ЖИ дәуіріндегі мектеп. Оған дайынбыз ба?

XXI ғасырдағы білім беру жүйесінің басты өзгеріс көзі – жасанды интеллект (ЖИ). Бұрын ғылыми-фантастикалық фильмдерде ғана кездесетін бұл технология бүгінде күнделікті өмірге дендей еніп, мектеп партасына дейін жетті.

Оқу-ағарту министрлігі 2025–2026 оқу жылынан бастап қазақстандық мектептерге ЖИ элементтерін енгізу бастамасын іске асыруда. Соның аясында «Цифрлық сауаттылық» пен «Информатика» пәндері арқылы ЖИ негіздері оқушыларға түсіндіріледі. Бірақ сұрақ көп: ауыл мен қала мектептері бұл технологияға тең дайын ба?

Мұғалімдер ЖИ-мен жұмыс істеуге қаншалықты бейімделген? Оқушылар жаңа дәуірдің мүмкіндігін пайдаланып жатыр ма, әлде бұрынғы теңсіздік күшейе түсті ме?

Бұл қалай еніп жатыр?

«Жасанды интеллектіні үйрету – болашаққа инвестиция» деген ұстаныммен Оқу-ағарту министрлігі білім беру стандарттарына ЖИ тақырыптарын кезең-кезеңімен енгізуде. Бұл бағытта «Tomorrow School» сияқты инновациялық мектеп жобалары ашылып, оқыту әдістерінде peer-to-peer жүйесі (оқушының оқушыға үйретуі), бейімделген тапсырмалар, цифрлық платформалар кеңінен қолданылып жатыр. Бұл жәймендеп бізге жететіні анық. Әл-Фараби атындағы BINOM School мектеп-лицейінің директоры Өнербек Ерғалиев қазіргі таңда білім беру процесіне жаңа технологияларды енгізу бағытындағы жұмыстар туралы пікір білдірді.

– Біздің мектепте заманауи білім беру жүйесін дамытуға ерекше мән беріледі. Мұғалімдер ұзақ уақыт бойы интерактивті тақталар мен жиі қолданылатын цифрлық құралдармен жұмыс істеп келеді. Бұл тәсіл сабақтарды қызықты әрі тиімді өткізуге көмектеседі. Әрине, мұғалімдердің барлығы кәсіби деңгейде емес, бірақ барынша қолданып, өз мүмкіндіктерін шыңдап жатыр, — дейді мектеп басшысы.

Қазіргі кезде BINOM мектептерінде білім беруді оңтайландыру мақсатында LMS (Learning Management System) жүйесін енгізу жұмыстары қолға алынуда. Бұл платформа оқу үрдісін жүйелі түрде бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар мектепте қауіпсіздік пен оқушылардың белсенділігін бақылауды қамтамасыз ету үшін камералар мен кіре берістегі есік датчиктеріне жасанды интеллект технологияларын біріктіру жоспарда бар. Жүйе қай жерде, қай уақытта, қандай бұзушылықтар болғанын, қай сыныптың оқушылары кешігіп келгенін автоматты түрде анықтап, қажетті мәліметтер береді.

– Балалардың мектепке кіру-шығу уақытын бақылау үшін скуп-карта жүйесі енгізілген. Олар карталарын турникетке соғып, жүйеге тіркеледі. Мұғалімдер туралы да нақты ақпарат алынуда: кім қашан келді, қай уақытта шықты. Осы деректерді жасанды интеллектпен біріктіріп, болашақта білім беру және тәрбие жұмыстарының тиімділігін арттыруды жоспарлап отырмыз,-деді мектеп директоры.

Бұл жобаны Астанадағы басқарушы компания өкілдері бағдарламашылармен бірлесе отырып жүзеге асыруда. BINOM School мектеп-лицейінің бұл бағыттағы жұмыстары білім беру саласында инновацияны дамытып, оқушылар мен мұғалімдерге заманауи білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Расында осы әңгіме айтылғалы түрлі сайттарды ақтарып, гуглді шарлап кеткен едік. Түсінгеніміз, ЖИ-дің тағы бір артықшылығы оқушының прогресін үнемі бақылауда ұстауға мүмкіндік береді. Ол баланың қай тапсырмада қиналғанын, қай тақырыпта жиі қате жіберетінін талдай алады.

Ұстаздар сол дерекке сүйене отырып, қосымша тапсырма дайындайды немесе ата-анасымен жұмыс жүргізеді. Алайда ЖИ-дің пайдасы оны толыққанды қолдануға мүмкіндік болғанда ғана сезіледі. Интернет жылдамдығы төмен болса немесе жүйе дұрыс жүктелмесе, сабақ тоқтап қалады. Бұл әсіресе ауылдық өңірлер үшін үлкен кедергі. Кейбір ауыл мұғалімдерінде ондай мүмкіндіктер бола бермейді, сол себепті ЖИ оларға тек сырттай жаңалық болып қала беруі мүмкін. Сондықтан бізге тек технология емес, онымен бірге методикалық және техникалық қолдау да қажет.

Мұғалімдер дайын ба?

Білуімізше, 2024–2025 жылдары елімізде 160 мың мұғалім ЖИ негіздері бойынша оқытылыпты. Мұғалімдерге арналған этикалық кодекстер, әдістемелік құралдар әзірленіп жатыр. Бірақ бұл жетістік біркелкі емес. Индер ауданының Есбол ауылындағы Қ.Есқалиев атындағы орта мектеп директорының оқу жұмысы жөніндегі орынбасары Гаухар Жалмұқашева жасанды интеллектіні білім беру үдерісіне енгізудің ауыл мектептері үшін де маңызы зор екенін айтады.

– Жасанды интеллект оқушылардың білімге деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, өз бетімен білім алуға, тіл үйренуге және пәнге ынтасын арттыруға оң ықпал етеді. Дегенмен ауыл мектептерінде бұл технологияны енгізу бірқатар кедергілерге әкеледі, ол бәрімізді ойландыруы тиіс. Ең алдымен, интернет мәселесі күрделі. Жуырда өткен «Ауыл олимпиадасы» кезінде интернеттің әлсіздігі салдарынан база істен шығып, жарыс жоспарланған уақыттан кешігіп аяқталды. Бұл жағдай интернеттің сапасының қаншалықты маңызды екенін айқын көрсетеді. Сонымен қатар мұғалімдердің цифрлық құзыреттілігі қазіргі талаптарға сай болса да, жасанды интеллект құралдарын еркін меңгеру үшін уақыт қажет. Интернеттің қолжетімсіздігі осы процесті қиындата түседі.

Оқушылардың жасанды интеллект элементтерін қолдану дағдысының төмен болуы интернетке тәуелділікті арттырады. Бұған ата-аналардың әртүрлі көзқарастары да қосылады. Сонымен қатар, ауыл мектептерінің техникалық базасы қала мектептеріне қарағанда едәуір әлсіз. Сондықтан жасанды интеллектіні енгізуде ең алдымен интернеттің сапасын жақсарту, мектептің материалдық-техникалық базасын толықтыру және мұғалімдерді арнайы курстардан өткізу шараларын өз дәрежесінде ұйымдастыру қажет. Бұл талаптарсыз жасанды интеллект білім беру үдерісіне тиімді енеді деп сеніммен айту қиын, — дейді Гаухар Жалмұқашева.

Айтып өткеніндей, ауыл мектептерінде мүмкіндік шектеулі. Балалар кітаппен ғана емес, визуалмен, видео арқылы да үйренуі керек. Қазір бала ескі тәсілмен оқуға қызықпайды. Олар YouTube, TikTok тілінде ойлайды. Сондықтан біз де заман талабына сай өзгеруіміз керек. Бұл үшін материалдық база мен жүйелі оқыту қажет. ЖИ-ді қолдану жай жарнама емес, нақты нәтижеге бағытталған жүйе болуы тиіс секілді. Инфрақұрылым – басты кедергі Цифрлық даму министрлігі мәліметінше, бүгінде мектептердің 65%-ы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылған. Алайда бұл негізінен қалалық мектептер. Шалғайдағы 94 мектеп әлі де тұрақты желіге қосыла алмай отыр.

Спутниктік интернет (мысалы, Starlink) орнату жұмыстары басталды, бірақ ол да қымбат әрі техникалық мамандар тапшылығы бар. Одан соң ауыл мектептерінде жиі кездесетін мәселе – ескі құрал-жабдықтар, жеткіліксіз қаржыландыру, жөндеу жұмыстарына қаражаттың тапшылығы. Кабинеттер жаңартылмаған, құрылғылар заманауи талапқа сай емес. Үкімет басындағылар «Ауыл мектебіндегі барлық оқушы мен мұғалім интернетке қол жеткізуі тиіс. 2027 жылға дейін 2039 ауыл мектебіне талшықты-оптикалық желі тарту, 328 мектепке спутниктік интернет жеткізу жоспарда бар. Бұл тек технология емес, білім сапасының теңдігі мәселесі» деген еді.

Мамандар не дейді?

«Заманның озығы бар, тозығы бар» демекші, «заманың түлкі болса, тазы боп шалдың» кебін кигелі қашан… Артынан қуып келеміз, озығын игеруге асығыспыз. Өйтпегенде ше? Соңғы жылдары жасанды интеллект технологиялары адам өмірінің түрлі саласында кеңінен қолданыла бастады. ЖИ-дің мектептегі ең басты артықшылығы – білім берудің жекешеленуі. Гуглді шарлағандағы ұққанымыз, бұрын бір сыныптағы барлық оқушыға бірдей тақырып, бірдей тапсырма берілсе, бүгінде жасанды интеллект әр баланың қабілет-қарымына, қызығушылығына қарай жеке оқу траекториясын ұсынуға мүмкіндік беріп отыр. Мәселен, жаңа материалды тез меңгеретін оқушыға күрделірек тапсырма ұсынылса, әлсіз оқушыға қосымша түсіндірме, визуалды құралдар және көбірек жаттығу ұсынылады. Бұл тәсіл оқушының өз бетімен білім алуға деген құлшынысын арттырады екен. IT маманы Жұмажан Тұрсынұлының айтуынша, тағы бір маңызды артықшылығы – мұғалім еңбегі жеңілдейді.

ЖИ мұғалімнің көп уақытын алатын рутиналық жұмыстарды, мәселен, бақылау жұмыстарын тексеру, тест нәтижелерін есептеу, оқушы үлгерімін талдауларды автоматты түрде орындай алады деседі. Бұл мұғалімге көбірек шығармашылықпен жұмыс істеуге, әр оқушыға жеке көңіл бөлуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар ЖИ-ді қолдану арқылы оқушыларда заманауи дағдылар – сыни ойлау, деректерді талдау, бағдарламалау, креативті шешім қабылдау секілді қабілеттер қалыптасады. Бұл дағдылар оларға болашақта еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуға септігін тигізетіні анық. Алайда жасанды интеллектіні мектепте қолданудың белгілі бір қауіптері де жоқ емес. Ең алдымен, бұл технологияға тым тәуелді болу қаупі бар.

Интернет пен құрылғылардың тұрақсыз жұмысы, жүйенің істен шығуы оқу процесінің тоқтап қалуына әкелуі ықтимал. Әсіресе ауылдық жерлердегі мектептерде бұл проблема өте өзекті. Интернет сапасы төмен, компьютерлер ескі, ЖИ платформаларын қолдай алмайды. Бұл жағдай қала мен ауыл арасындағы білім сапасы теңсіздігін тереңдете түседі, — дейді маман.

Тағы бір алаңдатарлық жайт – дербестік пен жеке ақпарат қауіпсіздігі мәселесі. ЖИ құралдары оқушылардың оқу қарқыны, мінез-құлқы, тіпті эмоциялық күйін бақылайды. Бұл деректердің қалай және кімдер арқылы сақталатыны, қайда қолданылатыны ашық әрі нақты болуы тиіс. Әйтпесе, бұл балалардың жеке өміріне қол сұғушылыққа айналуы мүмкін. Көзіміз көріп жүр, ЖИ-дің білім беру процесіне теріс әсер ететін тұстарының бірі – оқушылардың дайын жауапқа үйреніп қалуы. Егер бала кез-келген сұраққа дайын шешімді ЖИ-дан алса, онда ол ойлану, талдау, іздену секілді маңызды процестерден тыс қалуы мүмкін. Бұл оқушының шығармашылық және сыни ойлау қабілетінің төмендеуіне әкелуі ықтимал. Сондай-ақ ЖИ енгізу мұғалімдердің психологиялық жағдайына да әсер етуі мүмкін.

Кейбір педагогтар «ЖИ мені алмастырып жібере ме?» деген үреймен жұмыс істеуде. Бұл үрей мұғалімнің мотивациясын төмендетіп, технологияға деген қарсылық туындатуы мүмкін. Сондықтан ЖИ құралдары «мұғалімнің орнына» емес, «мұғалімге көмекші»ретінде енгізілуі қажет. Әңгіменің тоқетері, Қазақстандағы ЖИ-ді мектепке енгізу үдерісі басталды. Бірақ ауыл мен қала арасындағы алшақтық – әлі де үлкен мәселе. Оны мойындау керек. Егер интернет, жабдық, білікті мұғалім, әдістеме, оқулық бәрі бірдей қолжетімді болса, ауылдың да баласы болашақтың тілін – ЖИ тілін меңгереді. Сонымен, жасанды интеллект білім беру жүйесіне жаңа серпін беріп, оны заманауи талаптарға сай жетілдіруге мол мүмкіндік ұсынады. Дегенмен бұл құралдарды енгізуде сақтық пен байыптылық қажет. Технология адамға қызмет етуі тиіс, ал адам технологияның жетегінде кетпеуі керек. ЖИ – тек құрал. Ал оның қалай және не мақсатта қолданылатыны қоғам мен мемлекет жауапкершілігінде.

 

Рита ӨТЕУҒАЛИ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT