтың қиындығы – ауа райымен санаспайтындығында. Бірақ қызығы да бар. Күн сайын қозғалыста боласың, рельс бойынан өткен әр пойызды көріп, нақты еңбектің жемісі екенін білесің, қуанасың. Әр сапардың қауіпсіздігі – жол жөндеушінің маңдай терінің өтеуі. Бұл мамандықты игеру үшін ең бастысы – ынта мен жауапкершілік қажет, - дейді Амантай ағына жарыла сөйлеп.

Кейіпкеріміздің әкесі Селбай аудан аумағындағы «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасында мұнайшы болып қызмет атқарып, зейнеткерлік демалысқа шықса, анасы Меңдібала теміржолдың күзет саласында ұзақ жыл еңбек етті. Қазір екеуі де еңбегінің зейнетін көріп, немерелерінің қызығына бөленіп отыр. Қазіргі таңда Амантай өмірлік серігі Гауһар екеуі екі ұл, бір қызды тәрбиелеп отырған ардақты әке мен ана. Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын білікті маман осы уақытқа дейін жинаған тәлімі мен тәжірибесін ортаға салып, кейінгі буынға үйретуден жалыққан емес. Жауапты жұмыста уақытпен санаспай еңбек еткен кейіпкеріміз сала басшылығы тарапынан бірнеше мәрте Алғыс хатпен марапатталды. Жоғарыда айтқанымыздай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялағаны белгілі. Бұл ретте қарапайым жұмысшы мамандығын иеленген Амантай секілді теміржолшылардың еңбегі көпке үлгі болып, олардың еңбекқорлық, кәсіби біліктілік сияқты қасиеттері өте жоғары бағаланып, дәріптелуі тиіс. Өйткені олар күнделікті қауіптің ортасында жүрсе де қоғамның тыныштығына қызмет ететін нағыз еңбек ерлері.

 

Бауыржан САҚТАСЫНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT