KAZINFORM – Дамыған елдерге қарағанда дамушы елдерде жұмыс орындары автоматтандыруға азырақ ұшырайды. Бірақ бүкіл әлем бойынша 300 млн жұмыс орнына жасанды интеллект ықпал етуі мүмкін. Бұл ретте білім беру бағдарламаларына да бірқатар өзгеріс енгізілмек.
Құрылатын жұмыстың көбі уақытша
Сарапшылардың мәліметінше, қазіргі кезде кәсіптік-техникалық білімі бар мамандықтарға деген сұраныс жоғары білімді түлектерге деген қажеттіліктен 70 пайызға артық. Осы орайда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауы ойға оралады. Кадрлық әлеуетті арттыру мәселесінде бірқатар басым бағытты белгілеп, Үкіметке нақты тапсырмалар берген еді. Айталық, 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Мәселе жақында Мәжілісте өткен Үкімет сағатында талқыланды.
Палата төрағасының орынбасары Дания Еспаева техникалық және кәсіптік білім беруді реформалау арқылы жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру қажет екенін атап өтті. Депутаттың пайымдауынша, еңбек адамының мәртебесін арттыру үшін ынталандыру шаралары керек. Сондай-ақ экономикамызды білікті кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында қазіргі заманғы еңбек нарығының сұранысын ескере отырып, жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларын қайта қарастырып, экономиканың нақты секторларымен байланысын күшейту қажет.
«Еңбек нарығын дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасында оны дамытудың негізгі тәсілдері белгіленген. Атап айтқанда, жаңа сапалы жұмыс орындарын құрудың сипаттамалары айқындалған, сондай-ақ 2030 жылға қарай 3,8 млн жаңа жұмыс орнын құру бойынша батыл мақсат қойылды. Сонымен қатар, мемлекеттік жұмыспен қамту бағдарламасы аудитінің қорытындысы бойынша Жоғары аудиторлық палатаның бағалауына сәйкес, түрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында құрылатын жұмыс орындарының көбі уақытша екені анықталды. Мысалы, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында ашылған 1,5 мың жұмыс орнының 90 пайызы уақытша, ал «2021-2025 жылдарға арналған агроөнеркәсіп кешенін дамыту» жобасы бойынша 67 мың жұмыс орнының 81 пайызы маусымдық саналады. Тұтастай алғанда, жаңа жұмыс орындарының 87%-ы негізінен төмен және орташа өнім беретін секторларда құрылады әрі олар да уақытша сипатқа ие», - деді Дания Еспаева.
Биыл жоғары оқу орындары шамамен 74 мың, ал колледждер 143 мың жаңа студентті қабылдады. Алайда, оқуды аяқтағандардың барлығының жұмысқа орналасу мәселесі елеулі түрде алаңдатып отыр.
«2023 жылы колледж түлектерінің 40%-ы мамандығы бойынша жұмысқа орналастырылды. Бұл ретте, мемлекеттік органдар жоғары оқу орындарының барлық түлегінің жұмысқа орналасуының нақты жағдайымен таныс емес. Бұл түлектердің жұмыссыздар қатарын толықтыруына немесе кез келген жерде жұмыс істей беруіне алып келеді. Олардың бір бөлігі мемлекеттік қолдауға қайта жүгінуге мәжбүр, оған тағы да бюджет қаражаты жұмсалады», - деді Мәжіліс төрағасының орынбасары.
Депутат Асхат Аймағамбетов жұмыспен қамтуда «тізесі шыққан» шараларды қолдану әлі де жалғасып келіп жатқанын айтады.
«Біз маман жетіспейді дейміз, бірақ «гидромелиорация» мамандығына бөлінген гранттарға бірде-бір адам өтініш бермеген, яғни конкурста 0 адам болды. Көлік құрылыстары бойынша бөлінген 300 гранттың тек 29-ына адам қабылданды, яғни бір грантқа 0,1 адам келіп отыр. Бұл мысалдар кадр тапшылығы күрделі мәселе екенін айқын көрсетеді. Проблема тек грант санында әлде оның дұрыс бөлінбеуінде ғана емес. Тіпті, оларды дайындайтын колледждер мен университеттердің болмауында немесе олардың оқыту сапасында еместігі бәрімізге анық деп ойлаймын», - деді А. Аймағамбетов.
Оның айтуынша, 2008 жылдан бастап жұмыспен қамтудың 5 бағдарламасы қабылданды, яғни әр екі жыл сайын жаңа бағдарлама қабылданып отырған. Олар қандай нәтиже берді?
«Егер жұмыспен қамту шараларын негізгі құралдары мен әдістері арқылы талдайтын болсақ, осы жылдар бойы концептуалды түрде айтарлықтай өзгермегенін және негізінен уақытша сипатта болғанын байқаймыз. Біз әлі күнге дейін көбінесе «тізесі шыққан» шараларды қолданып келеміз. Жаңа жүйелі шаралар аз, сол баяғы уақытша жұмыс орындарын құру, оқыту және қайта оқыту, шағын несие беру және басқалары. Ал жергілікті деңгейде бұл шаралар қоғамдық жұмыстарға тартудан, әлеуметтік жұмыс орындарын ұсынудан және жастар практикасынан аса алмай отыр. Осы шаралардың қаншалықты тиімді екенін де зерттеп жатқан ешкім жоқ», - дейді депутат.
А. Аймағамбетов Үкімет есебінде жыл сайын шамамен 900 мың адам жұмысқа орналасатынын, жылына миллионға жуық адам жұмысқа орналасса да, жұмыссыздық деңгейі өзгеріссіз қалып отырғанын сынға алды.
Шетелдегі отандастарымыздың құқығы
Қазір депутаттар Қазақстан азаматтары жұмыс істейтін барлық мемлекетпен олардың құқықтарын қорғау бойынша келісімдер жасалуы қажет екенін айтып отыр.
«Алысқа бармай-ақ, Еуразиялық экономикалық одаққа енетін елдерді алайық. Әртүрлі мәлімет бойынша, осы одақта шамамен 200 мың қазақстандық жұмыс істеп жүр. Бұл іс жүзінде бүтін бір саламен тең. Көптеген отандасымыз Оңтүстік Кореяда еңбек етіп жатыр, ол аздай соңғы кездері Англияда құлпынай теріп жүрген азаматтар көбейді. Олардың саны қанша? Бұл факторлар біздің жұмыспен қамту статистикасында және басты саясатта ескеріле ме? Оны білмейміз. Біздің елдің азаматтары жұмыс істейтін барлық мемлекетпен, тіпті бір ғана отандасымыз жұмыс істейтін болса да, олардың құқықтарын қорғау бойынша келісімдер жасалуы керек», - деді А. Аймағамбетов.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың сөзіне қарағанда, Оңтүстік Кореяда 15 мың Қазақстан азаматы заңсыз жүр. Сондықтан Қазақстан азаматтарының заңды жұмыс істеуі үшін тиісті іс-шаралар атқарылып жатыр. Бұл мәселе бойынша министрліктің мамандары Оңтүстік Кореяға барған. Бұл тұрғыда олар біздің мемлекетке үш талап қойып отыр. Біріншіден, Кореядағы елшілікте осы жұмыстармен айналысатын атташе лауазымын енгізу керек екенін айтқан.
«15 мыңға жуық Қазақстан азаматы сол елде заңсыз жүр. Олар «15 мың адамды Қазақстанға шақыртыңдар» деген талабын жариялады. Келесі талабы халықаралық сертификатқа қатысты. Бұл тұрғыда қазақстандықтар Корея Республикасына жұмыс істеуге барарда сертификация рәсімдерінен өтуі керек. Біз үш өңірде жаңа орталықтарды дайындап қойдық. Алматыға ол кісілер өздері келіп, қарап кетті. Айта кету керек, біз барлық талапты орындадық. Енді қазір барлық рәсімді күтіп отырмыз», - деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан азаматтарын қайтару кезінде ешқандай әкімшілік әрі құқықтық міндеттемелер қойылмайды. Егер олар қазір келіп, әуежайдан билет сатып алып келсе, жауапкершілік болмайды. Сонымен қатар ведомство басшысы Қазақстан азаматтарының заңды түрде жұмыс істеуіне рұқсат беретін іс-шаралар жыл соңына дейін аяқталуы мүмкін екенін айтты.
Нақтырақ тоқталсақ, министрлік Корея Республикасында қазақстандық жұмысшылардың құқықтарын қорғау аясында Қазақстанды Корея Республикасындағы Employment Permit System (EPS) жүйесіне енгізу жұмыстары атқарылып жатыр. EPS жүйесі өз жұмысын 2004 жылдың 1 тамызында бастады және қазірге дейін бұл жүйе бойынша 16 елдің азаматы Оңтүстік Кореяда жұмыс істей алады. Айта кетейік, бұл жүйедегі жұмыс қызмет көрсету, өндіріс, құрылыс, ауыл шаруашылығы және балық аулау салаларында ұсынылады. EPS жүйесі шетелдікке Оңтүстік Кореяда 3 жылға дейін жұмыс істеуге мүмкіндік береді, сондай-ақ жұмысшылармен келісімшарт ұзартылуы мүмкін. Бұл өз кезегінде азаматтарға осы елде 4 жыл 10 айға дейін тұруға мүмкіндік береді. EPS жүйесіне қатысу үшін Корея жағы EPS дайындық орталықтарына баруды талап етеді. Бұл орталықтарда Оңтүстік Кореяда жұмысқа орналасқысы келетіндер тілді үйрену курстарынан, көші-қон және медициналық мәселелерге қатысты тестілеуден өтеді.
Қазақстан азаматтары медициналық тексеруден, тілді меңгеру оқуынан және көшпелі даярлықтан өтуі үшін Корея Республикасы Алматы және Алматы облысының Қонаев қалаларында EPS орталығын ашуға келісімін берді.
Қазіргі кезде елді EPS жүйесіне қосу мәселесі Корея Республикасының жауапты мемлекеттік органдарымен мемлекетішілік келісу сатысында тұр. Корей тарапы Қазақстанды EPS жүйесіне қосу үшін тиісті үш шартты қойды. Біріншіден, Корея Республикасының көші-қон заңнамасын бұзуға жол бермеу жөніндегі міндеттемесін қабылдау керек. Екіншіден, Қазақстанның Корея Республикасындағы Елшілігі жанындағы «Еңбек көші-қоны жөніндегі атташе» жеке лауазымын енгізу қажет. Үшіншіден, бұрын Оңтүстік Кореяда заңсыз болған және көші-қон заңнамасын бұзған Қазақстан азаматтарының Корея Республикасына қайта келмеуі жөнінде шаралар қабылдау.
Бұл тұрғыда осы талаптарды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрілігі тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп пысықтап жатыр.
Биыл 1 млн адамды жұмысқа орналастыру керек
Орталық және жергілікті атқарушы органдардың негізгі міндеттерінің бірі - жаңа жұмыс орындарын құру. Қазір жұмыс орындарын құру негізінен салалық тұжырымдамалар, Өңірлерді дамыту жоспарлары, инвестициялық жобалар, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуды ынталандыру жөніндегі бағдарламалар аясында іске асырылатын жобалар арқылы жүзеге асады.
Биыл бекітілген өңірлік жұмыспен қамту карталары аясында 948 мың адамды жұмысқа орналастыру жоспарланды. Қараша айының басындағы мәлімет бойынша жыл басынан бері 735 мың адам жұмысқа орналастырылды.
Оның ішінде тұжырымдамалар мен ұлттық жобалар аясында 51 мың адам, жұмыспен қамтудың белсенді шаралары көмегімен 189 мың адам, тұрақты жұмыс орындарына 270 мың адам, шағын және орта бизнес кәсіпорындарына 225 мың адам жұмысқа орналастырылды.
Өз кезегінде Еңбек министрлігі алға қойылған міндет жыл соңына дейін орындалатынын уәде етті.
Қазір еліміздің еңбек нарығында қай мамандықтарға сұраныс жоғары?
Биыл қараша айының басында Enbek.kz платформасында (портал) 55 мыңға жуық бос жұмыс орны орналастырылған. Оның ішінде ең көп сұранысқа ие:
білім беру саласында - 8,9 мың адам
біліктілікті талап етпейтін салаларда – 8,4 мың адам
өндіріс саласында – 6,8 мың адам
медицина саласында – 4,7 мың адам.
Сондай-ақ жұмыс күшіне сұраныс cолтүстік өңірлерде - 9,1 мың адам, орталық және шығыс өңірлерде – 14,8 мың адам, оңтүстік өңірлерде – 8,1 мың адам, батыс өңірлерде – 7,8 мың адам және мегаполистерде 13,5 мың адам.
Аталған порталда 245 мың түйіндеме орналастырылған. Соның арасында cолтүстік өңірлерден 20,6 мың адамнан, орталық және шығыс өңірлерде – 38,7 мың, оңтүстік өңірлерде – 72 мың, батыс өңірлерде – 61,3 мың адамнан, ал мегаполистерде 53 мың адамнан келіп түсті.
«Осы орайда, бос жұмыс орындары мен түйіндемелердің санына қатысты теңгерімсіздік бар екені байқалып отыр. Сондықтан аталған портал жұмыс берушілер мен жұмыс іздеп жүргендер арасындағы ақпараттық алаң екенін ескере отырып, портал арқылы белсенді түрде өзара іс-қимыл жасап, тапшылық немесе жұмыссыздық мәселесін шешуге толық мүмкіндік бар», - делінген Еңбек министрлігі ақпаратында.
Атап айтқанда, ведомство ауылда жұмыспен қамтудың жаңа формаларын енгізуге қатысты түсінік берді.
Қазіргі кезде министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп маусымдық және вахталық жұмыстарды орындауға жұмыскерлерді тартуға, сондай-ақ өңірлерде мобильді кәсіпкерлікті дамытуға байланысты жаңа тәсілдерді әзірлеп жатыр. Оның аясында тиісті қадамдар ескерілген. Біріншіден, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу құралдары арқылы жұмыс берушілерді ынталандыру жолымен еңбекақысы төмен әрі неғұрлым талап етілетін жұмысшы кәсіптеріне субсидиялау мүмкіндігі қарастырылып отыр. Екіншіден, дайын бизнес идеялардың ұтқырлығы есебінен кәсіпкерлік бастамаларды кеңейту мүмкіндігі бар. Үшіншіден, жазғы демалыс кезінде студенттерге қосымша табыс табу мүмкіндігін беру.
Министрлік ақпаратына қарағанда, мұндай өзгерістер ауыл шаруашылығын дамытуға, еңбек нарығының сұранысына бағытталған өнімді жұмыспен қамтуға жаңа серпін береді. Сонымен қатар, өндірілген өнім көлемін ұлғайтуға әсер ететін бизнес-бастамаларды кеңейту ескерілген. Қазіргі уақытта Ұлттық экономка, Ауыл шаруашылығы, Ғылым, Цифрлық даму министрліктері, солтүстік өңірлердің әкімдіктері және «Атамекен» ҰКП-мен жоғарыда аталған тәсілдер бойынша шоғырландырылған ұстанымды әзірлеу бойынша жұмыс жалғасып жатыр.
Қазақстан халқының 27 пайызы - жастар (5,3 млн адам). Жыл сайын еңбек нарығына шамамен 200-250 мың жас маман шығады.
Кәсіби білімі болғанына қарамастан, олардың барлығы бірдей мамандықтары бойынша жұмыс таба бермейді немесе жеткілікті жұмыс тәжірибесі жоқ. Бұл жағдай олардың жұмысқа орналасуын қиындатады. Жастардың жалдамалы жұмыстағы үлесі төмендеп, сәйкесінше фрилансерлер саны өсіп жатыр, олардың ішінде жоғары білімі барлар да бар. Бірінші міндет – кәсіби бағдар беру жұмысы.
«Мансап компасы» жобасын іске асырдық, ол мансап жолын құруға, бос жұмыс орындарын тез табуға, жалақылар мен талаптарды салыстыруға, сондай-ақ сұранысы бар мамандықтар, болжамдар және оқу орындары туралы ақпарат алуға көмектеседі», - делінген Еңбек министрлігінің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Ведомство ақпаратына қарағанда, студенттердің мамандық бойынша тәжірибесін шыңдау үшін Электрондық еңбек биржасында өндірістік практика функционалы іске қосылды, ол нақты бағыттарды меңгеруге және бәсекеге қабілеттілікті арттыруға көмектеседі.
Еңбек нарығына жасанды интеллектінің ықпалы
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Ростислав Коняшкиннің сөзіне қарағанда, жасанды интеллект аналитикалық салаларға - скорингке, құжаттарды өңдеуге әсер етіп отыр. Мұнымен қоса, қазірдің өзінде колл-орталықтарды алмастырып жатқан әртүрлі консультацияларға, сондай-ақ заңгерлік кеңестерге ықпал етті.
«Қазір норма шығару қызметіне арналған чат-бот жасап жатырмыз. Денсаулық сақтауда, яғни диагностика саласында табысты жобалар бар. Атап айтқанда, еңбек нарығында қысқартулар емес, жұмыс сипатының өзгеруі болады», - деді Р. Коняшкин.
Оның пайымдауынша, Қазақстандағы еңбек нарығын қайта қарастырылуы мүмкін, өйткені еңбекті басқару жасанды интеллект көмегімен жүзеге асырылады. Бұл тұрғыда маңызды фактор – қызметкерлерді цифрлық құралдарды басқару және жасанды интеллект үлгілерін үйрену үшін қайта даярлау.
«Кадрларды оқытуға келетін болсақ, біз қазір «TechOrda» бағдарламасы аясында мамандарды даярлауды белсенді түрде енгізіп жатырмыз», - деді Р. Коняшкин.
Бұдан бөлек, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрілігі еңбек нарығына жасанды интеллект қаншалықты әсер етіп жатқанын түсіндірді.
«Goldman Sachs-тің жақында жүргізген зерттеуіне сәйкес, АҚШ-тағы кәсіптердің шамамен үштен екісі жасанды интеллектпен ішінара автоматтандыруға ұшырайды. Жалпы алғанда, АҚШ-тағы қазіргі жұмыс міндеттерінің 25 пайызы жасанды интеллект (ЖИ) арқылы автоматтандырылуы мүмкін, әсіресе әкімшілік (46%) және заңгерлік (44%) кәсіптерде. Ал құрылыс (6%) және жөндеу (4%) сияқты «қосалқы жұмыс» кәсіптерде - төмен деңгейде. Дамыған елдерге қарағанда дамушы елдерде жұмыс орындары автоматтандыруға азырақ ұшырайды, бірақ бүкіл әлем бойынша жұмыстың 18%-ы (300 миллион жұмыс орнына тең) ЖИ көмегімен автоматтандырылуы ықтимал. Атап айтқанда, «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ бағалауы бойынша әкімшілік саладағы қызметкерлер арасында генеративті ЖИ арқылы жұмыс міндеттерінің 45 пайызына дейіні автоматтандырылуы мүмкін, ал жұмысшы кәсіптерінің міндеттері - 2 пайызға дейін», - делінген Еңбек министрлігінің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Жалпы алғанда, Қазақстанда генеративті жасанды интеллектіні пайдалану арқылы жұмыс тапсырмаларының 13%-ы (орташа және жоғары деңгейдегі ықтималдықта) орындалуы мүмкін.
Бұл тұрғыда Халықаралық еңбек ұйымының негізгі кәсіп топтары арасында кеңселерде түрлі кеңестер мен нұсқаулар беретін қызметкерлер генеративті ЖИ әсеріне өте сезімтал екенін растап отыр. Жасанды интеллектінің еңбек нарығына әсері айтарлықтай болғанымен, жұмыс орындары мен салалардың көпшілігі автоматтандыруға ішінара ғана шалдығуы мүмкін. Сондықтан ЖИ жұмыскерлерді алмастырмай, олардың жұмысын толықтыруы ықтимал.
Генеративті ЖИ енгізудің нәтижесінде еңбек өнімділігін арттыруға әсер етеді. Жасанды интеллектіні дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған ұлттық тұжырымдамасында мынадай іс-шаралар ескерілген:
орта білім берудің оқу бағдарламасына «Жасанды интеллект негіздері» модулін қосу;
жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында ЖИ саласындағы білім беру бағдарламаларын енгізу;
мемлекеттік қызметшілерге жасанды интеллект негіздері бойынша курстарды әзірлеу және өткізу.