Жетім қызды демеп жіберейік

Асарлатудан өзге жол жоқ

Жалғансай ауылының тұрғыны, еңбек ардагері Жалғас ОТАРОВ:

-Аудандық «Жайық шұғыласы» газетінде жарияланған «Жерде жетім жыласа...» мақаласын көріп, терең ойға шомдым. Алдымен үнжарияның бас редакторы Б.Сүйеуоваға осы мәселеге арнайы көңіл бөліп, газет бетінде көтергені үшін алғыс айтқым келеді. Енді әрі қарай да осы мәселені жалғастырып, алынған шараларды назарда ұстап, хабардар етсеңіз тіпті жақсы болар еді. Осы мәселенің туындағанына екі жылдан астам уақыт өтті. Ауыл әкімдігі жанындағы қоғамдық кеңес мүшесі ретінде маған да келіп, жағдайын айтып жылаған. Ол кезде әкім Орынша Қайрекешова болатын. Бәріміз жағдайын тыңдап, үй кезегіне тұруға кеңес бердік. Кейін тұрмысқа шығып кеткен соң енді жағдайы дұрысталатын болды ғой деп қуанып қалған едік. Алайда бұл қуанышымыз ұзаққа бар- мады. Одан кейінгі жағдай мақалада толық қамтылған екен. Менің ойымша, бұл мәселені шешу ұзаққа созылады. Өйткені, аудан әкімі заңсыздыққа барып, кезекті бұзып, үй бере алмайды. Кезекте тұрғандардың бәрі де сол күнді аңсап жүргендері белгілі. Сондықтан жетім қызды тығырықтан шығарудың екі жолы бар деп есептеймін. Біріншісі,мүмкіндігін тауып, үй сатып алып беру. Екіншісі, мақалада айтылған 3 миллион қаржыны ауыл әкімшілігіне беріп, жарығы, суы, газы бар жерден асарлатып үй салып беру. «Көп түкірсе – көл» деген бар. Жалғансайлық жастар жұдырықтай жұмылса, аз уақыттың ішінде үй тұрғызып бере алатынына сенімдімін. Осы мақаланы оқыған аудан кәсіпкерлері де құрылыс материалдарымен көмектеседі деп ойлаймын. Махамбеттік жұртшылық асар- латудан қашпайды, бастамадан шет қалмайды деп ойлаймын. Телеарналардан, баспасөз беттерінен қиналған жандарға қол ұшын созып, баспана сыйлап, сауапқа кенеліп жатқандарды көріп жүрміз. Біз кімнен кембіз?! Сондықтан барша махамбеттіктерді, сауапты іс жасап, тұлдыр жетім қызға көмек қолын созуға шақырамын,-деді.

Жалғансай ауылының тұрғыны,көпбалалы ана Айсана МАХАШОВА:

-Журналист Б.Сүйеуованың «Жерде жетім жыласа» атты мақаласын оқыған соң қолыма қалам алуыма тура келді. Иә, Ғалия қамқоршылыққа алған анасына сеніп, алаңсыз тұрып жатқан еді. Аяқ астынан мұндай мәселе туындап, дымсыз қалам деп ойламаған. Оған бағыт-бағдар беретін ешкім олмаған. Өзіне тиісті мүмкіндіктерді өткізіп алған. Енді орта жолда далада қалып отыр. Ғалияны ауыл түгел біледі. Ол адал, еңбекқор, анасының алаңсыз жұмыс жасауына жағдай жасаған қыз. Тіпті анасының достарының үйінің тірлігін де шыр айналдыратын еді. Ешкімнің ала жібін аттамаған, адал жүректі осы бір жетім қызға баспана бұйырмай тұрғанына қынжыламын. Ғалияны он төрт жасында алғанда мен анасымен жұмыстас болған едім. Өмірі көз алдымызда өтті. Менің үлкен баламмен құрдас. Баламдай бала болған соң жағдайы алаңдатқандықтан газет бетінде жарияланған мақалаға үн қосып отырмын. Ел-жұрт болып, жетім қызды демеп жіберейік, ағайын!

Атырау облысы көмекші мектеп-интернаты мұғалімдері: Р. ХИСИНА, Ұ.ҚОЙБАҚОВА, Ж.БИСЕНҒАЛИЕВА,А.СИДЕҒАЛИЕВА, Б.ҚУАНЫШЕВА, З.ӘМІРОВА,А.ЖҰМАЛИЕВА, С.ЕРМҰХАНОВА:

«Аудандық газет бетінен өзіміздің тәрбиеленушіміздің аянышты тағдыры туралы мақаланы оқып, жүрегіміз ауырды. Бізде оқып жүрген кезінде елтең-селтеңі жоқ, қарапайым қыз болатын. Роза апай кішкене күнінен каникул кезінде алып кетіп жүретін. Кейін түпкілікті қамқорлығына алды. Бұл жаңалықты естіп, шын көңілден қуанып қалған едік. Көмекші мектепте тәрбиеленген балалардың мінездері ауыр болып келеді. Тұрмысқа шығып, бағы ашылса екен деп тіледік. Кейін дәм-тұзы жараспай, қайтып келді дегенді естігенбіз. Одан кейінгі өмірін газеттен оқып таныстық. Ғалияға қамқорлық танытып жүрген Биғали ағайға ризамыз. Ол кісінің қадамын Алла сауапқа жазғай. Тілегі қабыл болып, жомарт жүректі жандардың арқасында Ғалия үйлі болғай. Бұл өмірде жақсылықтың ең үлкені қамкөңіл жетімге жасалған жақсылық екені анық. Ауылдас ағайындар асарлатып көмектесеміз деп жатса, қолдау көрсетуге әзірміз» деген пікірлерін жеткізді.

«Жайық-Ақпарат»

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT