ЖИГУЛИ  МЕХАНИЗАТОРЛАР МӘРТЕБЕСІН КӨТЕРУГЕ СӨЗ БЕРДІ

Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Жигули Дайрабаев Ақтөбе облысының сайлаушыларымен кездесті.

Аймақтың тыныс-тіршілігімен танысты. Кандидат жұртшылықпен тілдесе отырып, өзінің сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарына да тоқталды. Ақтөбе облысы өнеркәсіпті өңір болғанымен халқының жартысына жуығы ауыл шаруашылығымен айналысады. Бұл жолғы кездесуде  АӨК ішіндегі салалар, атап айтқанда, мамандарды даярлау көбірек қарастырылды. Басқосу Ақтөбе қаласының ауыл шаруашылығы колледжінде өтті. Кандидат колледждің оқытушыларымен кездесті. Қазіргі таңда еңбек нарығында дефицит болған мамандықтар туралы сөз қозғалды. Президенттікке кандидат жас кадрларды даярлаудың маңыздылығы туралы айтты.

«Аграрлық державаның құрылуы өңірлерде жұмыс істеуге және агробизнестің жаңа түрлерін біріктіруге дайын жаңа, білімді жастарды қалыптастыруды талап етеді. Қазір колледждерде, менің пікірімше, еңбек адамы болып саналатын механизаторлар дайындалып жатыр. Егер  менің бағдарламам жүзеге асырылған жағдайда болашақта олар жоғары мәртебеге ие болатынына сенімдімін», – деді ұстаздар алдында сөз сөйлеген Жигули Дайрабаев.

Кандидат одан кейін Қарғалы ауданына ат басын бұрып, ондағы аймақта жергілікті көкөністерді сақтау үшін салынған нысан – көкөніс қоймасының жұмысымен танысты. Көкөніс қоймасы мәселесі кезінде өңірде өте өткір болды. Өнім өндірушілер жергілікті әкімдік басшысы – аудан әкімнің қолдауымен осы нысанды салуға қол жеткізді. Нысанның пайда болуы көптеген мәселені шешті. Қазір ол көкөністермен жұмыс істейтін шаруашылықтарға қызмет етеді. Бұл қаладағы бағаға да айтарлықтай әсер етті.  Бүгінде көпшілік осындай көкөніс қоймалары желісін арттыруға мүдделі.

«Тауар өндірушіде сақтау және сату мәселесі ешқашан болмауы үшін мұндай нысандар әр ауданда болуы керек», – деді Жигули Дайрабаев. Кандидат бұдан кейін шаруашылықтарға барып, мәдениет үйінде аудан тұрғындарымен кездесті. Кездесуге жетпіске жуық адам қатысты. Жиынға жиналғандар алдында кандидат өз бағдарламасы туралы айтты. Жиын соңында кандидатты оның әріптестері – фермерлер туған күнімен құттықтады. Иығына шапан жауып, ақ жол тіледі. Кандидат саяси додада табаны таймау үшін ырымдап, ат тағалады.

«Ауыл» ХДПП Баспасөз қызметі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521