Мемлекет басшысының тапсырмасымен ауылдық өңірлердегі инфрақұрылымды дамыту мәселесі бүгінде Махамбет ауданында қарқынды жүзеге асып келеді. Соның бір айқын көрінісі күні кеше аудан орталығының маңынан ашылған PROMGAZ BP ЖШС-нің автогаз және жанар-жағармай құю бекеті болды.
Жаңа нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Қ.Нұрлыбаев арнайы қатысып, халық игілігіне жұмыс жасайтын бекеттің пайдалануға берілуімен құттықтады.
– Бүгін міне, ауданымызда тұрғындарға тиімді, сапалы қызмет көрсететін инфрақұрылымдық әлеуметтік нысан ашылғалы отыр. Оның ашылуы ең алдымен халық үшін қолайлы болмақ. «Промгаз» мекемесі – осы салада 2017 жылдан бері келе жатқан белгілі компания. Бұған дейін де басқа аудандарда бой көтерген бұндай жанармай бекеті соңғы технологиялық талаптарға сай салынып отыр. Бүгінде 25 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтып отырған кешен толықтай пайдалануға берілген соң 50 жұмыс орнымен қамтуды жоспарлап отыр. Компания тарапынан аймақтағы жұмыссыздықты азайтуға қосылған үлкен үлес деп білеміз. Кәсіп иелеріне толағай табыстар тілейміз,-деді аудан басшысы Қ.Нұрлыбаев өз сөзінде.
Ашылу салтанатына жиналған тұрғындарға алғысын білдірген PROMGAZ BP ЖШС компаниясының директоры Аян Еділұлыда Атырау облысы бойынша ашылып жатқан жанар-жағармай бекетінің он бірінші нысаны Махамбет ауданында екенін атап өтті. Сонымен қатар осы жобаға қолдау білдірген аудан басшылығына және компания қызметкерлеріне алғысын білдірді. Осындай айтулы күні барша махамбеттіктердің атынан ақын Амангелді Есенғалиев жырдан шашу шашты. Компания басшылығы да ардагердің иығына шапан жапты.
Атап өткеніміздей, елу адамды жұмыспен қамтитын кешеннің аумағында 14 орындық қонақ үй мен кең, заманауи үлгідегі асхана да ашылып отыр. Барлығы да толықтай жабдықталып, пайдалануға дайын. Әсіресе жолаушылардың тынығып, демалуына барлық жағдай жасалған. Салтанатты шараның құрметіне орай жиналған көпшілікке компания атынан дастархан жайылып, дәм таратылды.
А.САТАЕВА