Жанға жайлы жағажай аудан халқы үшін арман болып қала бере ме?

Елімізде жаздың аптап ыстығына шыдай алмай өзен суына шомылуды жөн көрген адамдардың, оның ішінде балалардың суға кету оқиғасы жиілеп барады.

Өзіміздің жанға жайлы Жайықтың өзі талай жасты қыршынынан қиып, тұңғиығына тартып әкетуде. Жыл сайын суға батқан балалардың қайғысы, бүкіл аудан халқының қабырғасын қайыстырып, ата-ана, бауырларының жандарына жара салуда. Бұған кім кінәлі? Ауданнан бір арнайы жағажай ашуды әлі күнге қолға алмай келе жатқан жергілікті билік пе? Әлде баласын қараусыз қалдырған ата-ана ма? Немесе, төтенше жағдайлар қызметінің қауіпсіздікті өз деңгейінде қамтамасыз ете алмағандығынан ба?

Үш жылда 9 бала суға кеткен

Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің мәліметіне сүйенсек, соңғы үш жылда аудан бойынша 11 адамның суға кету дерегі тіркелген. Оның ішінде 9-ы балалар. Екеуі ересек адам. 2017 жылы 2-16 жас аралығындағы 3 бала, 2018 жылы 7-15 жас аралығындағы 4 бала, 2019 жылы 14-15 жас аралығындағы 2 бала тілсіз жаудың құрбаны болған.

Төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Бағдат Абдуллиннің айтуынша, суға кетудің бірден-бір себебі, балалардың ата-аналарының қарауынсыз және бақылауынсыз қалуынан болған. -Біздің тарапымыздан жыл сайын Жайық өзенінің жағалауында орналасқан тұрғын үйлерге қауіпсіздік шаралары туралы ескертпе-жадынама бетшелері таратылып,қосымша түсінік жұмыстары жүргізіліп отырады. Бұған қоса аудандық жергілікті полиция қызметімен бірлесіп, өзен аумағында және демалыс орындарында апта сайын рейдке шығамыз. Рейдтік шаралар суға түсу маусымы аяқталғанша жалғасын табады, – дейді Б.Абдуллин.

Аудандық білім беру бөлімінің қамқоршылық және қорғаншылық бойынша мамандарының айтуынша, Махамбет аудандық білім бөлімі де балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында суға түсу маусымы басталған уақытта ата-аналармен түсінік жұмыстарын жүргізіп, ауылішілік ғимараттардың (әкімшілік, мектеп, балабақша немесе дүкен т.б) қабырғаларына ескерту парақшаларын ілу жұмыстарымен жылма-жыл айналысып отырады.

Балаларым үшін алаңдаймын

-Жаздың аптап ыстығы басталысымен балалар Жайық жаққа қарап елеңдеп тұрады. Ата-аналардың көпшілігі таңертеңнен кешке дейін жұмыста жүретіні жасырын емес. Өзіміз де қызметке таңертең кетіп кешке келеміз. Менің балаларым да «достарыммен бірге суға шомылуға барайыншы» деп қиылып сұрайды. Оларға ауданда арнайы суға шомылатын орынның жоқтығын, аумақтағы өзеннің тұсының барлығы теріс ағын екенін, сондықтан суға шомылған жағдайда суға батып кету қаупі мол екенін түсіндіріп айтамын. Бірақ, жаз бойы жұмыста емін-еркін отыра алмаймын. Баланың аты бала. Ата-ананың ақылынан, қызығушылығы басым түсіп, өзге балаларға ілесіп кетуі әбден мүмкін ғой. Онсызда жыл сайын суға түсемін деп о дүниелік болып жатқан балалардың тағдырын естіп жанымыз ауырады. Осындайда жергілікті билік ауданнан неге арнайы жағажай ашуға жұмыстанбайды екен деген ой келеді. Жағажай болса балалар сол жерге барып шомылар еді. Ол жерде шектеу белгісі қойылатындықтан, әрі құтқарушылар қызметі болатындықтан біз де алаңдамас едік. Ыстықтан жалыққан ересектер де, балалар да судың рахатын сезініп бір жасап қалар еді. Суда жүзудің денсаулыққа да пайдасы мол болар еді, - дейді ауыл тұрғыны Света апай.

Жағажай ашу жоспарда бар, бірақ...

Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Жексенбай Пазуловтың айтуынша, Сарытоғай ауылының тұсындағы қайраңнан жағажай ашу жоспарда бар көрінеді. Сенімгерлік басқаруға аламын деп құлшынып тұрған кәсіпкерлер де табылып тұрған жайы бар. Тек ол үшін алдымен Махамбет ауылдық округі әкімдігі ол жерді аукционға шығаруы керек екен. Содан кейін мәселе өз-өзінен шешімін таппақ.

Ал, ауылдық округ әкімі Басерат Мыңбаев Сарытоғай ауылының тұсында екі қауіпсіз қайраң жер барлығын, адамдар сол жерлерге өздері барып шомылып жүргенін алға тартты. Ауылдық округ тарапынан тіпті қоқыс салатын контейнер де қойылыпты.

Адамдар өздері барып шомылып жүр деген сөз, ол жердің жабайы жағажайға айналып отырғанын көрсетеді. Демек, ол жердегі судың асты сүңгуірлер арқылы тексерілмеген, балаларға арналған қызыл баллон қойылмаған және құтқарушылар қызметімен қамтамасыз етілмегені де анық. Бір сөзбен айтқанда, аты бар да заты жоқ жағажайлар. Ауыл әкімі, біздің «сол жерлерді арнайы жағажайға айналдыруға болмай ма?» деген сауалымыздан кейін бұл мәселені қолға алуға уәдесін берді. Уәденің қаншалықты орындалатыны уақыт еншісінде.

Мамандардың мәлімдеуінше, біріншіден, Махамбет ауылының тұсында суға шомылуға ыңғайлы, қауіпсіз қайраң мүлдем жоқ көрінеді. Екіншіден, ауданда бұған дейін қызмет атқарған Батыс өңірлік аэроұтқыр жедел судан құтқару жасағы, қысқартуға байланысты өз жұмысын тоқтатып отырған жайы бар. Ендігі жерде жаман айтпай жақсы жоқ суға кету оқиғасы орын алған жағдайда құтқару жасағы Атырау қаласынан келеді. Сондықтан ата-аналар балаларына осы мәліметті жете түсіндіре білуі керек. Әрине, ажал айтып келмейді, барлығы бір Алланың қолында екені анық нәрсе. Дегенмен сақтықта қорлық жоқ екенін естен шығармасақ екен.

Баян Сүйеуова

Сурет:дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT