Жандарбек Кәкішев: Патриот болу - өз Отаныңды шын жүрекпен сүю

Тәуелсіздікті сақтау парызымыз! Ол үшін ұлттық рухты сақтап, көп жұмыстар атқару қажет. Осы төңіректе пікірін білу үшін біз мемлекет және қоғам қайраткері, экс-сенатор Жандарбек Кәкішевпен сұхбаттасқан едік.
Махат Садық: 1987 жыл. Совет Одағының Президенті Горбачевтің демократиясы партияның кадрды сапырылыстыруына тыйым салған тұс. Әр жерде баламалы сайлаулар өткізіліп, басшыларын ұжымның өзі сайлау салты кіре бастаған. Сол жылы Сіз екі жүз жұмыскері бар Атыраудағы Қорғаныс зауытына цех бастығы болып сайландыңыз. 1988 жылдың күзінде Советтік әскери салада орны ерекше зор алып Қорғаныс зауытының Бас директорлығына жүздеген жұмысшылардың өтініші бойынша сайландыңыз. Өткен уақыт биігінен қарап отырсам бүгінгі ел білетін зиялы тұлғаларымыз: Серік Қирабаев, Өмірзақ Сұлтанғазин, Жабайхан Әбділдин, Мұхтар Мағауин, Шерхан Мұртаза сынды азаматтарымыз да демократиялық жолмен сайлауға түсіп қызметтеріне келген болатын. «Орталық партия Комитеті бұл күнге шейін әркімді бір жіберіп, өктемдік жасап еді. Енді шын сайлау болса, өз қалағанымызды сайлап алайық» деген, ұжым мүшелерінің кеңесіп өз басшыларын сайлап алатын кезеңі еді ғой ол заман. Сіздің де мемлекеттік қайраткерлікке жолыңыз тек сайлау арқылы өткен екен.
 
Жандарбек Кәкішев: Е л сыйлайтын ағаларымыздың аттарын атадыңыз. Мен де сол жолдан өттім. Ұжымның ұсынысын сыйладық. Тәуекел деп іске кірістік. Қолымыздан іс келетінін халық бағалай білсе, қойған мақсатыңыз да орындалады. Өзі сайлаған басшысының абыройлы болуы ұжым үшін де маңызды. Бүкіл қызметтік жолым тек сайлау арқылы баспалдақтан - баспалдаққа көтеріліп өскендігін өз басымнан өткергендіктен толық сеніммен солай деп айта аламын. Сайлауға түсетін адамдар өз бағдарламасын ұсынады. Сол жылдардағы қайта құру кезінде мен көтерген мәселе қазір де актуалды. Кез - келген істі жаңартудың негізгі салмағы алдымен адамға, таңдалған кадрға түседі. Ал кадрларды іріктеп тәрбиелеу, әрбір адаммен тікелей жұмыс істеу, ұжымның моральдық-психологиялық жағдайын жақсарту бірінші басшының басты міндеті. Тәуелсіздік дәуірі талаптарынан туындайтын әр кезеңде алға қойған жұмыстардың сапасын көтеріп, өткеннің кемшіліктерін тізбелей бермей оның орнын жаңа идеялармен толықтырып мақсатты анықтап алға жылжу керек.
 
1990 жылы Атырау қаласындағы екі сайлау учачкесінің бірінен Жоғары Кеңестің депутаттығына сайлауға түстім. Бес адам үміткер болып тіркелді. Екінші турда облыстық партия комитеті қолдаған кандидатты ұттым. Сайлаушыларымды егер маған сенім көрсетілсе, айтылған уәделерімді, атқарар істің бәрін қала тұрғындарымен ақылдасып шешілетініне сендірдім. Жұртшылық қолдады. Менің ешқашан да артық уәде бермеймін. Тек сайлаудан өтсем, сүзгі көпірінен секірсем деп көпірте сөйлеу, көп уәде беру сияқты жайлар маған жат.
 
2002 – 2008 жылдар Атырау облысынан Сенат депутаты болдым. Жергілікті жерлерден сайланып келген мәслихат депутаттарынан мандат алдым. Жиырма жылдық нағыз елге еңбек ететін салиқалы ғұмырымдағы қызмет кезеңі сайлау арқылы анықталып отырды. Әрбір сайлаудың қорытындысында ең көп ­дауыс алған мен болып шықтым. «Шешінген судан тайынбас». Сайлау сынынан өткен адамның өз қызметіне жауапкершілігі де бірінші кезекте тұрады.
 
Махат Садық: Билікке келу дегеніміз үлкен жауапкершілікті мойынға алу. Қазіргі кезде депутаттарға жұртшылық тарапынан сын айту тым көбейіп кетті. Миллиондап жалақы алады. Ештеңе жасамайды. Заңды да дұрыстап қабылдамайды. Дайын келген құжаттарға ұйқылы – ояу қол көтеруді ғана біледі дейді. Сенатор деген лауазымда, бұрынғы деген термин қолданылмайды. Сұрайын дегенім: «Сенатор Жандарбек Кәкішев өзіне аманат артқан сайлаушыларының қандай ұсыныс – тілектерін жүзеге асырды?
 
Жандарбек Кәкішев: Мені Атыраулық азаматтар Парламентке депутат етіп сайлады. Кеше де, бүгін де менің арым таза екендігін айта аламын. Кейде ойлаймын, жасаған игілікті ісіңді жұртқа жария етіп, айта жүру мақтаншақтық емес. Сенің ел қамын күйттеген аз – маз шаруаңды өзгелер иемденіп, «менменсігені» күдіреді екен. Өмір сүрген соң естиміз, көреміз. Көлденің көк аттылар сенің күн мен түн ойға алып, атқарған абыройлы ісіңді өзімдікі деп иеленіп кетуден таңбайды. Заман тозды ма, әлде адам азды ма кім білсін?
 
Атырау жері кен байлықтарына ерекше бай. Баяғыда ата – бабаларымыз айдалада жатып жанатын май деп мұнайдың игілігін ептеп пайдаланған. Ол кезде елге де, жерге де ие емес едік. Тәуелсіздік алған соң жер байлығының қазынасының құдіреті қазақ ұлтында бұрын – сонды болмаған алпауыт байларды шығарды. Осы тұста айтайын дегенім көпті көріп, көңілге түйгенім қасиетті жерімізден өткен байлық жоқ. Ежелден белгілі ақиқат бар. Ол жер болса ғана ел болады. Ал ел іші қайнап - тасып болғанда өзінің адал ерлерін шығарады. Біздің билікте, өзім арасында болған Парламентте, сенаторлар арасында ертеңді ойлаған адал азаматтар аз болмады. Және олар өмір көрген. Білім мен парасаты жеткілікті тұлғалар. Жер тағдыры дегеніміз ол еліміздің ертеңгі тағдыры дегенді біз жан – жақты жіті түсіндік.
 
Бүгінде Қазақстан Республикасы пайдалы қазбалар бойынша табиғи потенциалы дүниежүзіндегі өте бай мемлекеттердің бірі. Жер қойнауы мемлекеттің халық шаруашылығы қажеттіліктерін қанағаттандыруға, экономикасы мен әл-ауқатын арттыруға арналған табиғи ортаның бір бөлігі болып есептеледі. Қазіргі таңда дүниежүзі мемлекеттері жер қойнауындағы пайдалы қазбалар мен минералдық шикізатқа тәуелділіктері артпаса кеміген жоқ. Өйткені мемлекеттік кірістің 100% табиғи ресурстардан қалыптасатын болса, онда оның 70% жер қойнауын, 30% жер, орман, суды және өзге де табиғи ресурстарды пайдаланудан қалыптасады деуге болады. Бұл ғылыми дәл есептелген сараптама.
Сенатор болып жүрген кезімде «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының заңына толықтырулар мен өзгерістер енгіздік. Сол уақытта үлкен текетірес болды. Алғашқы кезеңде нарықтық қатынастарды жеделдету және шетел инвесторларын елге тарту үшін кен орындарын коммерциялық негізде саудаулауға Заң рұқсат берген. Міне сол бапты өзгертуге белсене кірістім. Қолдаған әріптестерім де аз болмады.
 
Біз сенаторлар кен орындары сатылатын жағдайда, алдымен оны сатып алу хұқығына Қазақстан Үкіметі ие болуы қажет деген бапты енгіздік. Өзекті өртейтін өкінішті айтайын. Елдік мүддені көздеген осы ниетімізге сол кен орындарына ертеректе пысықтық жолмен иелік еткен өз ағайындарымыз келіспейміз деп өре түрегелді. Шетелдік бизнес және хұқық институттарынан заңгерлер жалдап әжептәуір қарсылық жасады. Заңды қабылдауға солардың лоббиі ерекше қарсы келіп, халықаралық нормативтердің талаптарын тықпалаумен болды. Депутаттарды сатып алуға ұмтылыс да жасады. Бірақ көпті көрген, талай соқпақтан өткен сарабдал да салиқалы сенаторлар мемлекттік мүддені көздеді. Айтқанымызда тұрдық. Кен орындары сатылса, алдымен оны алу хұқығы өз Үкіметімізде қалды.
 
Біз Үкіметті қолдадық. Үкіметіміз де сенаторлардың халыққа қажеті бар деп дәлелдеп айтқан уәжімізге құлақ асып тұрды. Сол сенаторлықта жүргенімде елді – мекендерге газ тарту ісін мемлекеттік бағдарламаға енгізілуін жүзеге асырдым. Бұрын мемлекеттік бюджет тарапынан тұрғындардың қажеттілігін қанағаттандыруға газ тарту деген атымен жоқ болатын. Бір дегеннен 2006 жылы 12 миллард теңгені Атырау облысындағы ауыл – аймақтардағы тұрғындардың үйлерін газбен қамтамасыз етуге бөлінді. Сосын бұл халықтың әл – ауқатын арттыруға арналған арнайы әлеуметтік бағдарлама танылды. Елге керек тұрмыстық қажеттілік танылып, бюджеттен тұрақты көрсеткіш кестесіне енді. Солайша сан жылдар текке лаулап жанып, ауаны ластап, экологияға залал келтірген газды ауыздықтап әр шаңырақтың ауласына кіргізіп бердік. Содан бері батыс өңірі толықтай газбен қамтамасыз етілді. Бұл енді біреулер «аңыздай аңыратып» айтатын әлдебір әкімнің ерлігі емес. Бұл мемлекеттік саясат. Республикалық бюджеттің күшімен елді – газбен, яғни мәдениетті сөзбен сипаттасақ көгілдір отынмен қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік бағдарлама. Егер де сол бюджеттен бөлінген зор қаражатты көлдеңен көк аттылар ұрламағанда әр үй от жақпай, европадағыдай сұйық отын газдың қызығын көріп отырар еді. Сенатор болып жүргенімдегі жасаған тағы бір депутатық міндетімді айта кетейін. Міне сол мезгілдегі газ тарту кезінде Атырау қаласында заман талабына сай көпір салыну қажеттілігін Парламентте көтердім.
 
Сенатор әріптестерім бұл ұсынысымды да қолдады. Азия мен Европаны жалғайтын Жайық өзенінде бірнеше мықты көпірлердің салыну тарихы осындай. Міне осы мысалдар халықтың талабына құлақ асу, елдің демократиялық билікке бастау салу жолы. Соның қарапайым ғана мысалы. Жалпы демократия дегеніміз ол ең алымен қатаң тәртіпті қалайды. Жауапкершілікті өзіңнен бастасан ғана басқалар айтқанына көнеді, дегеніңмен жүреді. Сонымен қатар демократия ортаңды, өмір сүріп отырған қоғамыңды сыйлау. Ашық қоғам демократиясыз алға жылжымайтыны да белгілі. Бұл тұста мен әрбір ел, әрбәр халық өзінің өмірлік мұраттарына сай демократия жолын таңдай алатындығын да айтуым парыз. Өйткені бұл әлемде демокраия үлгілері де, оған баратын жолда көп. Демократия керек деп, Батыстың үлгісін көшіре салу біздің ділімізге келмеуі мүмкін. Адам санасын құлдық психологиядан азат ету, жаны мен жүрегіне еркіндік рухын дарыту алдымызда тұрған күрделі міндеттердің бастысы.
 
Махат Садық: Жандарбек аға, биыл Совет әскерінің Ауған жерінен шыққанына 30 жыл. Сіз 1984-1985 жылдары Совет елі атынан Ауғанстандағы жергілікті билікке кеңесшілік қызметтер атқардыңыз. Халықаралық кеңесшілер арасында есімі танымал тұлғасыз. Сіздің алыс – жақын елдерде өтіп жатқан түрлі жиындарда, Нью-Йорктағы БҰҰ-да өткен кездесулерде ауған саясаткерлерімен үнемі жақын жүретініңізден хабардармыз. Бір сұхбатыңызда ауғандық көсемдердің біздің Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевті қатты сыйлап, жоғары бағалайтынын айтып едіңіз.
 
Жандарбек Кәкішев: Жалпы Ауғанстан мен ауған мәселесіне кешегі Советтік кезеңнің көзқарасымен емес, жаңаша тәуелсіз ел ретінде қарайтын уақыт жетті. Коммунисттік идеологиямен тәрбиеленген адамдар үшін оғаш болса да Ауғанстанның өзалды үлкен ел екенін мойындайтын, өзара байланысты күшейтіп, сенімді де пайдалы барыс-келісті дамыту кезек күттірмейтін мәселе.
Қазақстанда өтіп жататын халықаралық жиындарға Ауған елінің басшыларының тұрақты түрде шақырылып, сөз беріліп, абыройларын көтеріп отыру қалыптасты. Содан да ауғандықтар қазақ елі мен Елбасы Н. Назарбаевқа үлкен құрметпен қарайды. Әлбетте өз елдеріне тұрақтылық пен бейбітшілік орнауына Қазақстан тарапынан атқарылып отырған игілікті істерге құрмет білдіреді. Осы ізгі ісімізге тағы да басымдылық беріле түссе деп ойлаймын. Қазір ауған соғысына қатысқан отыз жеті мың Қазақстан азаматы бар. Оларға мемлекет тарапынан әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылған. Біздер Заң бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген құқыққа иеміз. Бүгінде екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ардагерлерден мыңға жуық қана азамат қалды. Ендігі тұста ауған соғысына қатысқандарды да Заң бойынша осындай ардагер деген мәртебемен ұлықтаса деген өтінішіміз бар. Парламентке сауал жолдадық. Қазір депутаттарымыз соны қарастыру үстінде.
 
Ауғанстан қазақтарға жат емес.
 
Бір қарағанда тіке шегара болмағанмен Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан арқылы баруға болады. Большевик коммунистердің қысымы мен қудалауына түскен мыңдаған қазақ сонда барып паналағынын білеміз. Бүгінгі ауғандағы қазақтар солардың ұрпақтары. Ендігі кезекте ұзақ уақыт бойы өзара соғыстан шаршаған ауған халқына Қазақстан үнемі түрлі көмек көрсетіп келеді. Мамандарды тәрбиелеп беріп жатқанымыз да сол жақындықтың айғағы. Сириямен салыстырғанда елімізге жақын әрі әсері де мол.
 
Ауғандар Қазақ халқын да жақсы ілтипатпен жылы қабылдайды. Совет әскері Өзбекстан мен Тәжікстан арқылы кіргендіктен қарапайым ауған халқының бұл елдерге әлі де күмәнмен қарайтыны рас.
 
Ауғанстанда болып көзбен көргенімді баяндап берейін. Тарихтағы Жібек жолының өтінде болған Ауғанстанда сауда мен шағын бизнес қалыпты өмір салтына енген. Біздің қазіргі айтып жүрген нарықтық экономикамыз оларда бұрыннан бар екенін сол жерде кеңесшілікте жүргенде ғана түсіндік. Мысалы, қандай соғыс болып жатса да оларда ең қажетті тұрмыстық бұйымдар: қант, нан, тұз, ет секілді азық-түлік бағасы тұрақты әр тұрғынға қол жетімді болып қала береді. Мәселен, сол соғыстың қызған кезінде Алақадри деген аудан орталығы ШринТагоб қаласынан жиырма тоғыз түрлі өнім экспортқа тұрақты шығарылған және соғыс жағдайы деген сылтаумен тоқтатылмағана куә болғам.
 
Ауғандағы елді - мекендер этникалық құрамдарына қарай бөлек-бөлек орналасқан. Әр ұлт өз тілдерінде білім алады. Өз дәстүрін сақтайды.
 
Әр ауылда бұрыннан келе жатқан ақсүйек отбасылар бар. Олар ақсақалдардың келісімімен, өзара кезектесіп билік жүргізеді. Шамаларынша өз орындарын сақтап қалуға мүдделі. Сол отбасылардан сайланған депутаттар Кабулға аттанады. Егер бұл отбасында белгілі бір жағдайға байланысты қоғам әшкерелейтін, тайпаның ар –ожданына ұятты таңба түсіретін іс болып қалса, онда ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан билік жүргізу мәртебесінен де, ел алдындағы абыройлы құрметтен де жұрдай болып айырылады.
 
Махат Садық: Жалпы біз, Ауғанстанды әйгілі соғыстағы коммунистік идеологияның насихатымен қабылдадық. «Душмандар» деген термин миымызға әбден сіңді. Қазір Америка мен Европалық режиссерлердің ауған жазушыларының шығармалары желісімен түсірілген киноларын көріп, өзіміз секілді бейбіт өмірді қалаған қарапайым адамдардың өмірі, геосаясаттың құрбанына айналғанын көреміз. Жігіт ағасы жасында қызмет парызымен көзбен көргеніңізді, ақсақал жасына келгенде содан түйген ойларыңызды айта отырсаңыз. Қалай болғанда да ауған тақырыбы қазаққа жат емес. Жақсысынан үйреніп дегендей…
 
Жандарбек Кәкішев: Ауғанстанда ақсақал мен анаға деген құрмет ерекше. Ауылдағы тындаған барлық дау-шар, өлім-жітім, той-томалаққа қатысты шешімдерді тек ақсақалдар қабылдайды.
Ал жастардың тәрбиесі сол ата-әжелердің қатаң да мықты өнегесіне қарай қалыптасқан. Көшпелі халықтың «уәде – Құдай сөзі» деген түсінігі темірдей тәртіп болып санаға сіңген. Өтірік айту оларда жоқ.
Ауған халқында жөнсіз жерде такаппарлану, сабырсыздық, әсіре мақтаншақтық сынды санаға жат нәрселер «тумасынан ауру дарыған» деп саналады. Егерде біліп тұрып, қара бастың қамын күйттеп бір келеңсіз іс істеп қойсаңыз, тәрбиесіздік көрсетсеңіз – елдің сенімінен айырыласыз, абыройыңыз айрандай төгіледі. Тіптен ұрпақтарыңызға да кесіріңіз тиеді. Сол үшін әр отбасы, әр адам барынша саналы да тәртіпті, тәрбиелі болуға тырысады. Міне, бұл берік қоғамдық дәстүр. Жұрт мақтайтын жауапкершілік жүгінің салт – дәстүрмен бойға сіңіп қалыптастырған ауған елінің қағидасы. Ауғанстанда біздегідей классикалық білім беру жүйесі мүлдем жоқ. Әр адам өз шамасына, деңгейіне және өмір сүрген ортасының қажетіне қарай икемді де қажетті білімді алады. Талаптылар мен аса таланттарға жақсы білім алуға, шетелде оқуға да мүмкіндіктері қарастырылған.
 
Ер балалар мен қыздар бөлек оқытылады. Олар үшін диплом маңызды емес. «Оқыған білмейді, тоқыған біледі» деген тәртіпке бағынған. Әр отбасыдан алғашқы 1-2 бала оқиды. Солар қалған іні-қарындастарын оқуына жауапты.
Жасы асып тұрмысқа уақытында шықпай отырып қалған қыздар көбіне екінші әйелдікке беріледі. Ал жесірлерді қамқорлыққа алу үшін, жағдайы бар адамдар үшінші әйелдікке алады.
Ауған әйелдері негізінен тек үш бала ғана тууға ниетті. Себебін білгенімде әйел организмі үш баладан кейін тозады, кейінгілері қабілетті мен денсаулық жағынан дамуы кемшін болады дегенді естідім. Бұл енді оларда кеңінен тараған тағлым.
Ауған жастарының патриоттық тәрбиесі мен әскери дайындығы бізден кем түспейтін. Мына «Талибан» деген топты американдықтар қолдан жасады. Соғыста қаза тапқан кісілердің ұрпақтарын жиып, «қанға –қан, жанға - жан» қағидасын бұлжытпай насихат жүргізіп тәрбиеледі. Сол топ ақыры үлкен қырғынды салды. Өшпенділікке үйренгендер үшін дүниенің ақ пен қарасы бірдей болатындығын осы тәжірибеден көз жеткізесіз. Советтік идеология да осы бағытта жұмыс жүргізді. Шымкент, Жамбыл және Волгаград айналасына коммунист ауғандардың ұл – қыздарын лагерьге жинап, жалынды жауынгерлер даярламақ амалын жасады. Бірақ біздегі қалыптасқан жемқорлық жүйеде оны орындау қиын еді. Ақыры сол лагерлердегі ауған балалары өз бетімен кетті. Олардың тағдырына ешкім жауап бермеді.
 
СССР әскері Ауғанстанан шығарылған күннен бастап дұшмандар, талибандар біздің қорғауымызда болған елді мекендерді жаппай жаулап, ойларына келгенін жасады. Советтік билікті жақтаған, Мәскеу саясатына қызмет істеген, жергілікті биліктің құрамында болған, әскерге барған барлық адамдар атылды. Жаппай жазалау мен қанды қырғыннан, қудалаудан тек бас сауғалап, қашып құтылды. Олар мемлекеттің, ұлттың жауы ретінде табаланды.
Ал Совет Одағының билігі Ауғаннан қашып келгендерге босқын мәртебесін беруден аса алмады. Қазір де сол кезде қашып барған ауған азаматтары Ресейде, Орта Азия елдерінде көптеп кездеседі.
 
Ауғанды көріп түйген өз ойым, бұл өмірде ешнәрсе із-түзсіз кетпейді. Бәрінің бағасы бар. Сыбағасы дайын тұрады. Түптің түбінде адамның тағдыры ғана емес, халықтың та тағдыры қыл үстінде тұратынын ауған тәжірибесі көрсетті. Ол елдің сабақтары бізге де сын тезі болуы керек. Бағзы заманда бабаларымыз бал – бал тастарға ойып, қашап жазып кеткендей, өз Отаның, бұл дүниедегі қорғаның мен тірегің болмаса – тағдырың тамырсыз, тұрлаусыз қаңбақ сияқты.
 
Махат Садық: «Ерлік ешқашан ұмытылмайды». «Нұр Отан» партиясы екінші дүниежүзілік соғыстң майдан даласында асқан ерлікпен қаза тауып, «Батыр» атағына ұсынылған атыраулық Жәміл Жұмашевтің ұрпақтарына құрмет көрсетті. Партия белсенділері майдангердің отбасын Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтай барып, осындай сүйінші хабарды жеткізді. Бірнеше жыл бұрын осы мәліметті республикамыздағы барлық бұқаралық ақпарат құралдары жариялады. Сізден сұхбат алды. Кеңірек осы туралы айтып берсеңіз?
 
Жандарбек Кәкішев: Тегіміз әртүрлі жазылды. Бұл құғындау жылдарының қалдырған белгісі. Аталарымыз мұнайды алғаш игерген бай қазақтардың қатарында болған. Большевиктер келіп, европалық ағайынды Нобельдердің мұнай өңдеу орындарын конфискация жасаған кезінде, солармен іскерлік қатынас орнатқан аталарымыздың тағыры қыл үстінде болған. Қайта-қайта тоқтамай көшіп, аты –жөндерін ауыстырып аман қалған. Кейбіреулері Кәкішов, тіптен басқа тек алған үлкен шаңырақ Жұмашевтар отбасынан 11 азамат соғысқа аттанып, оның бесеуі ұрыс даласынан оралмаған. Солардың бірі Жәміл Жұмашев хабарсыз кетіп, кейін Берлин түбінде жерленгені белгілі болды. Жылдар бойы аталарымыз туралы дерек іздеген ұрпақтары оның Берлинді алудағы қаһармандығы үшін Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылғаны туралы армия штабының бұйрығын тапты. Алайда ержүрек жауынгер оны білместен, қиянкескі ұрыста қаза тапқан. Қарт шешеміз біз бала күнімізде ғой, көкелеріміздің армиядан жазған хаттарын өлең қылып айтып, бесік тербететін, жылап жоқтау айтатын. Содан ол кісі дүние салғанда, маған тапсырып аманаттап кеткен. Қаралы қағаз келіп хабар – ошарсыз кеткен екеуі де табылды. Жәміл көкеміз Берлинде жерленген екен. Берлин қаласының шебін бұзып, соғыстың соңғы күндері гитлерлік фашизм ордасын басып алу кезінде жасаған теңдессіз ерлігі үшін «Совет Одағы Батыры» атағына ұсынылғандығы туралы материал қазір қолымызда.
 
Үлкен шаңырақтың тағдыры туралы айта берсем ол бір ұзақ хикая. Тіптен бергі саяси құғын –сүргін тоқтады деген 1960 - 70 жылдары да қу сөз, қауесет шағымдардың зардабын әке – шешем бастан өткерді. Үйлерінде шетелдік асыл заттар бар деп айыптады. Анам Парижде жасалған, сол Нобельдіктерден сыйға қалған «Клавесин» аспапында тамаша әуендерді бізге ойнап бергені әлі есімде. Асты үсті шойын, аяқпен киім тігетін «Зингер» тігін машинкасы да болды. Соның бәрін біліп, көріп өстік. Ата – бабаларымыздың мықты болғанына осы жайлар дәлел.
 
Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» жалпыұлттық бағдарлама­лық мақаласының жалғасы ретінде жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы қыр үстінде көк сүңгісін көлденең ұстап, атамекенді қанаттының қа­ғуынан, тұмсықтының шоқуынан қорғап өткен ата­-бабаларымыздың көп ғасырлық мұрасының жаңғы­руына мүмкіндік береді деп есептеуге толық негіз бар. Жеті санының қазақ халқы үшін үлкен символикалық мәні бар екені ежелден белгілі. Жердің өл­шеуіші, аспанның тіреуі, тастың тамыры, тасбақаның талағы, жара­тушының туысы, аққудың сүті мен жылқының өті жоқтығын жаттап өскен бізге жеті саны өз филосо­фиялық негізін кейін келе жеті жұт, жеті ата, жеті қат көк, жеті шәріп, жеті амал, жеті қазына, жеті күнімен толықтыра түсті.
 
Мұның барлығы да – өскелең қазақ ұрпағының бо­йынан табылуға тиіс ұлы құндылық­тардың бір парасы. Бұл тізімді әл­бетте мұнан әрмен толықтыруға болады. Өткенге құрмет, тамы­рыңды тану, түптеп келгенде рухани қазына ұлттық мақсат – мұраттардың биік белгісі.
 
Махат Садық: Әңгімеңізге рахмет

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT