Жазушы Мұрат Бектеновтың «Құмаршық» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті

Қазақ халқын аштықтан құтқарған Нарын құмының құмаршығы туралы және елдің кешегісі мен бүгінгі ұрпақтар сабақтастығының тұрмыс-тіршілігі баяндалатын туынды өмірге келді.

Жазушы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Исатай ауданының Құрметті азаматы Мұрат Бектеновтың жаңа кітабының тұсаукесер рәсімі Махамбет ауданында өтті. Қаламгердің жазушылық қабілеті қасиетті қара шаңырақ, аудан айнасы «Жайық шұғыласы» газетінен бастау алуы да тұсаукесер рәсіміне түрткі болды. Сонау ашаршылық, сұрапыл соғыс жылдарында халықты аштық пен жоқшылықтан аман алып қалған құмаршыққа деген қазіргі аға ұрпақтың ықыласы ерекше. Құмды-шағылды жерде өсетін бұл өсімдіктің дәнін халық бидайдың орнына азық еткен. Қуырып, диірменге тартып, нан пісірген. Жайық бойындағылар атшоңқайды жеп өссе, құмды өңірдің халқы құмаршықты қорек етті.

911a91ce-6a77-4283-bcd3-b02aa7dc191a

- Қиын уақытта қазақтың үш жүзінің бәрі батысқа қарай осы құмаршық үшін ағылғанын қазіргі жұрт біле бермейді. Құмаршық құмда төгіліп жатыр, ал біздің онда шаруамыз да жоқ. Құмаршықтың адам ағзасына, әсіресе миға келтірер пайдасын ғалымдар әлдеқашан зерттеп тастаған. Ата-бабамыздың қорегін қайта қалыпқа келтіріп, жазып шығып, оқырманға жеткізуге септескен кітап авторына бек рахмет. Талай адамды аштықтан аман алып қалған құмаршыққа деген құрметіміз тоқтамау қажет. Бұл кітаптың болашақ ұрпақ үшін пайдасы зор болмақ. Мұреке, шығармашылықтың шыңына шығыңыз, қаламыңыз мұқалмасын,- деді жырдан жауһар төккен ақын Жәниба Қарасаева. Қоғамдық кеңес төрағасы С.Жайлашев, еңбек ардагері У.Кәбдікәрімов, ақын А.Есенғалиев, облыстық «Атырау» газетінің шолушысы Д.Аруев, Аналар кеңесінің төрайымы Ж.Мұғауовалар сөз алып, жазушының шығармашылығына табыс тіледі. Кітап авторына аудандық мәслихат хатшысының, аудан әкімінің алғыс хаттары табысталып, дауылпаз ақын Махамбет Өтемісұлының бейнесі кестеленген кілемше тарту етілді.

Кітаптың тұсауын ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Сабиров пен аудан әкімінің орынбасары Света Ертілеуқызы кесті.

- Жаңа кітабыңыздың оқырманға жол тартуымен құттықтаймыз. Тың тақырыпқа қалам тербеуіңіз үлкен көрегенділік әрі батылдық деп білеміз. Қатардағы мұнайшыдан кешегі мен бүгінгіні таразылай білетін, шежірені төгілте айтатын зерек тұлғалардың біріне айналдыңыз. Өзге де шығармаларыңызды айтпағанның өзінде сонау бір кезеңде халықты аштықтан аман алып қалып, тіршіліктің тініне айналған қасиетті құмаршықты сөз ету сіздің шығармашылық тапқырлығыңыз деп білеміз,- деді аудан әкімінің орынбасары С.Ертілеуқызы.

4b93d399-13b9-446d-a0c6-0c10430488c8

Қырық жылдың үстінде мұнайшы болып еңбек еткен Мұрат Бектенов «қара алтынды» өндірушілер өмірінен сыр шертетін «Қос өзен мұнайшылары» кітабын, сондай-ақ Нарын өңірінде өмір сүрген ақын, жырау, жазушылар мен күйшілердің мұраларын, билердің шешендік сөздерін, емшілік, сынықшылық қасиеттері бар адамдар туралы деректерді жинаумен де айналысып, «Қасиетіңнен айналдым» кітабын жазды. Нарын өңірінің абзал азаматтары, ел ағалары және өзге де жайлар әңгімеге арқау болған «Айшықты әлем», туған өлке жайында «Қызыл үй - менің мекенім» атты кітаптары шықты. - Құмаршықтың тарихы тереңге бойлайды. Нарыннан көшкен жеті жұртқа да азық болғаны сөзсіз. Ал тұрақтап, қонақтап қалған сегізінші ұрпақ біз боламыз. Мен ата-бабаларымыз, олардан тараған ұрпақ аманат еткен құмаршықтың ұлтты сақтап қалудағы тарихына арнап мәңгілік ескерткіш орнатуға бел буған журналист Тұрсын Қалимованың құмаршық туралы тағылымды кітап жазуға ұсынысын қуана қабыл алдым.

ff80db31-78f3-4dd8-b856-283454705c96

Кітапта құмаршықтан бөлек, оны саудалауға апаратын жол бастаушы, керуенді қорғайтын қамшыгерлер, күздің қара суығы мен қыстың шыңылтыр аязында пана болған киіз үй, қазақ халқының тағдыры тәуелді болған қара қазан туралы да жазылды. Жалпы құмаршық туралы естіп-білгендерімді қағазға түсіріп, осы кітапты өмірге алып келдім. Қалың оқырман өз бағасын бере жатар,-дейді «Құмаршық» кітабының авторы, жазушы М.Бектенов. Тарихи-танымдық көркем туынды арқылы автор ата-бабамызды аштықтан, өлімнен аман алып қалған құмаршық екенін еске салып, қазіргі ұрпақтың да құмаршыққа қарыздар екендіктерін біліп жүруіне септеспек.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT