Атырау полицейлері ізін суытпай жалғызбасты зейнеткерді тонап кеткен қылмыскерді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
– Түн ішінде пәтеріме баса-көктеп, осы үйде тұратын көршім кіріп келіп, қылғындырып, ақша, банкомат карточкамды, телефонымды талап етті. Өзі жұмыс жасамайды, ішімдік ішкенді жақсы көретін жігіт. Өміріме төнген қауіптен қорыққанымнан ұялы телефонымды, банкомат карточкамды беріп құтылдым, – дейді Авангард 2-ықшам ауданындағы көп қабатты үйлердің бірінің тұрғыны 67 жастағы зейнеткер.
Есін жиып, өз-өзіне келген соң қария көршілеріне барып, полицияға қоңырау шалады. Тәртіп сақшылары жәбірленушіден тонаушының түр келбеті мен үстіне киген киімдерін сұрастырып, біліп жан-жақты іздестіру жұмыстарын жүргізді. Ұзамай, күдіктінің жүрген жері анықталып, жедел-іздестіру шараларымен 29 жастағы азамат ұсталды. Одан айғақ заттар алынып, зейнеткерге қайтарылды.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
Сурет:дереккөз