«Жеңіл әзіл, ұятсыз ойын»: асабалардан ар кетті ме?

«Шілдехана, бесік той, тұсаукесер, сүндет той, құда түсу, сырға салу, беташарың-ай» деп әндететін қазақ халқын тойсыз елестету әсте мүмкін емес.

Бала өмірге келгеннен бастап, үйленіп үй болғанға дейінгі аралықтағы кезеңдерде бар жиған-тергенін, тіпті, қарызданып-қауғаланып болса да «жұрт не дейді?» деген желеумен той жасамаса қылмыс жасағандай күйге түсетін халқымыздың пандемия есін жиғызғандай. Себебі, мейрамханасыз той өткізу мүмкін емес дейтіндер, жақын-жуықпен үйде де атап өтуге болатынын түсінді. Бұрынғыға қарағанда ысырапшылдық, дарақылық пен даңғазалық аз да болса азайғандай. Бұл туралы бұрын-соңды айтудайын айтылып та, жазудайын жазылып келеді. Ал, біз бүгін асабалардың мәдениеті төңірегінде сөз қозғамақпыз. Халқымыз ежелден тойды – тәрбие құралына балап, онда барлық салт- дәстүрлерімізді дәріптей білген. Ал қазіргі тойда «қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» деп, кейбір асабалар салт-дәстүрлердің өңін айналдырып, жаңа заманға сай етіп алған. Көпке топырақ шашудан аулақпыз, десе де, саны көп, сапасы жоқ асабалар көбейді.

«Той тізгіні менде, мен не десем менікі заң» деп білетін кейбір асабалардың деңгейіне қарап-ақ, тойдың қандай дәрежеде өтетіндігін бағамдай берсеңіз болады. Тіпті, құнын айтып шіренгендердің, мәдениеттен жұрдай екенін көргенде теріс айналасың. Тойға келген қонақтарға жайлы атмосфера, жақсы көңіл-күй сыйлаудың орнына жеңіл әзіл, ұятсыз ойындармен бір-бірінен асып түсуді ғана ойлайтын асабалардан бүгінде ар кеткені ме? Жасыратыны жоқ, жиналған халықты қыран-топан күлкінің астына қалдырамын деп, аузына ащы су тиіп күлі шашылып, етегі ашылып жатқан әйелдерді ортаға шығаратындары бар. Жыл аяқталар тұста, фейсбук әлеуметтік желісінде мерекелік кештің бірінде би жарысына түскен бойжеткеннің көйлегі жыртылып, ұятты жерінің көрінгеніне қарамай биін жалғастырғанына айтарға сөз таппадық. Ал, сол жердегі жиналған жұртты бірауыз сөзімен тыңдата білетін асабасымағымыз бойжеткенді елдің алдынан шығарып жіберуге құлықсыз, керісінше, қолдап-қолпаштап тұр.

- Тегенедей құйрығын жарқыратып жұрттың қарғысына қалған мына қызға не дейсіздер? Оның қылығы қайдан бастау алды? Осыны ойландық па? Бүгінгі жастардың ой-өресі, таным-талғамы өспей, мешел, жарымжан күйде қалғанына мына біздер, аға буын кінәліміз. Олар да көзін ашқалы көргені - той. Ысырап. Дарақылық. Ойсыздық. Ата-ана ретінде қалтамыздағы артық ақшаны баламыздың дамуына, тұлға ретінде қалыптасуына жұмсаудың орнына тойға шаштық, тойға! Менің бір танысым тойдың көрімдігі деп ай сайын 100-150 мың теңгеге шығындалады! Сұмдық қой! Оған ойланып отырған ол жоқ. Сол ақшаны ертең-ақ ер жететін баласына бағыттауды ойланбайды. Бала ата-анасынан көргенін істейді. Олардың ойынша той деген дәреже. Олардың ой-өрісі той-томалақтың кеңістігімен шектеліп қалған. Олар ғалым болуға, инженер болуға не болмаса мықты спортшы болуға ұмтылмайды. Себебі, ата-анасы баланы бұған баулымаған. Көзін ашқалы көргені той! Баланы дұрыс болсын десек мұндай тойларды тиятын кез келді. Тойхана салуды кәсіп қылу деп түсінетін біздің байлар бір сәтке ойланып, бизнесті басқа бағытқа бұрса құба-құп болар еді. Асабалар қазақтың түбіне жетеді! Қазіргі асаба дегендер кім? Оңай ақша табуды мақсат тұтқан, арзан әзіл, жеңіл күлкімен қоғамды құлдыратып жатқан «мамандық» иелері. Асаба таңдарда мұқият болыңыздар. Арсыз асаба той иесінің абыройын түсіреді! Ағайын, әркімнің пікір білдіруге құқы бар. Адамды айыптап, табалап сөйлеуден аулақ болайық, - дейді желі қолданушысы Ғалымжан Жәкібаев.

Кейбірінің тойдың көркін қыздырамын деп дайындап әкелген ойындарының көрер көзге тұрпайылығы былай тұрсын, ұялғаннан кірерге тесік таппай қаласың. Әсіресе, тойға келген қонақтарды шешіндіріп, жап-жас қыздарды әкелерімен жасты еркекпен билетіп, біреудің күйеуі не біреудің әйелі, келіні екендігін пысқырмай, бір-бірінің денелеріне қол жүгіртуге итермелейтін ұятсыз ойындарымен аты шыққандар да бар. Сол сәтте, микрофонды асабадан жұлып алып, сол ойындарға тоқтау салатын, дүйім жұрттың алдында әдепсіз қылығын енді қайталамайтындай әшкере қылатын адам табылса ғой дейсің-ау? Әй, қайдам! Ата сақалы аузына түскен қарттардан бастап, бесіктен белі енді шыққан балалардың да сол ойындарды тамашалап, телефондарына жарыса түсіріп, қолпаштап отыратынын қайтерсің?

Елімізде, оның ішінде облысымызда түр сипаты, киім-киісі келісті, сөзге шебер, естір құлаққа дауысы жағымды, ұшқыр әзілдерін ұтымды қолдана білетін, импровизацияға мықты, мәдениетті асабалар жетерлік. Соның ішінде, Қазақстан мен Ресей елдерінің он екі қаласында екі мыңдай шараның жүргізушісі, Мәскеу, Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, Ақтөбе сынды қалаларда өткен семинар-тренингтерде шоумендермен тәжірибе алмасып, тойға жаңаша көзқарас енгізуді қолға алған асаба, шоумен әрі блогер Қуандық Досболат «тойдың деңгейі асабаға байланысты деп, бар кінәны оған арта салу дұрыс емес» дейді.

- Той жасау үй салумен бірдей. Үйді қаражатыңыз аз болса үнемдеп арзанға және жеткілікті болса қымбатқа да салуға да болады. Сол секілді асабаны таңдау, алдын ала той бағдарламасын дайындау, оған бағыт- бағдар беру – той иесінің міндеті. Асаба – той иесінің айнасы әрі оның деңгейін көрсетеді. Әр әзілдің, ойынның өз аудиториясы бар. Жеңіл әзіл, ұятсыз ойындарды бәрі бірдей ойнатпайды. Мұндай асабалар некен- саяқ деп білемін. Тапсырыс беруші той ойындарын алдын ала келісіп алса, қонақтарға жағымсыз тосын сый болмайтын еді. Бізде көп жағдайда барлық жүкті асабаға арта салады. Кейін, бір жері ақсап тұрады. Кейде асабаның барлық кемшіліктің тігісін білдірмей алып шығатын кездері де болады. Ол той иесінің пейілі мен көңіл- күйіне, келген қонақтардың атса¬лысуына байланысты. Ал, кейбір тойлар бірнеше ай дайындалсаң да көңілдегідей шықпай жатады. Демек, асаба мен той иесі бір ағында болуы өте маңызды. 2018 жылы жас асабалар мен асаба болғысы келетіндерге тәжірибеммен бөлісу мақсатында тренингтер ұйымдастырып, жиырмаға жуық шәкіртке дәріс бердім. Алғашқы тре¬нингтен соң, шәкірттерім алғысын жаудырды. Біз бағыт-бағдар беріп, қателіктерін түзейміз. Бәрі бірдей керемет асаба болып кетті деп те айта алмаймын. Десе де, әрбірінің бой- сойы түзеліп, жүріс-тұрысы, сөйлеу мәнерінде көптеген өзгерістер орын алды деп айта аламын. Болашақта, асабаларға арналған қолжетімді бағада онлайн тренингтер өткізу ойда бар, - дейді ол бізбен әңгімесінде.

Әр нәрсенің шегі бар. Бұрын адам өмірден өткенде берілетін садақа дастарханындағы ысырапшылдық туралы талай мәрте айтылды да, та¬лай мәрте жазылды. Нәтижесінде, құзырлы мекемелердің араласуы¬мен садақа дастарханына қойылатын ас мәзірі бекітілді. Сол сияқты, бізге де той мәдениетін сақтауға, соның ішінде асабаларға қатысты белгілі тәртіп қажет секілді. Бұл орайда көршілес Өзбекстан елінен үлгі алуға болады. Той өткізуді ретке келтіру туралы қабылдаған жаңа заңға сәйкес, онда отбасылық іс-шараларға арнайы уақыт берілген. Үйлену тойына 250 адамға дейін қатысуға рұқсат етіледі. Кейбір той және жерлеу рәсімдерін өткізуге де заңмен тыйым салынып отыр.

ТҮЙІН

ТӘҢІРІМ ХАЛҚЫМЫЗДЫ ТОЙДАН АЙЫРМАСЫН ДЕЙМІЗ. БІЗДІКІ ОТБАСЫЛЫҚ ҚУАНЫШЫМЫЗДЫҢ ӨНЕГЕЛІК, ТӘРБИЕЛІК ШЫ¬РАЙЫН КЕЛІСТІРІП, ҰЛТТЫҚ МЕНТАЛИТЕТІМІЗГЕ САЙ ӨТКІЗЕТІН АСАБАЛАР КӨБЕЙСЕ ДЕГЕН ТІЛЕК ҚАНА. АЛ, БҰҒАН СІЗДІҢ АЙТАР ОЙЫҢЫЗ ҚАНДАЙ, ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН? Б.САПАРОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521